$ 444.22  476.38  4.82

Берекелi бiрлiк, ырысты ынтымақ

Кеңес Одағы кезiнде түп-тұқияны қалың болса да оқулығы жұқа Қазақстанның шын тарихына жақсы бойлай алмадық. Шынтуайтына келгенде, салқар даласы айналасындағы анталағандардың көз құрты болған халқымыздың тағдыры атақты Жұбан ақынның «Бiз, қазақ, мың өлiп, мың тiрiлген» деген жалғыз ауыз сөзiне сыйып тұрғандай көрiнедi. Талай рет жер бетiнен құрып кетудiң аз-ақ алдында болдық. 1915 жылғы санақ өлшемiмен есептегенде, бүгiнде 40-45 млн. болып ормандай ұйысып отыруға тиiс қазақ Тәуелсiздiк алғанда ғана еңсесiн тiктедi.

Қазақстан әлемдiк өркениет санасатын, олардың қатарында нық тұратын мемлекетке айналды. Әрине, әуелi Алла, содан соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында осынау биiкке көтерiлдiк.

Иә, Тәуелсiздiк оңай келген жоқ. Елбасымыз айтқандай, ендi оны сақтап қалу үшiн бiр кiсiдей жұмылып еңбектенуiмiз керек. Тәуелсiздiк бiзге не бердi? 25 жылда қандай жетiстiктерге жеттiк? Оңтүстiк Қазақстан облысының тумасы болғандықтан, осында болған барлық жаңалық, өзгерiстер көз алдымызда өттi. Тәуелсiздiктiң тәттi жемiсiнiң бағасын бiлу үшiн өзiмiз жақсы бiлетiн аймақтың 1991 жылдан бергi жағдайын таразыға салып, сараптама жасап көрдiк.

Уақыт пен тарих кеңiстiгiндегi өлшеммен 25 жыл деген аз ғана мерзiм болғанымен, елiмiз осы кезең iшiнде талай белестердi бағындыра бiлдi. Iрi экономикалық, саяси және әлеуметтiк жетiстiктерге қол жеткiздi. Бәрiмiзге белгiлi, егемендiк алған тоқсаныншы жылдары ел экономикасы тұралап, тығырыққа тiрелiп тұрған кез болатын. Барлық өңiрлермен қатар Оңтүстiк Қазақстан да ауыр сәттердi бастан кешiрдi. Бұл электр энергиясы, газ, ауызсу, жылу берiлместен, халықты әбден қажытқан жылдар едi. Ұлттық валютамыз қолданысқа енген 1993 жылы облыстың бюджетi 379,9 млн. теңгенi құраған болса, биылғы жылы ол 559 034,9 млн. теңгенi құрап, 1471 есе көбейдi. 1993 жылғы облыстың бюджетiнде әлеуметтiк салаға 220,9 млн. теңге көзделген болса, биылғы жылы ол 362 737, 5 млн. теңгенi құрап, 1642 есе артты. Бүгiнде әлеуметтiк салаға бағытталатын қаржы облыс бюджетiнiң 65 пайызын алып отыр. Облыс бюджетiнде 2005 жылға дейiн бюджеттiк даму бағдарламаларына қаражат көзделмеген. 2005 жылы бюджеттiк даму бағдарламаларына 51 596,3 теңге көзделсе, биылғы жылы 111 162,1 теңге бөлiндi.

25 жыл iшiнде елiмiз жедел қарқынмен дамып, әлемдiк экономикалық аренада өзiн танытып, мойындата бiлдi. Соның iшiнде бiздiң Оңтүстiк Қазақстан өңiрiнде де экономиканың барлық салаларында айтарлықтай жетiстiктерге қол жеткiзiлдi. Облысымызда өнеркәсiп саласы қарқынды дамып келедi, олай дейтiнiмiз, 25 жыл iшiнде жалпы өңiрлiк өнiмдегi өнеркәсiптiң үлесi 15 пайыздан 28 пайызға дейiн өстi. Өңiрiмiз индустриалды аймаққа айналды. Құрылыс индустриясында республикада алғашқы тампонажды цемент өндiретiн «Стандарт Цемент» ЖШС, мақта өсiруден бастап дайын бұйымдарды шығаруға дейiнгi циклдi жүзеге асыратын, еуропалық жабдықтармен жабдықталған «AZALA Textile» фабрикасы, ТМД елдерiнде баламасы жоқ, жылына 70 млн. дана өте сирек вакуумды түтiк шыны шығаратын «Эко-Фарм Интернейшнл» ЖШС, заманауи технологияларды қолдана отырып кiлем шығаратын «Бал-Текстиль» және «Назар-Текстиль» фабрикалары, бұдан басқа да iрi кәсiпорындар ашылды.

1991 жылы облысымызда бiлiм саласына 895 млн. теңге қаралса, қазiргi таңда 230 млрд. теңге бөлiнiп, 229,1 млрд. теңгеге артты. Оңтүстiк Қазақстан облысында тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында 652 мектепке дейiнгi бiлiм беру нысаны болса, «оңтайландыру» жылдары балабақшалардың 84,5 пайызы жекешелендiрiлдi, балабақша ғимараттарының бiр бөлiгi қараусыз қалып, қиратылды. Сол кезеңде облыста 91 балабақша ғана жұмыс iстедi.

25 жылда облыста жаңадан 1491 балабақша ашылды. Бүгiнгi күнi мектепке дейiнгi ұйымдар саны 1582-ге жетiп, онда 170,6 мың бала тәрбиеленiп, қамту көрсеткiшi 83,3 пайызды құрады. Облысымызда 1991 жылы 965 мектеп, ал, онда оқитын балалар саны 437 901 болса, қазiргi таңда жалпы мектептер саны 1022-нi құрап, онда 612 499 оқушы бар. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарымен салыстырғанда мектептер саны — 6 пайызға, оның iшiнде орта мектептер саны – 21,2 пайызға, оқушылар саны 29 пайызға өстi. Жаңа үлгiдегi жалпы 444 мектеп, 31 қосымша құрылыс салынды, 13 мектепте қайта құру жұмыстары жүргiзiлдi.

Тоқсаныншы жылдары елiмiздiң нарықтық экономикаға өтуiне, қаржыландырудың жеткiлiксiздiгiне байланысты, денсаулық сақтау саласының жағдайы нашарлады. Осы кезде медициналық пункттер, ауылдық дәрiгерлiк амбулаториялар және басқа да медициналық мекемелер жабылып, облыстық, қалалық және аудандық ауруханалардың қуаты азайды, бұл өз кезегiнде халыққа қызмет көрсетудiң сапасына керi әсерiн тигiздi.

Әйтсе де, жаңа саяси реформалар мен қабылданған мемлекеттiк бағдарламаларды iске асырудың нәтижесiнде ел экономикасы жақсарды, денсаулық сақтау бюджетi 1850 есеге артып, 1991 жылы 50,8 млн теңгеден 2015 жылы 93,9 млрд. теңгеге көбейдi. Бүгiнгi таңда облыстың медицина ұйымдарының жабдықталуы 25,3 пайыздан 65,6 пайызға дейiн өсiп отыр. Ширек ғасыр iшiнде денсаулық сақтау саласында 349 жаңа нысан салынды. Соның көбiсi заманауи алдыңғы қатарлы медициналық құралдармен жабдықталды. Бұл бiздiң медицина қызметкерлерiнiң жүрек, ағза ауыстыру бойынша күрделi оталарды жасауына мүмкiндiк бердi. Облыс халқының жалпы өлiм-жiтiм көрсеткiшi 22,6 пайызға төмендедi. Сәбилер өлiм-жiтiмi 1000 жаңа туған балаға шаққанда 1991 жылы 30,8-ден 2015 жылы 11,1-ге дейiн 3 есе, ана өлiмi 1991-2015 жылдары 79,8-ден 11,4-ке дейiн, яғни 85,7 пайызға төмендедi.

Егемендiк алғаннан берi өңiр халқы 50 пайызға өстi және 2,8 млн. адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейi 14,3 пайыздан 5,2 пайызға төмендедi, табысы төмен халықтың үлесi 2000 жылы 52,8 пайыздан 2016 жылы 5,2 пайызға дейiн немесе 10 есеге, табысы кедейлiк шегiнен төмен өмiр сүретiн адамдардың саны 2000 жылы 13,7 пайыздан 2016 жылы 0,03 пайызға дейiн төмендедi. Жұмыспен қамтылған халықтың саны 62 пайызға өстi. Осы мерзiм iшiнде 402 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Мұқтаж азаматтарға әлеуметтiк көмек көрсетуге мемлекет тарапынан бөлiнген қаржы 1993 жылы 35 млн. теңгеден 2016 жылы 5 млрд. теңгеге дейiн артты.

Оңтүстiк өңiрi үшiн ауыл шаруашылығы саласы негiзгi сала екенi белгiлi. Агроөнеркәсiп кешенiн реформалау 1991 жылы басталған болатын. 1992-1994 жылдары нарықтық қатынастарға көшудiң ауыртпалығы ауыл шаруашылығы саласын да тыс қалдырған жоқ. Осының әсерiнен ауыл шаруашылығы саласының көрсеткiштерi 1996-1997 жылдары анағұрлым төмендедi. 1999 жылдан бастап ауыл өмiрiнде түбегейлi өзгерiстер және оны қаржылық сауықтыру басталды. Әрбiр ауылда жұмыс iстейтiн адамға мүлiктiк пайы мен шартты жер үлесiне құқық беретiн куәлiк беру арқылы ұжымдық меншiк қалыптасып,  шаруашылық жүргiзу түрiн дербес таңдау мүмкiндiгiне ие болды.

Ауылды реформалау басталғалы берi азаматтардың көзқарасы өзгерiп, олар нарықтық экономиканың жағдайларына көндiге бастады. Ауыл шаруашылығы өндiрiсi мәселелерiн дербес шешетiн нағыз жер иесi пайда болды. Өздерiнiң пайлары мен үлестерiн алған жаңа меншiк иелерi дербес шаруа қожалықтарын құрып, қалауларымен өндiрiстiк кооперативтерге, акционерлiк қоғамдарға және түрлi серiктестiктерге бiрiктi. Нәтижесiнде 1999 жылдың аяғында бұрынғы 182 ұжымшар-кеңшар және мемлекеттiк шаруашылықтар базасында жекеменшiкке негiзделген 20 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы пайда болды. Бүгiнгi күнге олардың саны 70 мыңнан асты. Бұл — басқа өңiрлерге қарағанда ең жоғары көрсеткiш.

Егiн шаруашылығы бойынша жүргiзiлген жүйелi әртараптандырудың арқасында 1991 жылмен салыстырғанда майлы дақылдардың егiс көлемi 73 мың га, бақша 49 мың га, көкөнiс 27 мың га, картоп 9 мың гектарға артып, егiс көлемiмен қатар алынған өнiм көлемi де еселендi. 1991 жылы облыста 163,4 мың тонна көкөнiс, 127 мың тонна бақша өнiмдерi, 50 мың тонна картоп өндiрiлсе, биылғы жылы 913 мың тонна көкөнiс, 1379 мың тонна бақша дақылдары, 260 мың тонна картоп жиналды.

Өңiрде егiс көлемiн ұлғайту, иесiз жерлердi игеру, заманауи технологиямен тамшылатып суару әдiсiн кеңiнен енгiзу, жылыжайлар салу, бау-бақшаларды көбейту, мал басын асылдандыру бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргiзiлдi. 1991 жылы жемiс-жидек және жүзiмнен 60,9 мың тонна өнiм алынған болса, биыл өнiмдiлiгi жоғары 2100 га интенсивтi баулар есебiнен 198 мың тонна өнiм жинау күтiлуде. Сонымен қатар, биыл 470 мың тонна астық жиналды. Бұл — Тәуелсiздiк кезеңiндегi ең үлкен рекордтық көрсеткiш. Республика халқын қыс және ерте көктем мерзiмдерiнде сапалы көкөнiс өнiмдерiмен қамтамасыз ету мақсатында жылыжайлар салу iсi қолға алынып, бүгiнде олардың көлемi 1112 гектарға жеттi, бұл республикадағы барлық жылыжайлардың 87 пайызын құрайды. Осы жылыжайларда Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында басқа өнiмдермен бiрге алғаш рет цитрус тұқымдас лимон өсiру қолға алынды.

Облысымыз республикада мақта өсiретiн бiрегей өңiр болып табылады. Әдетте, мақтадан орташа есеппен гектарынан 26-27 центнер өнiм алынса, терең қопсыту технологиясын пайдаланудың арқасында 40-45 центнер өнiм жиналды. 1991 жылы 213 мың тонна мақта алынған болса, ағымдағы жылы 277 мың тонна мақта жинау күтiлуде.

Мал шаруашылығы бойынша 1991 жылмен салыстырғанда iрi қара мал саны 1,7 есеге – 464,3 мың бастан 778,4 мың басқа, жылқы саны 2,3 есеге – 91,1 мың бастан 207 мың басқа, түйе саны 23 пайызға – 17,8 мың бастан 21,9 мың басқа артып отыр. Ет өндiру тiрi салмақта 1,8 есеге – 107,8 мың тоннадан 202,4 мың тоннаға, сүт өндiру 1,6 есеге – 436,4 мың тоннадан 710,6 мың тоннаға артты.

Құрылыс саласында да үлкен жетiстiктерге қол жеткiзiлдi. Нысандар құрылысын жүргiзуге мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген қаржы көлемi 1993 жылы 9,3 млн. теңге болса, 2010 жылға дейiн 122 млрд. теңгенi құрады. Ал, 2011-2015 жылдар аралығында мемлекеттiк бюджеттен 233,2 млрд. теңге қаралып, толығымен игерiлдi. Осы жылдар iшiнде әлеуметтiк қамту саласында – 8 нысан, спорт саласында – 22 нысан, мәдениет саласында – 22, мемлекеттiк органдар үшiн – 20 және өзге де 127 нысанның құрылысы жүргiзiлiп, пайдалануға берiлдi. Облысымызда 25 жыл iшiнде 8,9 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлiп, 100 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. 1991-1999 жылдар аралығында автомобиль жолдарының жағдайы көбiнесе ағымдағы жөндеу жұмыстары есебiнен күтiп ұсталған. Автомобиль жолдарын салуға және қайта жаңартуға мүлдем қаражат бөлiнбеген болатын. 2000-2015 жылдары облыс жолдарына 151 млрд.  теңге бөлiнiп, 9 176,5 шақырым жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi. Оның iшiнде 45 көпiрдiң құрылысы және 100 көпiрдiң жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Сонымен қатар, облысымызда ғасыр құрылысы деп танылған ауқымды жоба – Көксарай су реттегiшi салынды. Көксарай су реттегiшi тұрғындарды Сырдарияның тасуынан құтқарып, Оңтүстiк Қазақстан мен Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығын дамытуға жақсы мүмкiндiк бердi. Бүгiнде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттiк көлiк дәлiзiнiң құрылысы жүргiзiлуде.

Елiмiз тәуелсiздiк алған 25 жыл iшiнде 847 елдi мекеннiң 268-i (31,6 пайыз), 1 608 989 тұрғын (57,2 пайыз) табиғи газбен қамтылған. Iске асырылған салалық бағдарламалардың нәтижесiнде орталықтандырылған сумен қалаларда – 91,7 пайыз, ауылды елдi мекендерде – 71,1 пайыз, газбен 57,2 пайыз тұрғын қамтылды.

Ал, ендi сонау нәубет жылдары тарыдай шашырап кеткен бауырларымыздың ата-бабаларының кiндiк қаны тамған туған жерге оралып жатқаны да елiмiздiң егемендiгiнiң айғағы, өйткенi, тек тәуелсiз мемлекет қана өз азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының iске асырылуы мен қорғалуына кепiлдiк бере алады.

Облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев өңiрдiң алға өрлеуiне алғышарттар дайындап, әр аудан, қаланың даму жоспарын жiтi қадағалап, Елбасының тапсырмаларының уақытында орындалуына күш салып келедi. Индустриалды аймақтарда жұмыс жандана бастады. Өңiр басшысы елiмiздi көкөнiс, жемiс-жидекпен қамтуда оңтүстiктiң әлеуетi жететiндiгiн айтып, ауыл шаруашылығы, кәсiпкерлiк салаларына инвестиция салуға ықыласты шетелдiк инвесторларды тартып жатыр. Өңiр аграрлық болғандықтан, басты бастама – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту үшiн жеке шаруашылықтарды бiрiктiрiп, ауыл шаруашылығы кооперативтерiн құруға күш салуда. Аз жылда осы жұмыстар жақсы жемiсiн беруге тиiс.

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары Мемлекет басшысы: «Бiз – бiр ұлтпыз! Бiз – бiр халықпыз! Бiр елмiз! Осыны сақтап қалсақ, он жылдан кейiн Қазақстан бүгiнгi қиыншылықтың бәрiнен арылып, жыл сайын алға адымдап басатын жолға түседi» деген едi. Осы оймақтай ой уақыт өте өмiр шындығына айналды. Елдiң берекелi бiрлiгi мен ырысты ынтымағын баянды ету бағытында Елбасының бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты үйлестiрушi беделдi институт құрылды. Кезiнде тағдырдың жазуымен қазақтың кең даласына қоныс тепкен сан түрлi этнос өкiлдерi бүгiнде теңдiгi бiр, жаны бiр, мұрат-мақсаты ортақ бiртұтас халыққа айналды. Елбасымыз Нұрсұлтан  Назарбаев айқындаған қоғамдық келiсiм мен ел бiрлiгiнiң қазақстандық моделi уақыт сынынан өтiп, тарихпен дәлелденген, әлем мойындаған үлгiге айналды.

АҚШ-тың бұрынғы президентi Джордж Буштан КСРО тарап, тәуелсiз мемлекеттер бөлiнген кезде журналистер: «Осы жас мемлекеттер басшыларының iшiнен кiм сенiмдi басшы бола алады?» деп сұрапты. Ол қысқа ғана: «Назарбаев. Ол болашақты алдын ала болжай алады» деп жауап қайтарған екен. Академик Серiк Қирабаев «Егемен Қазақстан» газетiне жазған мақаласында осы деректi келтiрген.

Әлемдiк санаттағы дарабоз саясаткерлердiң бiрегейi үлкен Буш ойын мың тоқып алмай пiкiр айтатын адам емес. АҚШ-тың бұрынғы президентiнiң айтқаны айдай келгенiн бүкiл дүние жүзi көрiп отыр. Күнi кеше ғана өз елi, өз жерiнде есiк көзiнде отырған қазақ бүгiнде Елбасының арқасында әлемдiк аренада төрде отыратын жағдайларға жеттi. Осының бәрi ата-бабамыз армандап өткен Тәуелсiздiгiмiздiң жемiсi.

Тәуелсiз Қазақстан дамуының 25 жылдық тарихы елiмiздiң Тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың еңбегiмен етене байланысты. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында бүгiнгi тәуелсiз Қазақстан әлемдiк қауымдастықтың ықпалды мүшесiне айналып отыр. Дербес мемлекет ретiнде қол жеткiзген жарқын жеңiстерiмiз ретiнде кеңестiк кезеңнен кейiнгi ТМД елдерi арасында Қазақстанның алғашқы болып Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуiн, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Қауiпсiздiк Кеңесiнiң тұрақты емес мүшесi болып сайлануын, Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуiн, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесiнiң Астана қаласында өткiзiлетiнiн атап өтуге болады.

Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылы iшiнде елiмiздiң осынау биiк белестердi бағындырып, қол жеткiзген қомақты жетiстiктерiнде әрбiр қазақстандық азаматтың жеке үлесiнiң бар екендiгiн ерекше атап өткiм келедi және Мәңгiлiк Ел болып қалуы үшiн барша қазақстандықтар жұмылып, ұлы мұрат жолында тынымсыз еңбек етуi қажет. Елiмiз мәңгiлiк, Тәуелсiздiгiмiз баянды болғай!

Әбiлқасым ДОСБОЛОВ, Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары