$ 444.22  476.38  4.82

«Ернияздың» орны ерекше

Жарнама, баспа iсi саласында өзiндiк орны бар «Ернияз» жарнама-өндiрiстiк фирмасы атауын «Erniyaz media group» брендiне ауыстырды. Компанияның құрылғанына биыл 10 жыл толды. Осы мерекеге орай «ернияздықтар» «Rixos» қонақүйiнiң «Абай» мәжiлiс залында «Тәуелсiздiк – тiрегiмiз. Бiз жасаған ON қадам» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткiздi.

Жиында ұжым басшысы Е.Дайраш жаңа брендтi таныстырып, компанияның жүрiп өткен жолы, жеткен жетiстiктерi туралы айтты.

– Осыдан он жыл бұрын шағын орталық болып құрылып, үш-төрт қызметкермен жұмысты бастаған едiк. Осы жылдар аралығында көптеген қиыншылықтарды еңсеруге тура келдi. Полиграфия – қызығы мен шыжығы мол ауыр сала. Мұнда қателiктер кешiрiлмейдi. Себебi, қандай да бiр бұйым көп тиражбен шығады. Аз ғана қателiгiң компанияны орасан шығынға ұшыратуы ықтимал, – дейдi ұжым басшысы Ербол Дайраш.

Бүгiнгi таңда өңiрiмiзде 100-ден астам жарнама компаниясы тiркелген. Соның iшiнде 20-сы белсендi iс-әрекет үстiнде деп танылса, алғашқы бестiктiң құрамында осы «Ернияз» мекемесi бар. Олар тынымсыз еңбектенудiң нәтижесiнде мемлекеттiк Елтаңбаны жасап шығару мүмкiндiгiне ие болды. Бұл жөнiнде ұжым басшысы былай дейдi:

– Ел егемендiгiн алған алғашқы жылдары Елтаңбаны әркiм өзi қалаған күйiнде жасайтын. 2015 жылы мемлекеттiк рәмiздердi дайындаудың стандарттары бекiтiлдi. Өткен жылдың аяғында бiз Техникалық реттеу және метрология комитетiнiң ең соңғы стандарттағы арнайы лицензиясын иелендiк. 2017 жылы барлық мемлекеттiк ұйымдар, жеке кәсiпорындар, корпорацияларда мiндеттi түрде Елтаңбаның жаңартылған формасын қолдану мiндеттеледi.

Қазiргi таңда маркетинг саласында бренд, брендинг тәрiздi жаңа имидждiк жобалар қалыптасуда. Әр мемлекеттiң, өңiрдiң өз брендi болуы тиiс. Логотип арқылы тұтастай елдiң iшкi тыныс-тiршiлiгiн, дәстүрiн, болмысын жеткiзуге болады. «Ел идеологиясын жүзеге асырудағы полиграфияның орны» деген тақырып аясында облыстық iшкi саясат басқармасының басшысы Болатбек Төлеген өз ойымен бөлiстi.

– Елбасы саясатын насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше. Сондай-ақ, мемлекеттiк саясатты қазiргi заман талабына сай көрнекi насихат құралдары арқылы да жеткiзудiң маңызы зор. Бұрынғыдай ұзақ жарнамадан гөрi ең тиiмдiсi – билборд, брандмауэр, панно арқылы мәтiндердi сандармен қысқа ғана қайыру күннен-күнге дамып келе жатыр. Бұл салада iзденiспен еңбек етiп жүрген азаматтардың бiрi – Ербол Дайраш. Өзiмiзде өтетiн түрлi iс-шараларды безендiру бойынша ол басқаратын компаниямен бiрнеше жылдан берi бiрлесiп жұмыс iстеудемiз, – дедi Болатбек Бақтиярұлы.

Астанадағы «Бақ орда» компаниясының басшысы Мәди Манатбектiң айтуынша, компания жұмысы өзге әрiптестерiмен ынтымақтасу арқылы ғана өрге басады. Осы тұрғыда өздерi «Ернияз» медиа тобымен тығыз байланыста жұмыс iстеудi жөн көрiптi. Бүгiнде екi тарап логистика мәселесiн бiрлесiп шешу үстiнде екен. Басқосуда сөз алғандардың барлығы да «Ернияз» компаниясына ақжарма тiлектерiн бiлдiрiп, алдағы жұмыстарына сәттiлiк тiледi.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары