$ 444.22  476.38  4.82

Мерейтой қарсаңында ОҚО-да кәсіпкерлердің өз порталы ашылды

Өңiр басшысы Ж.Түймебаев облыс кәсiпкерлерiмен өткен кездесуде тауар өндiрушiлер үшiн туындайтын қиындықтарды талқылай келе, өнiмдердiң өтiмдiлiгiн жоғарылату, қолжетiмдiлiгi мен сұранысты арттыру жолдарын қарастыруды тапсырған болатын. Оның бiр жолы – ғаламтор арқылы насихаттау. Осыған орай «ONTUSTIK» Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығы Қазақстандағы бiрегей жоба – WWW.ONDIRIS.KZ вэб-порталын iске қосты. Ол меншiк нысаны мен саласы әртүрлi тауар өндiрушiлер және кәсiпорындардың вэб-каталогi. Яғни, өңiрдегi түрлi сала тауар өндiрушiлердiң базасы. Мұнда әрбiр кәсiпкер аймақтарды жiктеу фильтрi арқылы өзiне қажетiнше өнiм берушi, сатып алушы, тұтынушы, компаниялар мен түрлi саладағы фирмалар тәрiздi контрагент таба алады.

– Елiмiзде зауыттар, кәсiпорындар көптеп ашылуда. Кәсiп ашуға, оны қаржыландыруға, субсидия алуға бағытталған мемлекеттiк бағдарламалар жетерлiк. Өкiнiшке қарай, сол кәсiпорындар әрмен қарай жұмыстарын жүргiзе алмай, жабылып қалуда. Мұның негiзгi себебi – шығарған өнiмiн сата алмауы, бүгiнгi таңдағы нарықта үлкен бәсекелестiкке төтеп бере алу қабiлетiнiң төмендiгi. Оның үстiне статистика бойынша 10 кәсiпорынның iшiнен 8-i бiрiншi жылы жабылады екен. Мұндай келеңсiздiкпен қалай күресуге болады, кәсiпорындардың өмiршеңдiгiн қалай арттырамыз, кәсiпкерлердiң тауарларын сатуға қалай көмектесемiз деген сауалдар бiздiң орталық қызметкерлерiн толғандырды. Осыған орай түрлi бағыттарға арнайы сектор аштық. Соның бiрi – осы вэб-портал, – дедi кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры О.Тоғаев.

Сайтқа тiркелушiлер жеке парақшасына компания туралы негiзгi ақпаратты (тарихы, қызметi, өнiмдерi, суреттер) енгiзiп қана қоймай, тауар түрлерi бойынша бағалар анықтамалығын және қажеттi сiлтемелердi енгiзе алады.

Айта кететiн жәйт, анықтама каталогына мағлұмат орналастыру тегiн. Қазiргi таңда порталда ОҚО бойынша негiзгi 14 салалық бағытта 1000-нан аса отандық тауар профильдерi орналастырылған. Сондай-ақ, электронды база авторлары негiзгi сайтпен қатар ONDIRIS.KZ мобильдiк қосымшасын жасап шығаруға кiрiскен. Таяуда аталмыш қосымшаны смартфонға Android және IOS платформаларынан жүктеп алуға мүмкiндiк тумақ. Мобильдiк қосымша өз кезегiнде әрбiр қолданушыға кез келген уақытта жеке профильде тиiмдi жұмыс iстеуге септiгiн тигiзбек.

Алдағы уақытта WWW.ONDIRIS.KZ сайтын жасаушылар танымалдылық деңгейiн жоғарылату және ақпарат алмасу мақсатында өздерiне ұқсас отандық сайттармен достық қарым-қатынас орнатып, халықаралық iрi өнеркәсiп орындарының вэб-порталдарына шығуды көздеуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары