$ 444.22  476.38  4.82

Жүйелi жоспардан – нақты iске

Өңiр басшысы Жансейiт Түймебаевтың төрағалығымен облыс әкiмдiгiнiң кезектi мәжiлiсi өттi. Жиынға облыс әкiмiнiң орынбасарлары мен аудан, қала әкiмдерi, басқарма басшылары, аумақтық органдардың жетекшiлерi қатысты. Жиында мәдениет, туризм, жастар саясаты, сондай-ақ, мал шаруашылығын дамыту және коммуналдық меншiктiң сақталуы мен пайдалануына бақылау барысы талқыланды.

Мәжiлiсте тиiстi басқарма басшылары хабарлама жасап, саланы дамыту жөнiндегi ұсыныстарын ортаға салды. Алдымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серiк Тұрбеков өңiрдегi мал шаруашылығын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын баяндады.

– Өңiрдегi мал шаруашылығының дамуына республика тарапынан қабылданған бағдарламалардың септiгi мол. Қазiргi таңда аудан, қалаларды мал шаруашылығының белгiлi бiр саласы бойынша мамандандыру бағытында жұмыстар жүргiзiлуде. Жеке қосалқы шаруашылықтарда iрi қара мал басын қолдан ұрықтандыру жұмыстарын күшейтудi қолға алып отырмыз. Облыс халқын құс етi және жұмыртқа өнiмдерiмен қамтамасыз ету мақсатында iрi инвестициялық жобаларды iске асыру көзделуде, – дедi Серiк Ордабекұлы өз баяндамасында.

Өңiр басшысы саладағы жетiстiктердi қуаттап, әлi де болса кемшiн тұстардың бар екенiн айтты.

– Мал шаруашылығындағы басты мақсат – азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету. Табиғаты қолайлы өңiр бола тұра бiз 25 жылда iшкi нарықты осы саланың өнiмдерiмен толық қамтамасыз ете алмай келемiз. Бiзде шығарылатын өнiмдердiң бәсекеге қабiлетi төмен. Сондықтан басқа облыстарды былай қойғанда, тұтынушыларымыз шетелдiң өнiмдерiн сатып алуға мәжбүр, – дедi Жансейiт Қансейiтұлы.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Н.Ахметжановтың баяндамасын тыңдаған облыс әкiмi өңiрдегi мәдени ахуалға көңiлi толмайтынын бiлдiрдi. Баяндамаға қанағаттанбаған ол әрбiр iс рухани тұрғыдан жасалу қажеттiгiне тоқталды.

– Мәдениет басқармасы, өкiнiшке қарай, аудан, қалалардағы мәселелерге тiптi көңiл бөлмейдi. Қазiр көптеген ауылдарда мәдениет ошақтары жоқ, ал, барлары қаңырап бос тұр. Қарапайым халық үшiн мәдени iс-шаралар ұйымдастырылмайды. Тұрғындардың коммерциялық концерттерден басқа баратын мәдени iс-шаралары жоқтың қасы, – дедi облыс әкiмi.

Мәжiлiсте, сонымен қатар, облыстық кәсiпкерлiк, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы М.Қарабаев, облыстық жастар саясаты мәселелерi жөнiндегi басқармасының басшысы Б.Жанәбiл, облыстық қаржы басқармасының басшысы К.Мендебаев баяндама жасады. Облыс басшысы аталған салалар бойынша тиiсiнше  сын-ескертпелер айтып, жасалған баяндамаларға көңiлi толмағанын жеткiздi. Алдағы уақытта баяндама жасаудың жаңаша бағытына көшудi, яғни нақты iс-шара жоспары жасалып, мәжiлiс өткiзудiң тәртiбiн өзгерту қажеттiгiн мiндеттедi.

"Оңтүстік Қазақстан".

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары