$ 446.49  475.38  4.79

Тәуелсіздіктің 25 жылында ұлттық қауiпсiздiгiмiз нығайды

Кеңес Одағы ыдыраған 1991 жылдың желтоқсан айында дербес мемлекет атанған соң күн тәртiбiне шекараны барлық ендiктерi бойынша күзету мәселесi қойылды. Осы кезде одақтас республикалардың шекара әскерлерi жеке құрылым болып құрыла бастады. Сөйтiп, Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаевтың Жарлығымен 1992 жылдың 18 тамызында Республикалық Шекара әскерлерi құрылып, Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерi арасында өзара шекара тартылып, ел шебi қырағылықпен күзетiле бастады.

Бүгiнде Қазақстан шекарасы Өзбекстанның 5 ауданымен шектеседi.  Ұзындығы 187 шақырымға созылған қауiпсiздiк белдеуiнде 1 қала, 1 поселке және 14 ауылдық әкiмдiк орын тепкен. Стратегиялық маңызы жоғары Азиядағы кiндiктес елдердiң негiзгiсi Өзбекстанмен, оның астанасы Ташкент қаласымен шектесуi Сарыағаш ауданының әлеуметтiк-экономикалық қарым-қатынасын жақсартып қана қоймай, түрлi саяси, дiни терiс пиғылды азаматтардың елiмiзге кiрiп кетуi секiлдi қауiптер ала келетiнiн жоққа шығармаймыз.

Тәуелсiздiк жылдары көршi елдер арасына сына қағылмаған аймақта шекаралық белдеу мәселесi  қаралып, делимитация шаралары үкiметтiк деңгейде бекiдi.

Бұл екi ел арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек көрсету секiлдi қарым-қатынастарды бұрынғыдан да нығайта түстi. Әсiресе, экономикалық ынтымақтастық одан әрi тереңдедi. Мұның бәрi Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың нағыз әлемдiк деңгейде бағаланатын сындарлы саясатының жемiсi екенiнде күмән жоқ. 

Өзбекстанның Қыбырай, Ташкент, Зеңгi ата, Жаңа жол және Шыназ аудандарымен шектесетiн Сарыағаш ауданында шекара қызметi жаңа ғасыр тоғысында пайда болды. Көршi елмен алыс-берiсi көп жерлерге кеден бекеттерi, шекаралық өткiзу тiректерi салына бастады. Сол жылдары ҚР ҰҚК-нiң Шекара қызметi «Оңтүстiк» өңiрлiк басқармасының №2020, №2094 әскери бөлiмдерi iске кiрiстi. №2020 әскери бөлiмi шекара сызығының  бойында, ал, №2094 әскери бөлiмi шекара өткiзу бекеттерiнде қызмет етуде. Ауданымызда «Қазығұрт», «Жiбек жолы», «Қабыланбек», «Қонысбаев» кеден бекеттерi құрылып, екi ел арасындағы экономикалық алыс-берiстерiмiздi заңмен реттестiрудi бастады. Көршi  елмен арадағы шекаралық бекеттер жаңа заманауи құрылғылармен жабдықталып, бүгiнде «Жiбек жолы» кеден бекетi арқылы тәулiгiне 16 000 жолаушы әрi-берi өтуде.

Бұрын шекарасы болмаған екi ел арасында алғашқы шектеулер қойылған жылдары заңсыз көшi-қон, контрабандалық тауар тасымалы қауырт жүрдi. Осындай жолмен келiп жатқан қаншама заңсыз  әрекеттердi шекарашылар әшкерелеп, жолын кестi. Қазiр мұндай шекара бұзушылық тоқтады. Тұрғындар шекара елдiң тұрақтылығы екендiгiн түсiндi. Мұның бәрi тұрғындармен жиi жүздесiп, шекара туралы заңды түсiндiрудiң  арқасында келдi. Себебi, елiмiз ескiрткi дәлiзiнде тұр, оған қоса  түрлi дiни ағымдар мен Ауғанстан, Сирия секiлдi елдердегi ахуал да шекара арқылы енедi. Соның  алдын алудың бiрден-бiр жолы – шекараны көздiң қарашығындай сақтап, қорғау. 

Тәуелсiздiк жылдары салынған шекараны бекемдеуде түрлi оңтайлы тәжiрибелер жүзеге асырылды. Өйткенi, мемлекеттiк қорған – елдiң тыныштығын, амандығын, болашағын қамтамасыз етедi. Ал, қазiр ұлттық қауiпсiздiгiмiз нық, шекарамыз бекем.

Смайыл ТАСҚҰЛОВ, Сарыағаш ауданы әкiмiнiң орынбасары.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары