$ 444.22  476.38  4.82

Шардаралық диқандардың Тәуелсіздікке тартуы

Шардаралық мақташылар ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы мерекесiне үлкен тарту жасап отыр. Олар 12 291,2 гектар алқаптан межеленген 33 309 тоннаның орнына 33 806 тонна шиттi мақта жиналды. Аудан диқандары қажырлы еңбектiң, агротехникалық талаптарға сай мақтаны күтiп-баптау шараларын өз деңгейiнде атқарғанының нәтижесiнде гектар берекелiлiгiн 27,5 центнерден айналдырды.

Мол өнiмге қол жеткiзуге Қ.Тұрысбеков, Көксу және Алатау батыр ауылдық округтерiнiң мақташылары сүбелi үлестерiн қосты. Сондай-ақ, Жаушықұм ауылында тамшылатып суару әдiсiмен 240 гектарға мақта еккен «Иiржар агро» ЖШС-i де мол өнiм алды. Серiктестiк диқандары межеленген 960 тонна шиттi мақтаның орнына 1224 тонна мақта немесе әр гектардан орташа 51 центнерден өнiм жинады.

Көксу ауылдық округiндегi «Тоқай» шаруашылығының төрағасы Асан Әдiлбеков биыл да гектар түсiмдiлiгiн арттырып отыр. Шаруашылық 9,5 гектар алқаптың әр гектарынан 61,4 центнерден өнiм жинады. Алатау батыр ауылындағы Дүйсен Лесов басшылық ететiн «Рахымжан» шаруа қожалығы 15 гектар мақталықтан 47 центнерден «ақ алтын» алды. Жекелеген мақта терiмшiлер арасында көксулық Дүйсенкүл Серкебайға тең келер ешкiм болған жоқ. Ол жиын-терiм науқаны басталғалы 20 гектар мақталықтың әр гектарынан 61,2 центнерден мақта терiп, қырманға 123 тонна ақ ұлпа өткiздi.

Қазiрде ауылдық округтерде мақта жинау науқаны толастаған жоқ. Шаруалар алқаптағы өнiмдi жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу үшiн уақытпен санаспай еңбек етуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары