$ 448.15  483.46  4.86

«Кiтапханалық керуен» – ауылдарда

Қазақта «көш» деген ұғым бар. Данагөй халқымыз қандай да iстiң оңғарылып, тiрлiктiң түзелуiн көшпен байланыстырған. Биыл Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына орай облыс әкiмiнiң тапсырмасымен  облыстық мәдениет басқармасы осы ұғымды қайта жаңғыртты десек болады. «25 жылдыққа – 25 iс-шара»,  «Кiтапханалық керуен – ауылдарда» жобасы  ешбiр өңiрде  болмаған бiрегей шара. Ауылдағы ағайынға мерекелiк көңiл-күй сыйлап, Оңтүстiктi бүгiнде рух көшi аралап  жүр... «Кiтапханалық керуен – ауылдарда» автокеруенiмен  Түлкiбас ауданындағы ауылдарға аялдағанда осыны сезiндiк.

Састөбе ауылының тұрғындары керуендi ән-шашумен қарсы алды. Керуендегiлер ауыл әкiмiнiң орынбасары Р.Сыдықәлиев, ауылдық ардагерлер  кеңесiнiң төрағасы Б.Ыдырысовпен бiрге ауыл кiтапханасын аралап,  тыныс-тiршiлiгiмен танысты. Бұдан кейiн оқырмандармен кездесу кешi ауылдық клубта жалғасты. Керуеннiң көшбасшысы, ақын, аудармашы Дулат Тұрантегi,  облыстық «Отырар»  ғылыми-әмбебап кiтапхана директорының орынбасары Гүлмира Алпысбаева,  кiтапхананың ғылыми хатшысы Зылиха Жантасова, жас ақын  Сүндет Сейiтов оқырмандарға тұшымды ой қозғады. Өз кезегiнде оқырмандар  тәуелсiздiк керуенiн  ауылдарға түзеген облыс кiтапханашыларына алғыс бiлдiрдi. 

– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиындық әлi ешкiмнiң есiнен шыға қойған жоқ. Ғасырға татитын  күндердi бастан өткердiк. Жұрт ала дорба арқалап, базар жағалап кеттi.  Осы кездегi ұрпақ, өкiнiшке қарай, кiтапсыз өстi. Бұған дейiн көркем әдебиетпен «ауырып», басына кiтап жастанып  оқитын халқымыз сол кезде одан көз жазып қалды. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен уақытта кiтаптың насихаты да ұмыт қалды. Бүгiнгi iс-шараға ерекше қуанып отырмын. Бұл  шын мәнiнде кiтап оқуға, оқытуға мемлекеттiк көзқарастың дұрыстала бастағаны  деп ойлаймын.  Тәуелсiздiктiң 25 жылдығында автокеруенмен ауылдарды аралап,  оқырманмен жүздескендерiңiз үшiн қариялық көңiлiммен ризашылығымды бiлдiремiн,  – дейдi ауылдық ардагерлер  кеңесiнiң төрағасы Б.Ыдырысов.

Кездесу қонақтары  түстен  кейiн  Балықты ауылына керуен  тоқтатты. Ауылдық мәдениет үйiнде өнерпаздар концерттiк бағдарлама ұсынып, оқушылар Тәуелсiздiк туралы жырларын оқыды. Облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап  кiтапхана директорының орынбасары Г.Алпысбаева Састөбе, Балықты ауылдық кiтапханаларына жаңа кiтаптарды сыйға тарту еттi.

Кiтапхана саласында қызмет ететiн ер кiсiлер  бүгiнде саусақпен санарлық қана. Соның бiрi Рысбек Игенбаевтың руханиятқа қызмет етiп жүргенiне биыл – 25 жыл.  Оның  ауыл кiтапханасындағы алғашқы еңбек жолы тәуелсiздiктiң елең-алаң тұсына тура келдi. 

– Кiтапханалар  жабылуға шақ тұрды.  Кiтаптардың тоз-тозы шығып, қолды болып кетпеуi үшiн  үйiне апарып сақтап, кейiн  жаңа дәуiр лебi ескенде қайта әкелiп,  оқырманға ұсынған  кiтапханашыларымыз бар. Көптеген iс-шаралар жоспары қолмен жазылып,  түзiлетiн. Бүгiнде оларға өткен күннiң естелiгi ретiнде қарап, ерiксiз жымиямыз. Тәуелсiздiктiң кiтапхана саласына бергенi мол. «Мәдениеттi қолдау жылынан» бастап бүгiнге дейiн облыста 116 кiтапхана ашылыпты. Оқырмандар да қайта оралып,  кiтапсыз болашақ жоқ екенiн ұғына бастады,  – дейдi ауыл кiтапханашысы Р.Игенбаев.+

Тәуелсiздiк шарасы желтоқсанға дейiн Төлеби, Сайрам аудандарында жалғасып, өз жұмысын қорытындыламақ.

"Оңтүстік Қазақстан"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары