$ 443.85  474.3  4.8

Тәуелсiздiк – теңдесі жоқ бақыт

Тәуелсіздік таңының атуына түрткі болған Желтоқсан оқиғасына биыл – 30 жыл. Жалынды жастардың рухы мен айбары асқақтаған бұл күн ел тарихының бедерлі беті болып қалары шындық. Желтоқсан жарқын болашағымызға бағдаршам болды.

Сәбит Исабеков ызғарлы сол күндері алаңды кернеген өзі құралпы жастармен бірге Желтоқсан оқиғасының бел ортасында намыс туын көтеріп жүрген жігіттің бірі еді. Желтоқсан желі оның тағдырына өз таңбасын салды. Ол сот үкімімен төрт жыл бас бостандығынан айырылып, жалпы режімде жазасын өтеуге кесілген болатын. Біз бүгін Сәбит Исабековпен мұз жастанып, мұң арқалаған сол күндердің естелігін бөліссек деп едік. 

Тәуелсіздік мерекесі жақындағанда тарихи оқиғаның үзік бейнелері көз алдыма келеді. Жiгiттердi былай қойғанда, қазақ қыздарының өжеттiгi мен қайсарлығы жұртшылықты қатты таңқалдырды. Жастардың алаңға шығуына ешкім ықпал еткен жоқ. Мен әскерден келген соң, оқуға түсу үшін Алматыға аттандым. Алайда кешігіп қалғандықтан, арманым орындалмады. Ауылға қайтуға жөн көрмей, құрылыста жұмыс істедім. Мен де қазақтың қыз-жігіттерімен жатақханада тұрдым. Орыс тілін жақсы білгендіктен, жатақханада коменданттың көмекшісі әрі комсомол ұйымының хатшысы болдым. 16 желтоқсанда құрылыста жүргенде жұмысшылар арасында «Қонаевты орнынан алып, орысты қойыпты. Алаңға жастар жиналып жатыр екен» – дегенді естідік.

Жатақханаға келгенімде де жастардың қызу талқысының үстінен түстім. Орталық комитеттің шешіміне қазақ жастары наразылық білдіріп, алаңға шығыпты. Олардың арасында соққыға жығылған қыз-жігіттер болыпты. Мұнан соң, жігіттермен ақылдастық. Алаңға барып көрейік деген шешімге келдік. Ертеңіне таң атпай, алаңға жиналдық. Бізге Жандосов көшесінің бойындағы жатақханалардан қазақ жастары келіп қосылды. Таңданған күйде алаңға жеттік. Ойымызда ештеңе жоқ. Жастардың наразылығы орыс ұлтының өкілі тағайындалуы. Болғаны осы... Алайда оқиғаның ушығып, соңы қантөгіске ұласатынын білген жоқпыз. Жан-жағымызға қарап жүріп, Үкімет үйінің (қазіргі қалалық әкімшілік үйі) қарулы әскермен қоршалғанын байқадық. Желтоқсан көшесінің арғы жағында иықтарына автомат асынып, қолдарына «шоқпар» ұстаған солдаттардың түсі ызғарлы. Жастарды алға өткізбей тұр. Қыстың суығы шекеден өтеді. Бізбен тіресіп тұрған әскерилер «Жоғарыдағыларға талап-тілектеріңді айту үшін араларыңнан делегация жіберіңдер» – деді. «Сәбит, орысша білесің ғой, барсаң қайтеді» – деді сол жердегі таныс жігіттер. Он шақты қыз-жігіттен құралған делегацияның құрамына мен де кірдім. Әскерилер бізді алаңдағы мінберге қарай алып барды. Жақындағанымызда рациямен сөйлесіп тұрған әскерилердің бірі: «Қазір хабарлады, қазақтың жігіттері балабақшаларға басып кіріп, бүлдіршіндерді ұрып-соғыпты» – деді. Біз есі дұрыс адам ондай ақымақтыққа ешқашан бармайды дедік. 

Бізді генерал шеніндегі азаматтар күтіп алды. Сол жерде республиканың басшылары да тұр екен. Олар «мына жастармен сөйлесейік, талап-тілектерін тыңдайық», – деп еді, генералдардың бірі «Кімдермен сөйлеспексіңдер, мына бұзақылармен бе?» деді. Десе де, олар жастарды өткізіп, талап-тілегін тыңдады. Қыз-жігіттер ашына сөйледі.

Бірі :«Қазақстанның басшысы қазақ ұлтынан болсын», – десе, бірі: «Алматыда бір қазақ мектебі мен бір қазақ балабақшасы ғана бар. Соларды көбейтуге болмай ма?» – деді. Ал мен: «жастарды соққының астына алуды доғарыңыздар» – дедім.

Басшылар: «барлық мәселені шешеміз деп уәде берді. Осыдан кейін айтылған әңгімелерді халыққа жеткізу үшін алаңдағы мінберге қарай бет алдық. Бірақ солдаттар жібермей қойды. Сол сәтте айнала апыр-топыр болды. Әскери киімді адамдар қыз-жігіттерге ашық шабуылға шықты. Қолға түскендерді аяусыз ұрып-соғып жатыр. Бейбіт шеру өткізіп, талап-тілегімізді айтамыз деген жастардың тауы шағылды. Армандары аяққа тапталды. Арт жағымнан келіп қалған дүбірге жалт бұрылып қарадым. Оқыстан қатты соққы басыма тиді. Мені солдаттар саперлік күректен ұрған болуы керек. Көз алдым қарауытып кетті. Есімді екі курсант сүйреп бара жатқанда жидым. Тағы да әскери қызметкер мені бірнеше рет ұрғанда есімді жоғалттым. Одан ары не болғанын білмеймін.

Тар қапастағы күндер

Мені ішкі істер бөліміндегі кішкентай камераға қамады. Бірнеше күннен соң тергеу амалдары жүргізілді. Алаңға барғандардың бәрі сурет пен бейнекамераға түсіріліпті. Сол күннен бастап, ұсталғандарға кешірім болмады. Бірден жазаға тартылып, түрмеге жабылды. Оқудан қуылды. Өкініштісі, теріс ақпарат беріп, бопсалаған адамдар көп еді. Соның салдарынан қаншама жас жазықсыз күйзелді, намысы аяққа тапталды. Тіпті балалары қайтыс болған, жоғалып кеткен ата-аналар да шағымдана алмады. Өз баласының қазасын зерттеуге батылы бармады.

Маған да негізсіз жала жабылды. Болған жайды айтсам, өзімді келеке етті. Басымнан алған ауыр соққыдан жағдайым ауыр болды. Жауап алу кезінде дәрігерлер мені көріп, ауруханаға алып кетті. Маған ота жасалды. Мұнда да қазақтың өрімдей жастары. Көбісі басынан ауыр жарақат алыпты. Ақиқатын айтқанда екінші қалалық емханада бос орын болған жоқ. Ал менен жауап алу ұзаққа созылды. Үстіне былғары қара күртеше киген бір орыс «чекисі» маған Бейбітшілік көшесінде қазақ қызына араша түсіп, солдатқа қарай таяқ ұстап ұмтылған суретімді көрсетті. – Қолыңдағы таяғың не, кімді ұрмақ болдың? – деді.

Мен:

– Ешкімді ұрғаным жоқ, азаматшаны қорғадым, – деп жауап бердім. Тергеуші менің жауаптарыма күмәнмен қарады. Жастарды алаңға баруға үгіттедің. Ұлтшылсың! – деп айыптады. ...Арада бірнеше күн өткен соң, жағдайым жақсарып, өз-өзіме келе бастадым. Дәрігерге жұмысқа баратынымды айтып, ертерек шығаруын өтіндім. Алайда тергеушілердің сыртымнан бақылап жүргенін білген жоқпын. Дәрігерден анықтама қағазымды алып, екінші қабаттан төмен түстім. Сол сәтте екі жендет қолыма кісен салып алып кетті.

4 жылға жаза кесті

– Тергеу абақтысында жатқанда «біз қылмыс істегеніміз жоқ, сондықтан ақталып шығамыз» деген сенімде едік. Азап көріп, жазаға тартылсақ та әділдіктен үміт үзбегенбіз. Бірақ үміт ақталмады. Судья төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанда таңқалдым. Алдымен Маңғыстауда, кейін Ақтөбе түрмесіне отырдым. Құрт аурына шалдығып, кейін Маңғыстау облысына қарасты Жетібай түрмесіне ауыстырылдым. Сол темір тордың арғы жағында жүріп, бір бүйрегім мен өкпемнің жартысын алдырдым. Үшінші жылдың мерзімі бітпей, туған жерге оралдым. Ауылым Шаянға келген соң өзімнің тірі екенімді естіп қалдым. Мен сол уақытқа дейін ішкі істер органдарының тізімінде із-түссіз жоғалған азамат ретінде тіркеуде тұрыппын. 

Бүгінге дейін желтоқсаншылармен араласып тұрамын. Олардың арасында белгілі журналист Құттыбек Аймаханов, Ермұқан Қуандықов, Мұратбек Шекербеков, сонымен қатар Келес өңірінен шыққан, қазір Алматыда Әуезов театрында жұмыс істейтін Үсіпхан Сейтімбетов бар. Өкінішке қарай, Желтоқсанның шындығы толық ашылмай келеді. Қанша жас мерт болды, қаншасының тағдыры талқыға түскені әлі күнге дейін белгісіз. Содан болар, Тәуелсіздік мерекесі жақындағанда көңіл толқиды. Сол кездегі көріністер көз алдыма қаз-қалпында тұра қалады. Алаңдағы өрімдей қазақ жастарының бейнесі әлі күнге есімнен кетпейді. Ойға түссе бойымды үрей билейді. 

Шүкір, Желтоқсан оқиғасынан кейін араға бес жыл салып, Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Кеш болса да, жалынды жастардың тілегі орындалды. Елбасымыздың ұстанған сарабдал саясаты елімізді әлемге танытты. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған, сол үшін күрескен – Тәуелсіздігімізден асқан ұлттық мерекеміз жоқ. Сол кездегі оқиғадан кейін Тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүгінгі таңда көршілес мемлекеттерімізден мәртебеміздің жоғары болып тұрғанына қол жеткізгенімізге қуанамын.

Тәуелсіз елдің тарихы мәңгі өзгермейтін тарих. Сол тарихтың бастауында желтоқсандықтардың тұрғаны ақиқат. Біз сол егемен елдің келешегіне үлкен сеніммен қарап, бақытты өмір кешудеміз. Дегенмен бүгінгі және келешектегі ұрпақ осы елдік рухтың құндылықтарын білуі тиіс.Тәуелсіздік тұғыры берік болсын! Егемен еліміздің ертеңі нұрлы, келешегі кемелдене берсін!

"Шымкент келбеті"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары