$ 439.43  473.31  4.82

Үздiк мемлекеттiк музей анықталды

Ұлттық музейде Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы қарсаңында мемлекеттiк музейлер мен қорық-музейлер арасында ұйымдастырылған «Ең үздiк музей» атты республикалық байқаудың жеңiмпаздарын марапаттау рәсiмi өттi. Байқау жұмысы қыркүйекте басталып, екi ай бойы жалғасқан.

Нәтижесiнде байқауға қатысушы үмiткерлер «Үздiк мемлекеттiк музей» (облыстық дәрежедегi), «Үздiк қорық-музей», «Үздiк мемлекеттiк музей» (аудандық (қалалық) дәрежедегi), «Мемлекеттiк музейдiң (облыстық дәрежедегi) үздiк қызметкерi», «Мемлекеттiк қорық-музейдiң үздiк қызметкерi», «Мемлекеттiк музейдiң (аудандық (қалалық) дәрежедегi) үздiк қызметкерi» номинациялары бойынша марапатталды.

«Облыстық дәрежедегi үздiк мемлекеттiк музей» номинациясын ОҚО Тарихи-өлкетану мұражайы жеңiп алса, «Үздiк қорық-музей» номинациясын ШҚО Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы иелендi. «Аудандық, қалалық дәрежедегi үздiк мемлекеттiк музей» номинациясы бойынша Жезқазған тарихи-археологиялық музейi жеңiмпаз атанды. Бұдан бөлек елiмiздегi музейлердiң қызметкерлерi де марапатталды.

Салтанатты шарада сөз алған Мәдениет және спорт министрлiгiнiң жауапты хатшысы Қуатжан Уалиев: «Бiз Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына үлкен жетiстiктермен келдiк. Ол жетiстiктерге музей саласы қызметкерлерiнiң қосқан үлесi аз емес. Тәуелсiздiк алғалы елiмiздегi музейлердiң барлығы аяқтарынан нық тұрды. Елбасы Ұлттық музей салуға ұйытқы болып, өзге музейлердi де дамытуға ерекше көңiл бөлдi. Бүгiнгi өтiп жатқан байқау ендiгi жерде өз жалғасын табатынына сенiмiмiз кәмiл» деп, музей саласындағы қызметтiң маңыздылығына тоқталып өттi.

Байқаудың негiзгi мақсаты – мемлекеттiк музейлер мен қорық-музейлердiң және музей қызметкерлерiнiң жұмысын ынталандыру және жетiлдiру. Сонымен қатар, музей саласындағы шығармашылық және инновациялық бастамаларға қолдау көрсету.

Жеңiмпаздарға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiнiң атынан дипломдар және бағалы сыйлықтар табыс етiлдi.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары