$ 445.66  474.58  4.78

Шымкентте ауыл шаруашылығы көрмесi өтті

Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «AgriTek Shymkent’2016» 5-шi халықаралық мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесi өз жұмысын бастады.

Көрмеде Қазақстан, Ресей, Түркия, Германия, Испания, Ұлыбритания сынды өзге де елдердiң 50-ден астам компаниялары ауыл шаруашылығы техникаларын және жабдықтарын, қосалқы бөлшектердi, суару және тыңайту технологияларын, жылыжайларды, тұқымдар мен екпелердi, тыңайтқыштарды, өсiмдiктердi қорғау құралдарын, мал шаруашылығына арналған, сондай-ақ, ветеринарлық технологияларды ұсынды.

Облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев көрменiң ашылу салтанатына қатысып, жиналғандар алдында сөз сөйледi.

– Ауыл шаруашылығы – Оңтүстiк Қазақстан облысының басты салаларының бiрi. Аталған саланың тиiмдiлiгiн көтеру – бiз үшiн бiрiншi кезектегi мiндет, өйткенi өңiр халқының жартысынан астамы ауылдық жерде тұрады.

Облыс республикадағы ауыл шаруашылығы саласының локомотивiне айналып келедi. Соңғы үш жылда жыл сайын 1 млн. тоннадан аса бақша дақылдары жиналуда. Республикадағы жылыжай шаруашылықтарының 87 пайызы бiздiң өңiрде орналасқан. Елiмiзде мақта тек бiзде ғана өсiрiледi. Жүзiм мен бақша дақылдарының 70 пайызы – Оңтүстiктiң үлесiнде.

Бүгiнгi көрменiң барлық қатысушыларына жемiстi еңбек, алға қойылған жоспарлардың орындалуын және өзара тиiмдi ынтымақтастықты тiлеймiн, – дедi өңiр басшысы.

«AgriTek Shymkent’2016» агроөнеркәсiп кешенi мамандарының өзара тәжiрибе алмасып, жаңа технологиялармен бөлiсу, сонымен қатар, бiрлескен бизнес-жобаларды құру мақсатында ұйымдастырылады.

Көрмеге қатысушылардың бiрi – Бақтияр Тағаев. Ол – Ордабасы ауданындағы Бадам елдi мекенiндегi «Александровский сад» ЖШС-нiң директоры. 20 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын пайдалану арқылы қарқынды алма бау өсiруде. Айтуынша, үстiнен күн сәулесiн өткiзбейтiн торларды пайдаланып, алманың түр-түрiнен бөлек, сары өрiк, қара өрiк, шабдалы, шие тәрiздi жемiстер өсiруде. Кәсiпкер өздерiне мұндай көрменiң берер пайдасы көп екендiгiн айтады. «Келген мақсатымыз – өзiмiздi халыққа таныту, сондай-ақ, бiрге жұмыс iстеуге әзiр серiктестер табу» дейдi ол.

Ал, жетiсайлық кәсiпкер Ерлiк Сәдiбеков көрмеге алма көшеттерiн және алма, алмұрт, жүзiмнiң төрт түрiн алып келiптi. Жүзiм көшеттерi Италиядан сатып алынған екен. Оңтүстiктiң ауа райы оларға өте қолайлы болып, өнiмдi жақсы берiптi. Алмұрттың «абата» деп аталатын түрi Голландиядан алып келген көшеттен шығыпты. «Қазақстанда бұл көшет тек бiзде ғана бар» дейдi Ерлiк.

– Облыста жақсы жетiстiктер жетерлiк. Дегенмен, ендi бiз сапаға көшуiмiз керек. Соңғы кездерi бiз мақтаның өнiмдiлiгiн 26-27 центнерде ұстап отырмыз. Оған жаңа техника мен технологияларды енгiзудiң арқасында жетiп отырмыз. Қазiргi таңда мақтаның 65 пайызын комбайнмен терудемiз. Бұл жағынан алғанда көршi елдермен салыстырғанда әлдеқайда озық тұрмыз. Биылдың өзiнде 2,5 млн. тоннадай көкөнiс пен бақша дақылдарын өсiрдiк. 200 мың тоннадай жемiс-жидек пен жүзiм жинадық. Бүгiнгi таңда бұл да үлкен жетiстiк. Облысты көкөнiспен толық қамтамасыз етiп отырмыз. Әрине, келешектегi мақсатымыз – оларды экспортқа шығару. Ал, бүгiнгi көрмеде шаруалар өнiмдiлiктi арттыруға көмектесетiн жаңа техникалармен танысады деп сенемiз, – дейдi облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серiк Тұрбеков.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары