$ 474.72  515.17  5.58

25 жұлдызды күн: 22 қараша – «Мемлекеттiк Рәмiздер»

Елiмiздiң мемлекеттiк рәмiздерi – оның бетке ұстар құжаты. Азаматтардың рәмiздерге деген қарым-қатынасы, болашаққа сенiмi мен  отансүйгiштiктiң көрсеткiшi iспеттес.  Мемлекеттiк рәмiз бойынша елiмiздi тануға және оны бүкiл әлемге танытуға болады. Өйткенi онда халқымыздың бүкiл бастан кешкен тарихы, бүтiндей мәдениетi жатыр, сондықтан ол отансүйгiштiк сезiмнiң бастау көзi. 1992 жылдың 4 маусымында  Қазақстан Республикасының рәмiздерi бекiтiлдi.  2007 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi туралы» Конституциялық Заңына қол қойды.  Онда мемлекеттiк рәмiздерiмiздiң пайдалану тәртiбi нақты белгiленген.

Ал, ендi оның мағынасына тоқталайық. Елтаңба сөзiндегi «таңба» сөзi «белгi», тiптi «мұра» деген мағына бередi. Бұл термин ежелгi түркi қағанаты (551-630 жылдар) кезiнен бастап қолданыла бастаған. Қазақстанның Елтаңбасы үлкен еңбектiң арқасында, сәулеткерлер Жандарбек Мәлiбек пен Шота Уәлихановтың шығармашылық iзденiстерiнiң нәтижесiнде дүниеге келген. Ондағы шаңырақ – қазақ үшiн отбасының берекесi мен тыныштығының белгiсiндей қасиеттi нышан. Қазақ жерiн мекен еткен барша халықты бiр шаңырақтың астына шақырып, бiздiң ортақ үйiмiз Қазақстанның мықты уықтарына айналуға  үндейдi. Сондай-ақ,  кез келген халықтың тарихында халыққа рухани күш-қуат берiп, рухын жанып, жiгерiн шыңдайтын  музыкалық шығармалары бар. Ол тарихтың белгiлi бiр уақытында сол жұрттың Әнұранына айналған. Осындай әндердiң бiрi –  «Менiң Қазақстаным». Бұл ән Қазақстан КСРО құрамында болған тұста қазақтың намысын қайрау мақсатында жазылған. Шын мәнiнде, қазақ халқының рухын көтерген, келер күнге деген сенiмiн арқалаған ән   2006 жылы қаңтардың 10-ы күнi ресми түрде Әнұран болып бекiтiлдi. Сөйтiп, бұл күн тарихқа елiмiздiң жаңа Әнұранының туған күнi ретiнде жазылды. Әуенiн Шәмшi Қалдаяқов, сөзiн Жұмекен Нәжiмеденов жазған Әнұранның сөзiн уақыт өлшемiмен үндестiрген бiрлескен автор – ел Президентi Нұрсұлтан Назарбаев.

Тәуелсiз Қазақстанның Мемлекеттiк Туы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Көк байрағымыздың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген.  Тудың сабының тұсында тiк жолақ түрiнде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесi алтын түстес. Аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенiмдiлiк, мiнсiздiк сияқты қасиеттердi бiлдiрсе,  көк түс түркi мәдениетiнде терең символдық мәнге ие. Ал, қыран (бүркiт) бейнесi билiктiң, қырағылық пен мәрттiктiң символы ретiнде қабылданады.

Мемлекеттiк тудың сабының тұсына тiгiнен ұзына бойына кескiнделген ұлттық өрнектер – оның маңызды элементi. Қазақ ою-өрнектерi – дүниенi көркемдiк тұрғыдан қабылдаудың халықтың эстетикалық талғамына сай келетiн ерекше бiр түрi. Түрлi формалар мен желiлер үйлесiмiн танытатын өрнектер халықтың iшкi әлемiн ашып көрсететiн мәнерлi көркемдiк құрал болып саналады. Тудың сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер Қазақстан халқының мәдениетi мен дәстүрiн символдық тұрғыда бейнелейдi. Мемлекеттiк Тудың авторы, белгiлi суретшi – Шәкен Ниязбеков.

Елiмiз ежелден аңсаған Тәуелсiздiгiне қол жеткiзiп, қазақ ұлтының салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттiк рәмiздердiң бекiтiлуi болашақ дамуға бет алған егемен елiмiз үшiн ерекше құбылыс. Сондықтан мемлекеттiк рәмiздердi қастерлеу – азаматтардың  басты мiндетi. Ұлтаралық татулық пен бейбiтшiлiктi насихаттау, мемлекетiмiздiң  өзiне тән белгiлерiмен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшiн төл нышандарымыздың атқаратын қызметi айрықша.

«Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары