$ 447.4  477.55  4.76

Сарыағаш: Жыл сайын 10 мыңнан астам сәби дүниеге келедi

Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерейтойын Сарыағаш ауданы толағай табыстармен қарсы алғалы отыр. Айталық, 1991 жылы ауданның жалпы iшкi өнiм көлемi сол жылдардағы валютаны теңгеге шаққанда 946 миллионды құраған болса, 2015 жылы бұл көрсеткiш 136 миллиард теңгеден асты. Яғни өндiрiлген өнiм мен көрсетiлген қызмет көлемi 144 есе өстi. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Сарыағаш ауданының әкiмi Қайрат Әбдуәлиев баяндады.

Бүгiнде Сарыағаш – облыстағы ғана емес, бүкiл республикадағы ең iргелi аудан. Ондағы тұрғындардың саны 330 мыңға жақындайды. Аймақта ауыл шаруашылығы саласы мен туризм бiршама жақсы дамыған. Сарыағаштық диқандар мен шаруалар биыл 24 миллиард 230 миллион теңгенiң өнiмiн өндiрген. Сондай-ақ, ауданда 18 қонақүй мен 20 шипажай жұмыс iстеп тұр.

Тәуелсiздiк жылдарында Сарыағаш ауданында 54 жаңа мектеп салынып, 39 елдi мекенге таза ауызсу жеткiзiлiп, 56 елдi мекенге табиғи газ тартылған. Сондай-ақ, ауданда балабақшамен қамту көрсеткiшi еселеп жақсарып, 83,4 пайызға жеткен.

– Дегенмен, халқы тығыз орналасқан аудан болғандықтан шешiмiн күткен мәселелер әлi де жеткiлiктi. Мәселен, атқарылған жұмыстарға қарамастан ауданда ауызсумен қамтамасыз ету 45 пайызды, ал, газдандыру көрсеткiшi 43 пайызды ғана құрап отыр. Алдағы 3 жылда аталған көрсеткiштi 2 еседей көтерудi жоспарлап отырмыз, – дедi Қайрат Амангелдiұлы.

Аудан әкiмiнiң айтуынша, Сарыағаштағы ең күрделi мәселелердiң қатарында мектеппен қамту және перзентханадағы орын жеткiлiксiздiгi болып отыр.

– Ауданда жыл сайын 10 мыңнан астам сәби дүние есiгiн ашуда. Халқымыздың көбейiп жатқанына бiз қуаныштымыз. Ендi ол балаларға мектеп салып әзiрлеуiмiз керек. Өткен жылы салынған 300 орынды мектептерге биылдың өзiнде 600 оқушы барды. Екi-үш жылда олар қайтадан үш ауысымға көшуге мәжбүр болуы мүмкiн. Сол себептi облыс басшылығына Сарыағашта салынатын мектептердiң сыйымдылығын 600 оқушыдан кем етпеу жөнiнде ұсыныс бердiк, – дейдi аймақ басшысы.

 Сонымен қатар, Қ.Әбдуәлиевтiң айтуынша, аудан орталығынан жаңа перинаталды орталық салу жоспарланып отыр. Ол Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара аудандарындағы 800 мың адамға қызмет көрсететiн болады. Орталық ашылса, жағдайы күрделi жүктi әйелдер шалғай ауылдардан Шымкентке қатынап, әуре-сарсаңға түспес едi.

«Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары