$ 444.22  476.38  4.82

Сот – билiк пен ел басқарудың негiзгi тетiгi

Елiмiз егемендiк алған күннен бастап мемлекеттiк билiк институттарын құру, оның iшiнде мемлекеттiк билiктiң бiр тармағы – сот жүйесiнде болған өзгерiстер тiкелей Елбасының бастамасымен жүргiзiлдi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары сот, қуатты құқық қорғау органдарын құру демократиялық, құқықтық мемлекеттi нығайтудың басым бағыттары ретiнде белгiленiп, оған қатысты iс-шаралар жедел түрде қолға алынды.

Жалпы, бiз сот тарихын ел тарихынан бөлiп қарай алмаймыз. Өткеннiң өнегесi болашаққа батыл қадам жасауға негiз қалайды. Бүгiнгi сот жүйесi өткен ғасырларда қазылық айтқан билердiң үрдiсiн жалғастырып, ел заңының орындалуына, адам құқығының сақталуына үлкен үлес қосып келе жатқан мемлекеттiк билiктiң бiр тармағы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев күнделiктi қат-қабат, қарбалас жұмыстарымен қатар, сот саласын бiр мезет те назарынан тыс қалдырған емес. Жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында сот саласын одан әрi дамытудың бағыт-бағдарларын көрсетiп отырады. Мемлекет басшылығы тарапынан жасалған осындай қамқорлық пен қолдаудың арқасында елiмiзде сот-құқықтық реформалар кезең-кезеңiмен жүзеге асырылды.

ҚР Президентiнiң 1994 жылы судьялардың дербестiгi мен тәуелсiздiгiне кепiл беретiн «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құқықтық реформа бағдарламасы туралы» Қаулысы жарияланды. Одан кейiн жаңадан Қазақстан Республикасының Азаматтық, Азаматтық iс жүргiзу, Қылмыстық iс жүргiзу кодекстерi қабылданды.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданған соң жергiлiктi жерлердегi соттарды сайлау тоқтатылып, оларды Президент тағайындайтын болды. Елбасымыз сот билiгiнiң тәуелсiздiгiн күшейту мақсатында 2000 жылдың 1 кыркүйегiнде «Сот жүйесiнiң тәуелсiздiгiн күшейту туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал, 2000 жылы желтоқсанда сот органдарының құрылымы мен өкiлеттiлiктерiн, судьялардың құқықтық мәртебесiн реттейтiн «Қазақстан Республикасының соттары мен судьялардың мәртебесi туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Осылайша сот қызметiнiң базистiк нормалары белгiлендi. Қабылданған заңдар сот жүйесiнiң тәуелсiз және өз алдына дербес сот билiгi ретiнде қалыптасуына ықпал еттi. Бұл Заң сот құзiретiн кеңейте түстi, судьялар сот төрелiгiн жүзеге асырған кезде тек заңға ғана емес, әдiлеттiлiк өлшемiмен қатар моральдық, құқықтық және саяси ұғымға сүйенуге мүмкiндiк алды. Судьялар тәуелсiздiгiнiң кепiлдiктерi айқындалып, оның әлеуметтiк мәртебесi бекiтiлдi. Судьялардың ауыстырылмайтындығы мен оларға ешкiмнiң тиiспеушiлiгi, жергiлiктi соттардың судьялары Президент Жарлығымен тағайындалуы, сондай-ақ сотты құрметтемеушiлiк үшiн жауапкершiлiк нормаларымен қамтамасыз етiлдi. Осылайша, сот жүйесi атқарушы органның ықпалынан толық шығарылды.

Қазақстандық сот жүйесiн халықаралық негiзгi құқықтық үлгiлер мен нормаларға сәйкестендiру аса маңызды мiндеттердiң бiрi болды. Алқабилер институтын енгiзу осы мақсатты жүзеге асырудың айтулы кезеңi едi. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына алқабилердiң қатысуымен сот iсiн жүргiзу мүмкiндiгi туралы толықтыру енгiзiлгеннен бастап елiмiзде осы институтты жүзеге асыру қолға алынды.

2005 жылы желтоқсанда «Алқабилер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне алқабилердiң қатысуымен қылмыстық сот iсiн жүргiзу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заңдардың қабылдануы осы жұмыстардың қорытындысы болды. Соның нәтижесiнде 2007 жылдан бастап алқабилердiң қатысуымен қылмыстық iстердi қарау институты енгiзiлiп, бұл отандық сот жүйесiнiң дамуындағы демократиялық қадам болды. Сотқа халық өкiлдерiнiң қатысуына мүмкiндiк жасалып, бұқараның сенiмiн арттыра түстi.                  

Мемлекетiмiзде нарықтың жедел дамуы экономикалық қатынастарға қатысты дауларды қарайтын мамандандырылған соттарды құру қажеттiлiгiн айқын көрсеттi. Алғашқыда Президент Жарлығымен эксперимент ретiнде Алматы және Қарағанды қалаларында мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құрылып, олардың жұмыс нәтижесi бұл қадамның дұрыстығын дәлелдедi. Соның нәтижесiнде Мемлекет басшысының 2002 жылғы 9 ақпандағы Жарлығымен республиканың барлық облыстарында осындай соттар құрылды. Арнайы соттар қазiргi таңда ойдағыдай жұмыс атқарып, елiмiздегi нарықтық экономиканың дамуына оң әсерiн тигiздi.

2000 жылға қарай елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайы жақсарды. Халықтың әлеуметтiк жағдайының өсуi, нарықтық қатынастардың дамуы назарға алынып, елiмiзде мамандандырылған экономикалық, әкiмшiлiк соттар, ерекше ауыр қылмыстарды қарайтын мамандандырылған ауданаралық қылмыстық iстер және де тиiстi сынақтамадан өткен соң кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi соттар құрылды. Сот реформасының барысында елiмiздегi құрылған мамандандырылған ауданаралық соттардың тиiмдiлiгi дәлелденiп, бүгiнде барлық облыстарда әкiмшiлiк, қылмыстық және кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi соттар жұмыс iстеуде.

2007 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер енгiзудiң нәтижесiнде Қазақстанның сот жүйесi азаматтардың құқықтарын қорғаудың қуатты тетiгiне, соның iшiнде қамауға және үйде қамауға алуға санкция беру құқығына ие болды.

Елiмiзде нарықтық қатынастардың қалыптасып, экономиканың қарыштап өсiп, әлемдегi алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуы және кәсiпкерлердiң шетелдермен қарым-қатынастарының ұлғаюы Алматы қаласында шетел инвесторларымен болатын дауларды шешетiн қаржылық сотты құруға негiз болды.

Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтардың сот жүйесiне деген сенiмiн арттыру, сөзбұйдалыққа, сот қателiктерiне және судьялардың өздерiнiң заңдылықты бұзуына жол бермеу үшiн жағдайлар жасау; татуластыру рәсiмдерi мен медиацияны енгiзу; соттар мен судьяларды одан әрi мамандандыру; инновациялық технологияларды кеңiнен қолдану жөнiнде түбегейлi шаралар қабылдау бойынша» жұмыстар атқару қажеттiгi айтылған.

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық, Қылмыстық процестiк, Қылмыстық атқару және Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар кодекстерi қолданысқа енгiзiлдi.

Бiр сөзбен айтқанда, тәуелсiздiк жылдары отандық сот жүйесiн жетiлдiру және оны халықаралық стандарттарға сәйкестендiру бағытында түрлi бағдарламалар қабылданып, iске асырылды. Елбасының сындарлы тапсырмаларының арқасында отандық сот жүйесi халықаралық стандарттарға сай дамып келедi. Соның iшiнде Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарындағы заң үстемдiгiн қамтамасыз ету бойынша сот жүйесiне қатысты 11 мақсатты қадамның орны ерекше, шоқтығы биiк екенiн айтуымызға болады. Осы қадамның барлығы да өткен жылдан берi Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидiң басшылығымен елiмiзде жүйелi түрде жүзеге асырылуда.

Тарқатып айтар болсам, республика соттарының бес буынды сот жүйесiнен үш сатылы сот жүйесiне көшуi, судьялық лауазымға кандидаттарға қойылатын бiлiктiлiк талаптарының күшейтiлуi, Жоғарғы Сот жанынан Сот төрелiгi академиясының құрылуы, судьялардың жаңа Әдеп кодексiнiң әзiрленуi, Сот жюриiнiң жұмысы жаңғыртылып, алқабилер соты қарайтын iстер санатының кеңейтiлуi және тергеу судьясының өкiлеттiлiгiнiң артып, 11 нақты қадамдағы барлық тапсырмалардың республика соттарында практика жүзiнде iске асып жатқаны оның айқын дәлелi.

Оған мысал ретiнде 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енген Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестiк кодексiн келтiруге болады. Жаңарған кодексте азаматтардың және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн сотта тиiмдi қорғау, дауларды қарау мен шешудiң жеделдiгiн арттыру, сот актiлерiнiң сапасын қамтамасыз етуге баса мән берiлген. Шын мәнiнде, бұл кодекстiң қабылдануы демократиялық әрi құқықтық қоғамды дамытуға бағытталған нақты қадам болды. Бұл заң өзiнiң өмiршеңдiгiн қысқа мерзiмде дәлелдедi.

Мысалы, үстiмiздегi жылдың 9 айында облыс соттарында 56055 азаматтық iс қаралып, олардың 11 990-ы бойынша шешiм шығарылған. Осы шешiмдердiң 88-i немесе 0,1%-ы ғана апелляциялық тәртiппен бұзылып, 134 шешiм немесе 0,7%-ы ғана өзгертiлген. Жаңарған Азаматтық процестiк кодекске сәйкес, биыл сот бұйрығы арқылы және оңайлатылған тәртiппен iс жүргiзу ауқымы кеңейiп, өткен 9 айда облыс бойынша 32451 сот бұйрығы шыққан. Бұл 2015 жылы қаралған12662 iспен салыстырғанда, 19789-ға көп және осы мерзiмде оңайлатылған тәртiппен облыс соттарында 4936 iс қаралған. Медиация тәртiбiмен 1083 азаматтық iс, бiтiмгершiлiк келiсiмiмен 139 iс және 159 iс партисипативтiк келiсiм тәртiбiмен тоқтатылған. Сонымен қатар, осы кезеңде облыс соттарында 18953 адамға қатысты 18952 әкiмшiлiк iс қаралып, апелляциялық тәртiппен 8 қаулы бұзылып, 10 қаулы өзгертiлген.

Ағымдағы жылдың 9 айында облыс соттарына 3979 қылмыстық iс қарауға түсiп, олардың iшiнде 2577 адамға қатысты 2310 қылмыстық iс үкiм шығарумен аяқталған. 18 адамға қатысты үкiм бұзылып, 69 үкiм өзгертiлген. Барлығы 2577 адам сотталып, олардың 329-ы шартты түрде, 1551 адамға бас бостандығынан айыру жазасынан басқа жазалар тағайындалды. Осы кезеңде 85 адам ақталған. 12 адамға қатысты 9 iс алқабилердiң қатысуымен қаралған. Өткен 9 айда 158 адамға қатысты 137 қылмыстық iс бойынша процестiк келiсiм жасалып, 27 адамға қатысты 26 қылмыстық iс қысқартылған тәртiппен қаралған. Соттарда 11 қылмыстық iс медиаторлардың қатысуымен қаралып, оның 10-ы тараптардың өзара татуласуына байланысты тоқтатылған.

Сот жүйесiнде жүргiзiлген реформалардың нәтижесiнде соттардың жұмысы жаңа сапалы деңгейге көтерiлiп келедi. Ғаламдық бәсекеге қабiлеттiлiк индексiнiң «Соттардың тәуелсiздiгi» индикаторы бойынша Қазақстанның рейтингiсi жыл сайын жақсаруда. Мәселен, 2015-2016 жылғы дерек бойынша, елiмiздiң осы рейтингтегi көрсеткiшi 86-орыннан 72-орынға көтерiлiп, 14 позицияға жақсарды. 140 елдiң сот жүйесi сынға түскен әлемдiк рейтингте бұл жақсы көрсеткiш.

Судьялар съезi – мемлекетiмiздiң қоғамдық-саяси өмiрiндегi маңызды оқиға, судьялар қауымы да өздерiнiң даму қорытындыларын шығарып, алдағы межелердi айқындайтын ауқымды жиын. Әр съездiң қорытындысы бойынша сот төрелiгiн жүзеге асырудың өзектi мәселелерiне қатысты қажеттi шаралар қабылданып, сот жүйесi қызметiнiң құқықтық және ұйымдық негiздерiн жаңғыртудың маңызды бағыттары айқындалып отырды.

1996 жылы 19 желтоқсанда Алматы қаласында республика судьяларының I съезi өттi. Осы съезде судьялар қауымдастығының маңызды мемлекеттiк-құқықтық мәселелердi шешудегi ұстанымдарын анықтау мақсатында «Қазақстан Республикасы Судьялар одағы» республикалық қоғамдық бiрлестiк құрылды. Бұл бiрлестiктiң қоғамдық-саяси маңызы зор екендiгi айтпаса да түсiнiктi. Алғашқы съезде отандық тәуелсiз сот жүйесiн қалыптастыру және сот қауымдастығы алдында тұрған келелi мәселелер талқыланған болатын. Судьялар қауымдастығында моральдық тазалық, адамгершiлiк және жоғары бiлiктiлiк қағидаттарын бекiту мақсатында осы съезде судья Әдебi кодексi қабылданды.   

Мен Қазақстан судьяларының I съезiне делегат ретiнде қатысып, сөз сөйлеп, бiрнеше өзектi мәселелердi көтердiм. Атап айтқанда, сот төрелiгiн мемлекеттiк тiлде жүргiзуге байланысты мемлекеттiк тiлдегi нормативтiк-құқықтық актiлер мен қазақ тiлiндегi заң терминдерi сөздiктерiнiң жоқтығын, сот ғимараттарының басым көпшiлiгi сот қызметiне ыңғайластырылмағандықтан, соттарды заманауи ғимаратпен қамтамасыз ету проблемасы мен судьяларды материалдық-техникалық жағынан және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесi өз шешiмiн таппай отырғанын ортаға салған едiм.

Тәуелсiздiк жылдары Елбасының қолдауымен сот билiгiн өз деңгейiнде жүзеге асыруына тиiстi жағдайлар жасау мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынып, iске асырылды. Соның нәтижесiнде, бүгiнгi таңда Оңтүстiк Қазақстан облыстық, аудандық және оған теңестiрiлген барлық соттар ғимараттармен қамтамасыз етiлген. Сот қызметкерлерiне қажеттi материалдық-техникалық жағдайлардың бәрi жасалып, судьялар қызметтiк тұрғын үйлермен қамтамасыз етiлуде.

«Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын» iске асыру бағытында Жоғарғы Сот Төрағасы мен Соттардың қызметiн қамтамасыз ету департаментi басшысының тарапынан берiлген тапсырмалар жергiлiктi соттарда жүйелi түрде iске асырылуда. Соның нәтижесiнде сот кеңселерiнде құжаттарды тiркеу, бұйрықтар мен өкiмдердi әзiрлеу, жалпы және аралық отырыстардың хаттамаларын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге қол жеткiзiлдi. Сот тәжiрибесiне қатысты шолулар мен талдаулар, қорытулар мен ұсыныстар және барлық жоспарлар мемлекеттiк тiлде дайындалады. Облыс соттарында ұйымдастырылатын семинарлар мен конференциялар, «дөңгелек үстел» мәжiлiстерi, тағы басқа жиындар мен түрлi iс-шаралар қазақ тiлiнде өтедi. Облыс соттарында мемлекеттiк тiлдi күнделiктi қолдану мақсатында атқарылған жұмыстар өз нәтижесiн берiп, жалпы құжат айналымы бойынша мемлекеттiк тiлдiң орташа көрсеткiшi 2011 жылғы 67 пайыздан 2016 жылдың 9 айында 92 пайызға дейiн, ал, қазақ тiлiнде қаралған iстердiң үлесi 2011 жылғы 55 пайыздан, бес жыл iшiнде 75 пайызға дейiн өстi.

Бүгiнге дейiн Қазақстан Судьялар одағының алты съезi өттi және осы съездiң әрқайсысы өзiн-өзi ақтаған әрi оның қажеттiлiгiн қазылар қауымы мен қоғамға дәлелдеген маңызды жиын деп айтуға толық негiз бар. Осы орайда, Қазақстан Судьялар одағының әлемдiк Судьялар қоғамдастығына мүшелiкке қабылданғанын да атап өткенiмiз жөн.

Судьялардың VI съезi 2013 жылы 20 қарашада Астанада өтiп, осы съезде Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев елiмiздiң бiрқатар заңдарын қайта қарап, жаңарту жөнiнде тапсырма берген болатын.          

Берiлген тапсырмаларға сәйкес Жоғарғы Соттың Төрағасы VI съездiң қаулысын iске асыруға арналған iс-шаралар жоспарын бекiтiп, облыстық соттарға орындауға жолдаған едi. Жоспарда сот iсiн жүргiзудi жетiлдiру, дауларды шешуде баламалы тәсiлдердi енгiзу, сот төрелiгiнiң ашықтығы мен қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету, судьялардың кәсiпқойлығын, олардың қызметтерiнiң әлеуметтiк және материалдық жағдайларын жақсарту, тағы басқа да мiндеттердi iске асыру көзделген. Жоспарды жүзеге асыру мақсатында өткен үш жылдың iшiнде Жоғарғы Сот Төрағасының басшылығымен Оңтүстiк Қазақстан облысы соттарында ауқымды iстер атқарылды. Қорыта келгенде, бүгiнде VI съездiң шешiмдерi елiмiздiң сот жүйесiнде толығымен жүзеге асырылды деп айта аламын.                   

Осы жылдың 21 қарашасында Астана қаласында Қазақстан судьяларының VII съезi өтедi. Бұл жиын – судьялар қауымдастығының өмiрiндегi кезектi бiр асуы. Алдағы өтетiн съезде судьялардың жаңа Әдеп кодексiн қабылдау, соттардың тәуелсiздiгiн нығайту және сот жүйесiн одан әрi дамыту мәселелерiн қарау жоспарланған.

 Елiмiздегi сот жүйесi Тәуелсiздiктiң 25 жылында үлкен жетiстiктерге қол жеткiздi. Мемлекетiмiздiң сот-құқықтық жүйесiн жетiлдiру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Әрбiр судья Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында сот саласын одан әрi дамыту туралы атап көрсеткен бағыттарын басшылыққа алып, сот билiгiнiң биiк абыройы үшiн адал қызмет етiп, сот жүйесiн одан әрi жетiлдiру бағытында жұмыстар атқаруда.

Тарихтан белгiлi, сот ғасырлар бойы билiк пен ел басқарудың негiзгi тетiктерiнiң бiрi болған. Содан шығар, халық сот дегенде әдiлдiктiң бейнесiн көз алдына елестететiн болған. Тәуелсiздiгiмiз тұғырлы, болашағымыз жарқын, келешегiмiз кемел болуы үшiн осы рухани қазынаны әрi қарай қазiргi заман талабына сай жетiлдiруiмiз керек.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың жүргiзiп отырған салиқалы саясатының нәтижесiнде дәулетiне сәулетi сай, келешегi кемел елге айналдық. Елiмiздiң ертеңгi өркендеуi, Қазақстанның қуатты болуы, құқық жүйесiнiң негiзi – сот жүйесiн әрi қарай жетiлдiру бүгiнгi судьялар қауымдастығының абыройлы мiндетi.

Нұрсерiк ШӘРIПОВ, облыстық соттың төрағасы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Саланың табысы сараланды
Келесі жаңалық
Тәуелсiздiкке – 25 жыл