$ 445.66  474.58  4.78

ОҚО бюджеті тәуелсіздіктің 25 жылында қалай өзгерді?

Әр елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарап оның қалай дамып жатқаны жөнінде баға беруге болады. Сол сияқты Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайы да еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жыл кезеңдегі өркендеу үдерісіне сәйкес жылдан жылға жақсарып келе жатыр.

Облыс бюджетіне еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы сол кездегі валютада, яғни 2,3 млрд.рубль түскен екен, ал, шығыстар 1,9 млрд.рубльді құраған. Оның 1,6 млрд.рублі әлеуметтік салаларға жұмсалған.

Ұлттық валютамыз – Теңге айналымға енгізілген 1993 жылы облыс бюджетінің түсімдері 387,0 млн. теңге болса, оның ішінде жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдер 139,0 млн.теңге болған. Ал, бюджет шығыстарының көлемі 380,0 млн.теңгені құраған. Бұл қаржылардың 220,0 млн.теңгесі әлеуметтік салаларға бағытталған болса, оның ішінде білім беруге – 107,0 млн.теңге, денсаулық сақтауға – 59,0 млн.теңге, әлеуметтік қамту мен әлеуметтік көмекке – 46,0 млн.теңге, мәдениет, спорт, туризм мен ақпараттық кеңістікке 8,0 млн.теңге қаржы жұмсалған.

Он жылдан кейін, яғни 2001 жылы облыс бюджетінің қоржынына 25,8 млрд.теңге құйылса, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында, яғни 2011 жылы облыс бюджетіне 309,7 млрд.теңге түсті.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында облыс бойынша бюджет кірістерінің көлемі 562,3 млрд.теңге болып жоспарланып отыр. Бюджетте қарастырылған барлық шығыстар, оның ішінде ең бірінші кезекте еңбекақы төлемдерін, әлеуметтік салаға қаралған қаржылар мен басқа да ағымдағы шығыстарды ай сайын уақтылы қаржыландыру қамтамасыз етілуде. Мұның бәрі де облыс жұртшылығының айрандай ұйыған бірлігін, ортақ мақсат жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара ұйымшылдықпен еңбек етіп жатқанын көрсетеді. Бюджет саласындағы осындай оң өзгерістердің бәрі де мемлекетіміздің экономикалық қуатының нығая түскендігін, Қазақстан экономикасының әлемдік деңгейдегі дәрежесінің артып келе жатқандығына дәлел бола алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары