$ 474.72  515.17  5.58

Абылайдың алдына түсер ешкiм болмады

Оңтүстiк Қазақстан политехникалық колледжiнде ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай «Тiл мерейi – 2016» облыстық байқауы өттi. Ұстаздар арасында өткен сайысты облыстық тiлдердi дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы ұйымдастырды. Жиырма үмiткер қатысқан байқау шымылдығын басқарма басшысының орынбасары Қасым Ағабеков құттықтау сөзбен ашты.

– Тiл – ұлт санасының бейнесi, парасатының көрiнiсi, адамзатты бiрiктiретiн қатынас құралы. Тiлсiз қоғам болмайды. Тiлдердi дамытуда ұстаздарға артылар жауапкершiлiк орасан. Қырық жылдық тәжiрибесi бар ұстаз да қырық бес минуттық сабаққа дайындықпен кiруi тиiс, – деген ол үмiткерлерге сәттiлiк тiледi.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң мемлекеттiк тiлдердi оқыту кафедрасының меңгерушiсi Ләззат Тұрабаева, Шымкент қалалық тiлдердi оқыту орталығының директоры Нұрила Жұманова, облыстық әзiл-сықақ және сатира театрының көркемдiк жетекшiсi Мақсат Айтжанов ұстаздардың өнерiн бағалады. «Өзiн-өзi таныстыру» кезеңiнде қатысушылар бойдағы бар өнерiн аянып қалған жоқ. Әсiресе, өлең шумақтарымен, домбыраның сүйемелдеуiмен өзiн өзi таныстырған конкурсанттар көрермен ықыласына бөлендi. Ал, Абылай Құлтайдың суырыпсалма ақындық өнерi көпшiлiктi тәнтi еттi. «Өнер алды – қызыл тiл» кезеңiнде ұстаздар көрермендерге жаңа қырынан танылды. Тамылжыта ән салып, мың бұрала би биледi, Тәуелсiздiк тақырыбына арнауларын оқыды, дәстүрдi дәрiптейтiн көрiнiстер сахналады. Қуантарлығы, байқауға өзге ұлт өкiлдерi де белсене қатысып, өнер көрсеттi. Сайыс соңы Оңтүстiк Қазақстан политехникалық колледжi студенттерiнiң қатысуымен концертке ұласты.

Екi кезеңнен тұратын байқау қорытындысы бойынша бас жүлденi Абылай Құлтай иемденiп, I орын Нұрқыз Мықтыбековаға табысталды. Серiкбай Ғарифолла, Азиза Мекенбай, Мөлдiр Досжанова II орын иегерi атанса, Рахат Дуабеков, Қарлығаш Қожахметова, Салтанат Базарбаева, Құндызай Шертаева III орын алды. Барлық қатысушылар Алғыс хаттармен, жеңiмпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айдана ОРАЗ, ОҚМПИ-дiң филология факультетiнiң 3-курс студентi.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары