$ 474.72  515.17  5.58

«Ақ жол» Алаштың жоқшысына айналды

Жуырда «Ақ жол» демократиялық партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Алаш қайраткерлерiнiң қазақ қоғамындағы рөлi» атты «дөңгелек үстел» мәжiлiсi өттi. ҚР Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы мен Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға ғалымдар, саясаттанушылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi, облыс әкiмдiгiнiң жауапты қызметкерлерi мен журналистер қатысты.

– Алаш қайраткерлерiнiң саяси-қоғамдық қызметтерiнен тағлым алу – бiздiң дамуымыздың басты алғышарттарының бiрi. «Алаш» партиясының бағдарламасында «Үкiметтiң басында Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттiк Дума бiрлесiп белгiлi бiр мерзiмге сайлаған Президент тұрады» деп көрсетiлген. ХХ ғасырдың басында президенттiк басқарудағы мемлекеттер әлемде санаулы болғанын ескерсек, Алаш арыстары сол кезеңде-ақ толыққанды құқықтық мемлекет құруға ұмтылғанын аңғарамыз. Бiздiң партия да демократияның шынайы дәлелi бола алатын «Күштi Президент – ықпалды Парламент – есеп берушi Үкiмет» саяси жүйесiне кезең-кезеңмен көшуге кiрiсудi тым алысқа созбай бастаған оңды деп есептейдi. Бұл бiздiң одан әрi дамуымыздың негiзi болады, – дедi «Ақ жол» ҚДП облыстық филиалының төрағасы Анарбек Орман.

Мәжiлiсте сөз алғандар келесi жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығын жоғары деңгейде атап өту баршамызға сын екенiн, елiмiздiң тәуелсiздiгi жолында басын бәйгеге тiккен қайраткерлердiң еңбегiн жас ұрпаққа өнеге етер жұмыстар жөнiнде әңгiмеледi. А.Орман бұл басқосу келесi жылы атқарылар ауқымды iстердiң басы екенiн жеткiздi.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары