$ 474.72  515.17  5.58

Ел болашағы – жастардың қолында

Шымкент қаласындағы «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ-ның мәжiлiс залында облыстық жастар саясаты мәселелерi жөнiндегi басқарманың ұйымдастыруымен «Болашағы жарқын Оңтүстiк жастары» атты өңiрлiк жастар форумы өттi. Жиынға облыс әкiмi Ж.Түймебаев, аудан, қала «Жастар ресурстық орталықтарының» жетекшiлерi, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары мен жастар комитеттерi, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты, республикалық, облыстық жастар ұйымдарының өкiлдерi мен белсендi жастар қатысты.

Жастар форумының жұмысына сәттiлiк тiлеген өңiр басшысы Жансейiт Қансейiтұлы кез келген мемлекеттiң экономикасының, жалпы әлеуетiнiң дамуы жастардың қатысуынсыз мүмкiн еместiгiн, болашағымыз жастардың қолында екенiн айтты.

– Тәуелсiздiк алғалы берi елiмiзде өскелең ұрпақтың болашағы үшiн қабылданған түрлi мемлекеттiк бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Жастар болашағына арналып инвестиция салынып жатыр. Ел экономикасының дамуына үлес қосамын дейтiн әрбiрiңiздiң бастамаңызды қолдауға әзiрмiн. Алдағы уақытта жылына екi рет осындай форум өткiзiп, өз саласында жетiстiкке жетiп жүрген талапты жастардың басын қосайық, – дедi облыс әкiмi Ж.Түймебаев. Сондай-ақ, жастарды бос уақытты тиiмдi пайдаланып, спортпен шұғылдануға, Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдық мерейтойына орай әрбiр жасты бiр түп ағаш отырғызуға шақырды.

Форумда облыстық жастар саясаты мәселелерi жөнiндегi басқарманың басшысы Б.Жанәбiл мемлекеттiк жастар саясатының өңiрде жүзеге асырылуы мен ауыл жастарын бизнеске тарту, жастар мен жасөспiрiмдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелерi бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ, басқосуда 1 желтоқсанда Астана қаласында өтетiн республикалық жастар форумына Оңтүстiк Қазақстан облысынан баратын делегаттар сайланды.

Жиында жылдың жас үздiк сала мамандары облыс әкiмiнiң Алғыс хатымен марапатталды. Облыс жастарына арналған үндеу жарияланды.

Кездесу соңында жастар әкiмге кәсiпкерлiкпен шұғылдануға қолдау көрсету, шетелдiк оқу орындарына грант бөлу, мемлекеттiк қызметте сатылай өсу, тағы басқа да мәселелер жөнiнде бiрқатар сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды. Солардың бiрi – кентаулық Ахмет Өтепбаев. Ол кеншiлер қаласындағы сүт өнiмдерiн шығаратын шағын цехтың иесi. Екi жыл бұрын «Оңтүстiк» аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС-iнен несие алып, бизнесiн бастаған. Бүгiнде тәп-тәуiр табыс тауып отыр. Ендi кәсiп аясын кеңейтiп, өнiмдерiн облыс орталығына сатылымға шығарсам дейдi. Бизнесiн өркендетуге шағын жер алуға әкiмдiктен көмек сұрады.

Айта кетейiк, бүгiнде облыс тұрғындарының 800 мыңға жуығы жастар. Бұл кейбiр облыстардың жалпы халқының санынан да жоғары. Ал, облыстағы 12 жоғары және 91 орта арнаулы оқу орнында 138 мың студент бiлiм алуда. Сонымен қатар, 23 мың жас азамат – «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатына мүше.

«Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары