$ 444.22  476.38  4.82

Ұлы дала елi — «оңтүстiкте тiл үйрену оңай» әскери қызметшiлер осылай дедi

Ел тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығын iргелi iстермен қарсы алғалы отырмыз. Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебеге ие болғанына ширек ғасырдан асты. Осы уақыт аралығында оның аясы кеңiп, мемлекеттiк тiлдi меңгергендер қатары көбейдi. Қоғам тiл шұбарлығынан арылып келедi.

Мемлекеттiк тiлдi бiлу — өмiр талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттiлiгi.  Олай болса, әрбiр қазақстандық тiлдi өмiрдiң барлық саласында қолданып, оның аясын кеңейту жолында азаматтық танытулары тиiс.

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев: «Тiл бар жерде халық бар. Тiл бар жерде оның мәдениетi бар. Тiл жоқ болса, оның бәрi жойылады» деп тәуелсiздiк жылдарында Қазақстанда бiрде-бiр этностың туған тiлi жойылмай, керiсiнше дамып, өркендеп келгенiн еске салып, «ендi жүздеген этностың бiр ұлтқа айналуы үшiн оны бiрiктiрушi материал керек. Бүгiнде ұлттың басын бiрiктiретiн, бекiтетiн фактор — қазақ тiлi, мемлекеттiң тiлi» болуы тиiс екенiн нақты айтты. Сондықтан да бiздегi барлық ұлт өкiлдерiнiң тiлi сақталған. Елiмiзде тұратын барлық ұлт өкiлдерiнiң ана тiлiнде еркiн сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай жасалып отыр.

Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауы мен Тiлдердi қолдану және дамытудың 2011—2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасында мақсатты индикаторларға қол жеткiзу жоспарланған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң  «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011—2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының орындалуы бойынша тапсырмасында «Қазтест» жүйесi арқылы анықталған мемлекеттiк тiлдi В1 және С1 деңгейiнде бiлетiн мемлекеттiк қызметшiлер мен мемлекеттiк қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлерiнiң үлесiн арттыру көзделген. Осы жұмыстарды тұрақты жүргiзу үшiн Шымкент қаласы әкiмдiгiнiң «Тiлдердi оқыту орталығы» облыс орталығындағы мемлекеттiк органдар, бюджеттiк мекемелер мен кәсiпорын қызметкерлерi арасында «Қазтест» жүйесi бойынша ақысыз байқау сынағын өткiзуде. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланның №6506 әскери бөлiмiнiң 268 қызметкерi диагностикалық тестiлеуден өттi. Нәтижесiнде қарапайым деңгей (А1) — 51, базалық деңгей (А2)--117, орта деңгей (В1)—88, ортадан жоғары деңгей (В2)—12, жоғары деңгей (С1) болды.

Аталған мiндеттердi орындау мақсатында және №6506 әскери бөлiмiнiң басшысы Ж.Кұлбаевтың қазақ тiлiн  оқытуды ұйымдастыру жөнiндегi сұраныс хатының негiзiнде бөлiм қызметкерлерi «Қазтест» жүйесi бойынша  қарапайым деңгей (А1), орта деңгей (В1) бойынша оқыту курстарынан өтуде. Оқыту курстары үшiн мекемеде арнайы кабинет, маркерлi тақта, тағы басқа жабдықтар қарастырылғандықтан оқытушылардың өздерi  келiп  дәрiс беруде. Кадр бөлiмiнiң қызметкерлерi М.Зауэр, И.Бессонова, О.Көпеева, Н.Ильиных және басқалар қазақ тiлiн оқыту курсынан өтуде. Олар күнделiктi қызмет барысында iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзедi. Тiл қарым-қатынас құралы болғандықтан кадр бөлiмiне келетiн қызметшiлермен де қазақ тiлiнде сөйлесудi мақсат етiп отыр.

Мемлекет тарапынан қазақ тiлiн үйренемiн деген азаматтарға барлық жағдай жасалған. Тiлдердi оқыту орталықтары жұмыстарын жүйелi  жүргiзуде. Қажеттi оқу-әдiстемелiк құралдар шығарылып жатыр. Осы орайда бiз орыстiлдi азаматтардың мемлекеттiк тiлдi нелiктен баяу игерiп жатқандығы тұрғысында өз пiкiрлерiн бiлуге тырыстық. Бөлiмдi басқарып отырған капитан Максим Зауэрдiң ұлты немiс болса да мемлекеттiк тiлдi меңгеруге деген құлшынысы басым. Ол «Қазақстан – менiң Отаным! Қазақ тiлi – менiң де тiлiм!» — деп санайды. Елiмiздiң Тiл туралы заңында «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының мiндетi» делiнген. Ал, Ата Заңымызда «Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi» деп көрсетiлген. Сондықтан алдымызға айқын мақсат, нақты мiндет қойылып отыр. Демек, қазақ тiлiн бiлудi өзiмнiң азаматтық парызым деп бiлемiн» дейдi Максим. Оның қазақ тiлiне қызығушылығы бала кезiнен пайда болған. Қазақтың жан-дүниесiн ұғынып, тереңiне бойлау үшiн алдымен тiлiн меңгеру керек дейдi. Оның туған жерi — Көкшетау өңiрi. Қызмет бабында әскерилер елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде еңбек ететiндiктен әр аймақтың жергiлiктi ерекшелiгi болады. Ол Маңғыстау, Оңтүстiк Қазақстан облыстарында әскери қызметте жүрiп қазақ тiлiн үйрене бастапты. Дегенмен, қазақ тiлiн оқыту курсында оқып, өз елiнiң мемлекеттiк тiлiн  жетiк деңгейде меңгергiсi келедi. Отбасында екi ұл тәрбиелеп отырған әке балаларының санасына да осыны сiңiрiп отыр. «Өйткенi, бала елiмiздiң болашағы» деп қорытындылады өз ойын Максим.

Ал, аталған әскери бөлiмнiң  техник маманы, орта деңгей (В1) бойынша оқыту  курсының тыңдаушысы, сержант Н.Шагеев  қазақ тiлiнде жақсы сөйлейдi. Николайдың зайыбы да, балалары да қазақ тiлiн меңгерген. Оның зайыбы  қазақтың ұлттық тағамдарын дәмдi етiп дайындайды. Көршiлерi қазақ болған соң олардың ұлттық салт-дәстүрi бойынша өткiзiлетiн беташар тойына, бесiк тойына, құдалықтарына барып, етене араласады.  Тiл бiлуiнiң сырын Николай отбасы мүшелерiнiң бiр-бiрiмен қазақ тiлiнде сөйлесуiнде деп түсiндiрдi. «Қазақ тiлi курсына барғаныңызбен, ол тiлде тiлдiк қарым-қатынас жасамасаңыз, еш нәтиже шықпайды. Қазақстанда тұрасың, айналаңдағы қарым-қатынас жасайтын адамдардың басым бөлiгi -- қазақтар. Оның үстiне қаймағы бұзылмаған Оңтүстiк өңiрiнде тiл үйрену еш қиындық туғызбауы керек. Ол  әр адамның мемлекеттiк тiлге деген құрметiне, жауапкершiлiгiне байланысты» деп ағынан жарылды. Жоғарыдағы кейiпкерлерiмiз Максим мен Николай сияқты әр азаматтың тiлге деген құрметi осылай жоғары болса, мемлекеттiк тiлiмiздiң  мәртебесi асқақтар едi.

Тiлдi өмiрдiң барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбiр қазақстандық өз азаматтық мiндетiн атқаруға тиiс. Сол мiндеттi iске асыру үшiн тiл бiлудi мақсат тұтып, алдына талап қоя, қажымай iзденiп, айрықша көңiл бөлiп, аянбай еңбектенсе, мемлекеттiк тiлдi меңгерерi анық.

Сондықтан Қазақстан халқын бiрiктiретiн қуатты құрал – бiздiң мемлекеттiк тiлiмiз. Оны меңгеру, қолдану аясын кеңейту, насихаттау — елiне жаны ашитын әрбiр қазақстандықтың мiндетi мен парызы.

Айнаш БАТЫРБЕКҚЫЗЫ, Шымкент қалалық әкiмдiгi тiлдердi оқыту орталығының оқытушысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары