$ 443.35  475.54  4.82

Тәуелсіздікке тарту: Шымкентте «Қазақ инновациялық университетi» қалашығы бой көтередi

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Шымкентте тағы бір нысанның құрылысы басталмақ. Атап айтсақ, ОҚО орталығында жаңа университет қалашығы ашылмақ. Оған облыс орталығының Бозарық шағынауданы аумағынан 150 гектар жер бөлiнiп, қалашықтың сәулеттiк-құрылыс жобасы бекiтiлген. Үш бағыт бойынша (медицина, химия-технология, жоғары бизнес мектебi) маман дайындайтын университет кешенiнiң жобасымен кеше облыс әкiмi Ж.Түймебаев арнайы танысты. Оқу орны аумағынан тұрғын үйлер салынып, әлеуметтiк нысандар бой көтередi. Инновациялар және технологиялар колледжiнде өткен таныстырылым барысында облыс басшысы бүгiнде 9 кәсiптiк мамандық бойынша 970 студентке бiлiм берiп отырған оқу орнының жұмысына жақсы деген баға бердi. Әсiресе, студенттердiң «Стандарт Цемент» зауыты мен «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үй кешенiнде өндiрiстiк тәжiрибеден өтетiнi, диплом алған соң жұмыссыз қалмайтыны көңiл қуантты.

Облыс басшысы «SMG Greenhouse Profit» және «Стандарт Цемент» (құрылтайшысы Серiкжан Сейiтжанов) жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктерiнiң жұмысымен де танысты. Алғашқысы жылыжай шаруашылығымен айналысады. Серiктестiк бүгiнде қызанақ пен қиярды екi гектар жылыжайда голландық әдiспен өсiрсе, түрiк технологиясымен тағы осыншама гектар алқапта өнiм жинап, табысқа кенелiп отыр.

– Бұдан бөлек 0,25 гектар тұқымбағымыз бар. Онда қияр мен қызанақ көшеттерiн өсiремiз. Ал, жылыжайдан аптасына 29-30 тонна өнiм жиналады. Оны Ресейдiң Омбы және Екатеринбург қалаларына жөнелтудемiз, – дейдi серiктестiктiң бас директоры Дiлмұхамед Сейдiлдаев.

Жылыжай жұмысымен, мұнда еңбек етiп жүрген жұмысшылардың жағдайымен танысқан облыс әкiмi өзiмiзде өндiрiлетiн өнiмдi алдымен iшкi нарыққа шығаруды, жұмысшылардың жалақысын нарықтағы құнсыздандыруға қарай әлi де болса жоғарылатуды тапсырды.

Ал, «Кас Бетон», «Фирма Мадина» сынды бiрнеше серiктестiктердiң басын қосып отырған «Стандарт Цемент» ЖШС-нiң өнiмдерi жоғары сұранысқа ие. Әрi нарықта цемент бағасының тұрақтануына өзiндiк ықпалын тигiзiп отырғанын жеткiзген серiктестiк директорының орынбасары Болат Естемесов зауыттың өнiм өндiрудегi ерекшелiктерiмен таныстырды.

 Белгiлi меценат, облыстық мәслихаттың депутаты Серiкжан Сейтжановтың құрылтайшылығымен жұмыс iстеп тұрған зауыт, жылыжай, колледж жұмысына қаныққан облыс әкiмi бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында салынып жатқан бiрқатар нысандардың жобасымен де танысты. Соның бiрi – «Нұрсәт» шағынауданындағы мешiт. Бiр мезетте 8 мың адам Аллаға құлшылық жасай алатын имандылық үйiнiң құрылысы үшiн 12 гектар жер бөлiнген. Онда мешiт ғимаратынан бөлек медресе, кiтапхана, неке қию және мәжiлiс залдары салынады. 1200 көлiкке лайықталған автотұрақ та мешiт аумағын тарылтпай, ауласының кең болуы үшiн үш қабаттан тұратын жер асты кешен ретiнде жобаланған. Мұны өте тиiмдi жоба деп бағалаған облыс әкiмi «мешiт айналасын көрiктендiру, көркейту iсiне ерекше көңiл бөлiңiздер. Мiнәжат етуге келген жамағатқа ыңғайлы болатындай, отырып тынығатындай орындар ұйымдастыруға мән берiңiздер» дедi.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары