$ 443.85  474.3  4.8

Тәуелсiздiкке – 25 жыл

Биылғы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстанда атқарылып жатқан іс-шаралар туралы бірер сөз.

Ордабасы. Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына орай аудан жастары арасында суретшiлер байқауы өттi. «Ел iшi – өнер кенiшi» деген сөз рас. Жас суретшiлер «Тәуелсiз елдiң ұланымыз» тақырыбы бойынша мемлекетiмiздiң өркендеу жолдарын шебер өрнектей бiлiптi.

Байқауға қатысқан 38 үмiткер арасынан «Батсу» негiзгi орта мектебiнiң оқушысы Н.Жақсылықова бас жүлденi, «Кәусар» гимназиясынан Қ.Ерболатұлы бiрiншi орынды иелендi. Жүлдегерлерге аудан әкiмiнiң Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табыс етiлдi. «Бұлақ көрсең, көзiн аш» деген. Байқау жастардың үмiт шоғын үрлегенi анық.

***

Ордабасы. Алматы қаласында ҚР Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай өткен «Ғұмырдария» республикалық байқауына қатысқан Ордабасы ауданындағы «Мақташы» жалпы орта мектебiнiң оқушысы Қойлыбай Әзiмбек қуанышпен оралды.

Ол «Тәуелсiз ел таланттары» көркемсөз оқу номинациясы бойынша I дәрежелi дипломмен марапатталып, лауреат атанды.

АРЫСТА АЙТЫС ӨТТI

Арыс. «Елiмнiң бақытын тербеткен – Тәуелсiздiк» тақырыбымен Арыс қаласында өткен ақындар сайысына әр ауданның жастары қатысты. Қала әкiмi М.Қадырбек атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнерiмiздi дамытушы сөз сайыскерлерiне сәттiлiк тiлесе, белгiлi айтыскер К.Оралова жырдан шашу шашты.

Ақындар Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылында елiмiзде атқарылған iстердi өлеңмен өрнектеп, көрермендерге жеткiзе бiлдi. Әзiл айтып, күлкi де сыйлады. Бұл айтыс Оңтүстiкте сөз өнерiнiң жаңа дүлдүлдерi өсiп келе жатқанын көрсеттi. Сайрамдық жас ақын Ж.Мырзабеков бас жүлденi, созақтық А.Ниязбек – I, отырарлық М.Жақып – II, төлебилiк Б.Рахматуллаев III орындарды жеңiп алды. Айтыскерлерге қала әкiмiнiң Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табыс етiлдi.

ҚОҢЫР КҮЗДЕН СҰЛУЛЫҚ IЗДЕГЕН

Мақтарал. Аудандық «Мақтаарал» мәдениет үйiнде Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай «Күз келбетi керемет» деген тақырыпта қылқалам шеберлерiнiң байқауы өттi. Iс-шараны өткiзудегi негiзгi мақсат – ел iшiнде танылмай жүрген жас суретшiлердiң өнерiн бағалап, олардың қарым-қабiлетiн байқау.

Алғашқы күнi байқауға қатысуға 40-қа жуық жас суретшi өтiнiш бiлдiрдi. Бiрақ ақтық сынға iрiктеуден өткен 26 жас жолдама алды. Қоңыр күз келбетiн сұлу бояуымен өзгеше өрнектеген суретшiлер арасында Асықата кентiнен келген Таңшолпан Асырарханның туындысы үздiк деп танылып, бiрiншi орынды иелендi. Ал, екiншi орынды Айнұр Оңалбек (Қазыбек би ауыл округi) мен Нұрсұлу Шарафиддинова (Мырзакент кентi), үшiншi орынды Жансерiк Сүлеев (Жетiсай қаласы) пен Қалдар Бекзат (Ынтымақ ауыл округi) еншiледi.

ЖУАНТӨБЕЛIКТЕР ҚУАНҒАН КҮН

СозаҚ. Жуантөбе ауылдық округiнде 50 орынды балабақша ашылды. Жеке кәсiпкер Р.Ортаевтың «Алуа» балабақшасының ашылу салтанатына аудан әкiмi М.Исаев, облыстық мәслихаттың депутаты М.Тұрысбеков қатысты. Аудан әкiмi М.Исаев ауыл тұрғындарын жаңа балабақшаның ел игiлiгiне берiлуiмен құттықтады. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың депутаты М.Тұрысбеков игi тiлегiн бiлдiрiп, жаңа балабақшаға түрлi-түстi теледидар табыс еттi.

«Бөбектер ұяжайында 50 бала тәрбиеленедi. Жергiлiктi 10 адамды жұмыспен қамтып отырмыз» дейдi балабақша иесi Р.Ортаев.

Балабақшада екi жатын, асхана, демалыс, медбике бөлмелерi бар.

"Оңтүстік Қазақстан"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары