$ 443.85  474.3  4.8

Мейiрiм мөлдектеген мекен

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жер-жерлерде мектепке дейiнгi тәрбие мекемелерi ашылып, тұрғындарды үлкен қуанышқа бөлеуде. Осындай балабақшалардың бiрi Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданындағы «Алпамыс батыр» бөбекжайы.

Бүлдiршiндердiң бүгiнгi күннiң талабына және жасы мен даму ерекшелiктерiне сай үш тiлде бiлiм алуы – бiрiншi кезектегi мәселе. Iскер басшы Х.Алмағамбетова басқаратын бiлiм мен тәрбие ордасы бүгiнде ауданда бiрiншi болып Елбасы көтерген тiлдердiң үштұғырлығы саясаты бойынша эксперимент алаңы ретiнде таңдалған. Осыған орай мұнда «Көптiлдiлiкке баулу – мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытуда» тақырыбында аудандық семинар өттi.

Бөбектер ұяжайында ұлағатты тәрбие берер iс-шаралар жиi ұйымдастырылады. Осындай iс-шаралардың бiрiнде меценат Бауыржан Оңғарбаев балабақша тәрбиешiлерi Н.Исахова, Р.Қорғанбекова және педагог-психолог Р.Сапарованы «Алпамыс батыр» төсбелгiсiмен марапаттапты. Балабақша тәрбиеленушiлерi ауданда өтетiн iс-шараларға белсене қатысып тұрады екен. Аудандық бiлiм бөлiмiнiң мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту бойынша әдiскерi А.Нұралиева түрлi iс-шараларға, оқу iс-әрекеттерiне қатысып, жалпы балабақшамен тығыз байланыста жұмыс жүргiзiп келедi. Бала мен гүл екеуi де адамға қуаныш сыйлайды. Екеуi де күтiмi келiссе жайнап тұрады. Балалар бақшасының ұжымы «Гүлдер көрмесi» байқауында бас жүлдеге ие болуы тегiн емес, әрине.

Олар, сондай-ақ, мектепке дейiнгi ұйымдар арасында өткiзiлген «Мектепке дейiнгi бiлiм беретiн үздiк ұйым» аудандық байқауында бас жүлденi жеңiп алды. «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыру институтының «Жыл үздiктерi – 2015» байқауының 1 дәрежелi дипломын иелендi. Аудандық «Озат тәжiрибе – 2016» байқауында жаңа бiлiм беру мазмұны жағдайындағы инновациялық идеялары мен оқытудың тиiмдi тетiктерiн iске қосудың озық әдiстерiн ұсынғаны үшiн I орынды иеленiп, тамыз мәслихатында «Көптiлдiлiкке баулу – мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытуда» тақырыбындағы озат тәжiрибесi таратылды.

Балалар – баға жетпес асыл қазынамыз. Сондықтан мейiрiм мөлдектеген мекенде қашан да шат күлкi естiледi. Иә, балалардың алаңсыз да қуанышты күлкiсiне тең келер әлемде ештеңе де таппайсыз...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары