$ 443.35  475.54  4.82

Шырағың сөнбесiн, «шамшырақ»!

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкiбас аудандық «Шамшырақ» газетi әр кездерi сол заман талабына сай «Молшылық», «Еңбек туы» болып аталды. Газетте Амангелдi Iзтiлеуов, Қуандық Аршабаев, Қазбек Кетишев, Мұрат Пралиев, Шынарбек Сәрсенбаев секiлдi журналистика деп аталатын саланың отымен кiрiп, күлiмен шыққан майталмандар жұмыс iстедi.

Газет бетiндегi мақалалардың терең мағынасы, сырлы да сезiмтал сөздерi жаныңды толқытады. Лирик жазушы Тұтқабай Иманбеков Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика бөлiмiн бiтiрген соң республикалық «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас Алаш») газетiнде әдеби қызметкер, бөлiм меңгерушiсi болып қызмет iстедi. Қаламгердiң алғашқы өлеңдерi, әңгiмелерi осы «Шамшырақта» жарық көрген. Көлемдi («Үш айдың үш күнi», «Үлкен үй», т.б.) прозалық кiтаптары шығып, белгiлi жазушы болып қалыптасты. Белгiлi жазушы Мархабат Байғұт та осы аудандық газетте томағасын сыпырды.

Осы жерде мына бiр оқиға есiме түсiп отыр. 2011 жылы «Шамшырақтың» сексен жылдығы аталып өттi. Газеттiң бұрынғы тiлшiлерi, журналистер, аудан, облыстан газет жанашырлары шақырылыпты. Түлкiбастың тумасы, осы газеттiң 1968-1974 жылдардағы қызметкерi, жазушы-журналист (бұл күндерi Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, Оңтүстiк Қазақстан облысының, Түлкiбас, Бәйдiбек аудандарының құрметтi азаматы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерiнiң иесi) Мархабат Байғұтқа сөз берiлгенде басында күлiмсiреп тұрғандай едi, кейiн қабағында кiрбiң пайда болып, мұңая, ашына сөйледi.

– Жасыратыны жоқ, Шәкәрiм айтқандай, тiршiлiк басы қозғалыс қой. Соңғы кездерi Түлкiбас ауданынан шығып жатқан жас журналистер байқалмайды. Ауданның жас өскiндерi қатарынан журналистикаға, БАҚ салаларына, жалпы қаламгерлiкке құлшыныс жоқ секiлдi. Өзге аудандардан ондап-отыздап журналистер шығып-ақ жатыр. Ал, табиғаты тамылжыған Түлкiбасыңыздан талаптылар мен таланттылар шықпай жүрсе, ол жақсылықтың белгiсi дей алмаймыз, – деп аяқтады сөзiн.

Осы басқосудан кейiн ауданда көпшiлiктi әдебиет әлемiне шақыратын, әдеби туындыларды насихаттайтын «Мархабат–Мирас» қоғамдық қоры құрылды. Қордың негiзгi мақсаты – көркем әдебиетке, кiтап әлемiне бетбұрыс жасау, қызығушылықты арттыру, жастардың шығармашылықтарына жол ашу, оларды белгiлi ақын-жазушылармен, өнер адамдарымен кездестiру, жүздестiру, шығармашылық ой бөлiсу, байқаулар, талқылаулар, айтыстар ұйымдастыру.

 «Мархабат-Мирас» қоры содан берi бiраз жұмыс атқарды.

«Шамшырақты» ұзақ жыл басқарған Рүстем Өмiрзақов өзiнiң iскерлiгiн көрсетiп, жоқтан бар жасай жүрiп, газеттiң уақтылы шығып тұруына күш жұмсады. Рүстемнiң қасынан газеттiң нағыз жанашырлары Арысбай Айтаманов, Орынтай Көмеков, Кендебай Айтқұлов, Анартай Оразбаев сияқты азаматтар табылып, газет мазмұнды шыға бастады. Қазiргi таңда газеттi басқару тiзгiнi осы қасиеттi шаңырақта 30 жылдан берi аянбай еңбек етiп келе жатқан Арысбай Айтамановқа тиген. Жоғарыда аталған газет жанкүйерлерiнiң тобына шындықты ойып жазып, оқырмандардың ерекше ықыласына бөленген жас журналист Айгүл Сүндетова қосылған.

Қорыта айтқанда, газет ұжымын «Шамшырақтың» 85 жылдығымен құттықтай отырып, Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдық мерейтойын толымды табыстарымен қарсы алуларына тiлектестiгiмдi бiлдiремiн.

Өмiрбек КЕРIМБЕКҰЛЫ, газет жанашыры, Түлкiбас ауданының құрметтi азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары