$ 448.15  483.46  4.86

«Тарихи сана қалыптаспай, ұлттық сана қалыптаспайды»

Жиырма бес жылда ұлт рухын көтерген тiрлiктiң бiрi – тарихымызды түгендеу, жаңғырту, қазақ хандарынан бастап, би-шешен, батырларының есiмдерiн ұрпаққа таныстыру болғаны анық. Тәуелсiздiк алған ширек ғасыр iшiнде бұл тақырыпта талайлар қалам тербедi. Әлi де бұл мәселеде тарихшы-ғалымдарымыздың айтары аз емес. Әсiресе, Алаш қозғалысы, алашордашылардың түпкi мақсаты тәуелсiздiк болғанын сан түрлi дәйектермен дәлелдеушi ғалымдардың белсендiлiгi басым. Азаттықты аңсаған ата-баба мұратын бүгiнгi күнмен қауыштырып жатқан игi-шаралар жетерлiк. Соның iшiнде  Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтында өткен «Ұлы дала – тәуелсiздiк мұраты» халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференциясының алар орны бөлек болды.

Әрiсi Түркиядан Әбдiуақап Қара, Мәскеу төрiнен Жiбек Сыздықова, Германиядан Нұрлан Кенжеахметұлы, берiсi Астана төрiнен Болат Көмеков, Светлана Смағұлова, Өмiрбай Бекмаханбетов сынды белгiлi тарихшы-ғалымдардың басын қосқан алқалы жиынның мәнiсi бөлек, мазмұны ерек.

Қонақтар алдымен археологиялық қазба жұмыстары көрмесiнiң ашылу салтанатына қатысты.  Көрме лентасын облыс әкiмiнiң орынбасары Ұ.Сәдiбеков қиды.

– Мұнда  институтымыздың археология жасағының 54 жылдан берi жүргiзген түрлi қазба жұмыстары барысында табылған жәдiгерлерi қойылып отыр. Жасақтың жетекшiсi – тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Подушкин. Көрмеге Ақбұлақтөбе қалашығынан табылған Қарахан мемлекетiне қатысты, Күлтөбе қорымынан табылған Қаңлы мемлекетiне қатысты, тағы басқа құнды жәдiгерлер қойылды. Мұның бәрi де халқымыздың тарихы тереңде жатқанын айқындайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдық тойында: « ...Осынау кең-байтақ Ұлы даланың көгiнде бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келдi. Бiздiң Қазақстанымыз – ұлы iстердiң ұйытқысы болған Ұлы Дала Елi!» деген болатын. Жастарды Ұлы iстерге бастау үшiн бiз бүгiн терең тарихымызды оқытып, үйретуден аянбауымыз керек, –  дейдi  институт ректоры Оңалбай Аяшев.

Конференция барысында Шымкентке алыс-жақыннан жиналған тарихшылар төрт секцияға бөлiнiп, түрлi тақырыптарда жалпы саны 53 лекция оқыды. Облыс әкiмi Ж.Түймебаевтың конференцияға қатысушыларға арнаған  құттықтауын  Ұ.Сәдiбеков оқып бердi. Онда «Тарихқа ден қойып, өткеннiң жақсылығынан өнеге, қиындығынан сабақ алуымыз керек. Өйткенi, жас ұрпақтың тарихи санасы қалыптаспай ұлттық санасы қалыптаспайды. Ұлттық сана қалыптаспай ұлттық намыс болмайды. Ұлттық намыс болмаған жерде, ұлттық мүдде үстемдiк құрмайды. Халықты ұлттық мүдде бiрiктiрмеген соң  шын мәнiндегi бiрлiк те болмайды. Демек, ұлттық сананы дамыту үшiн жас ұрпақты өткен тарихпен тәрбиелеудiң аса маңызды екендiгi айқын. Сондықтан  бұл конференцияның мақсаты – тәуелсiздiкке жеткен жолдарын көрсетумен бiрге елiмiздiң осы жиырма бес жыл iшiнде қандай табыстарға жеткенiн саралау, әр салада алдымызда қандай белестер тұр, оны шешудiң қандай жолдары бар екендiгiн талдау, жақсы жақтарымызды насихаттау.

Өздерiңiз қатысып отырған ғылыми конференцияда айтылатын жаңа ойлар, келелi пiкiрлер, ғылыми жобалар елiмiздiң болашағы үшiн қызмет етсе, жиынның  негiзгi мақсатының орындалғаны деп бiлемiн» делiнген.

Тереңге тартқан тарихтың тамырын екшей бастаған жас ғалымдар мен студенттер, әсiресе, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң  Орталық Азия және Кавказ елдерiнiң тарихы кафедрасының меңгерушiсi, тарих ғылымдарының  докторы, профессор Жiбек  Сыздықованың баяндамасынан тың деректер мен батыл ойларға қанықты. «Ресей мемлекеттiлiгiнiң қалыптасуына Ұлы даланың әсерi» атты баяндамасында Жiбек Сапарбекқызы «көшпендiлерде қала мәдениетi болмаған» деген ойдың қисынсыз екендiгiн,  «Алтын Орда» өз кезегiнде Орта Азиядағы ең iрi хандық –  мемлекет құрудың негiзi болып табылғанын атап өттi.

– Ресей тарихшыларының  қазақ мәдениетi мен тарихына деген қызығушылығы өте жоғары. Бiрнеше жыл бұрын облыстың қазiргi әкiмi Қазақстанның Ресейдегi өкiлеттi елшiсi болып тұрғанда қазақтың тарихы мен мәдениетiн паш ететiн үлкен көрме ұйымдастырылды. Сол көрмеге ағылып келiп жатқан мәскеулiктер мен қала қонақтарында есеп болмады. Таңертеңнен түнге дейiн көрменi тамашалаушы азаматтар қазақты танып бiлуге құмартты. Түрлi сұрақтар қойып, көрмеге қойылған тарихи жәдiгерлерге тәнтi болып жатты. Мәскеуде жүрсем де мен қазақтың терең тарихы үшiн, ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсiз мемлекет құрып отырған елiмнiң барына мақтанамын, – дейдi Ж.Сыздықова.

Тәуелсiздiкпен мақтану бар да, оны тұғырлы ету бар. Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында биылғы жылды «Бұл – тәуелсiздiктi нығайту жолындағы өлшеусiз еңбегiмiздiң ширек ғасырлық белесiн қорытындылайтын мерейлi сәт. Тәуелсiздiктi баянды ету оған қол жеткiзуден де қиын. Мемлекеттiгiмiздiң тұғырын  мызғымастай  нығайта түсу үшiн бiзге әлi талай өткелi күрделi, өкпегi көп бұралаң жолдардан өтуге тура келедi» дедi.

Түркиялық тарихшы, профессор Әбдiуақап Қараның айтуынша,  Қазақстанның бүгiнгi тәуелсiздiгi Алаш арыстары мұрат еткен, талай қуғын-сүргiндi бастан өткерсе де өз мақсаттарынан танбаған асыл iстiң  баянды нәтижесi екен.

– Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың Қазақстанның тәуелсiздiк тарихында алар орны ерекше. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бүгiнгi идеялары мен саяси ұстанымдары М.Шоқайдың  көптеген еңбектерiмен үндесiп, сабақтасып жатыр.  Мысалы, М. Шоқай Қазақстан және көршi бауырлас елдердiң тәуелсiздiгi үшiн жасаған күресiнде «Яш Түркiстан» («Жас Түркiстан») журналының жарық көруiне үлкен мән бердi. Журналдың мақсатын алғашқы санында атап көрсеткен Шоқай мұның Түркiстанның тәуелсiздiгi мен халқының өзiн-өзi басқару құқықына қол жеткiзуi жолындағы күрес екендiгiн айтады. Ол бұл мақсатын журналдың алғашқы санында-ақ ашық түрде ортаға салады. «Егер бiз халқымыздың ұлттық тәуелсiздiк талаптарын мағынасын бұзбастан, күшiн азайтпастан «Яш Түркiстан» беттерiнде айта алар болсақ, бiздiң баршамыз үшiн қасиеттi және үлкен жауапкершiлiктi мiндеттiң бiр бөлiгiн жүзеге асырған боламыз» дедi. Шоқайдың бұл идеяларын 1991 жылы тәуелсiздiк алғаннан кейiн Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың iске асыра бастағанын көрiп отырмыз. «Бiртұтас Түркiстан» идеясының Қазақстан үшiн ғана емес, аймақтағы өзге елдер үшiн де қандай қажет екенiн жете түсiнген Елбасы Назарбаев ол идеяны дамытып, заманға сәйкес формаға түсiрiп, «Орталық Азия Одағын» құруды ұсынды. Бұл ойларын Назарбаев 2005 жылы ақпан айындағы Жолдауында нақты түрде ортаға салған едi. Екiншiден, Елбасы түркiтiлдес елдердiң 2009 жылы Нахичеваньда өткен жоғары дәрежелi кездесуiнде түркi халықтарының ортақ мәдениетiн зерттеп, әлемге таныстыру мақсатында «Түркi академиясын» құруды ұсынды. Қазiр Елбасының осы идеясы iске асып, Түркi академиясы Астанада  өз жұмысын атқаруда, – дейдi Әбдiуақап Қара.

Халықаралық конференцияда көптеген келелi мәселелер айтылды. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiнiң профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигi Болат Көмеков Ұлы Дала  өркениетi, Ұлы дала құндылықтары арқасында бiткен ұлттық болмыс-бiтiмiмiзге мейлiнше ие болу керектiгiмiздi айта келе, «көшпендiлердiң жадындай мықты есте сақтау қабiлетi ешбiр отырықшы халықта болмаған» деп түйiндедi.  Расында да,  бiр ғана батырлар жырының 500-ден аса түрiн ұрпақтан-ұрпаққа аманат етiп, ауыз әдебиетi арқылы ғана жеткiзген қазақтың мәдениетi мен бай тарихы – талай таңды таңға ұрып айтса да таусылмайтын тақырып.

Ш.Уәлиханов атындағы  тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелдi Әбжанов атап өткендей,  ендiгi жерде «Мәңгiлiк Ел» ұғым-түсiнiгiн қалыптастыра түсуiмiз керек.  «Елбасымыз ұсынған «Мәңгiлiк Ел» ұлттық идеясы «Мәңгi ел» тұжырымдамалық идеологемасының жаңа әлемдегi, жаңа тарихи дәуiрдегi заңды жалғасы. «Мәңгiлiк Ел» идеясы мемлекет құраушы халықтың сан ғасырлық құндылығын ұлықтауын, көпұлтты, көпдiндi ахуалымызды, бiрде-бiр этносқа қандай ғана болмасын басымдық берiлмейтiнiн меңзейдi. Сөйтiп, жаңа әлемдегi жаңа Қазақстанның бағыт-бағдарын, межесi мен мәресiн айқындайтын iргетасқа төл тарихымыздың қойнауында қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа аманатталған, бәсеке мен сынақтардан шыңдалумен бүгiнге жеткен бабалар арманы қаланды.

«Мәңгiлiк Ел» идеясын зерттеуде, насихаттауда, оқу үдерiсiне енгiзуде самарқаулыққа жол бермеу керек. Бұл iстен барша зиялы қауым, саяси партиялар, қоғамдық бiрлестiктер, үкiметтiк емес ұйымдар, БАҚ тыс қалмауына Парламент пен Үкiмет, Президент әкiмшiлiгi назар аударғаны, ретi келсе жағдай жасағаны абзал» дейдi ол.

Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерейтойына арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛI – ТӘУЕЛСIЗДIК МҰРАТЫ» халықаралық конференциясының соңында  қарар қабылданып, резолюциясы  бекiтiлдi. Онда мынадай мәселелер назарға алынды:

  1. Тәуелсiз Қазақстан тарихын зерттеудегi жаңа деректер мен жаңа тұжырымдарды ғылыми айналымға енгiзу;
  2. Ұлы Дала перзенттерiн Мәңгiлiк Ел болу идеясына баулуда  қоғамтанушы,  психолог, педагог, тарихшы мамандардың қоғам алдындағы жауапкершiлiгiн арттыру;
  3. Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерейтойы аясында Тәуелсiз Қазақстан тарихының негiзгi iргелi даму бағыттарын анықтау;
  4. Ресей, Қытай, Түркия ғалымдарымен және Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтымен бiрлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу;
  5. Студенттердiң тарихи санасын дамыту, отансүйгiштiк сезiмiн қалыптастыру мақсатында «Тәуелсiз Қазақстан тарихының тұлғалары» атты элективтi курсты енгiзу.

Елiмiз қол жеткiзген табыстарды баяндай отырып, тарихи дәйектерге негiзделген ғылыми тұжырымдар тоғысын ұйымдастыра бiлген  Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтының ұжымына, ректоры О.Аяшевқа халықаралық конференцияға келген қонақтар шынайы ризашылықтарын бiлдiрдi. 

«Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары