$ 447.4  477.55  4.76

Туған жерге – тағзым

Жас ұрпақтың туған елге құрметi бiлiм ошағынан бастау алады. «Назарбаев Зияткерлiк мектептерi» дербес бiлiм беру ұйымы осы мақсатта «Туған елге тағзым» жобасын өткiзудi дәстүрге айналдырған. Биыл айтулы шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Осынау жоба аясында озат оқушылар жыл сайын елiмiздiң әр қаласымен танысып, сол өлкенiң тарихына қанығып, ұлы тұлғалар туралы деректер жинайды. Жақында Шымкенттегi химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлiк мектебiне Тараз, Павлодар қалаларындағы Назарбаев Зияткерлiк мектептерiнiң жастары келдi. Темiржол вокзалында оларды шымкенттiк оқушылар ерекше ықыласпен күтiп алды. Бiр-бiрiмен танысып, «Қазақ әндерi» жобасы аясында «Ән салайық» караоке жарысы өткiзiлдi.

Келесi күнi оқушыларды директордың тәрбие жұмысы жөнiндегi орынбасары Айгүл Исмаилова бағдарламамен таныстырып, арнайы экспедиция ұйымдастырылды. Алғашқы саяхат сансыз бабтар мекенi – киелi Сайрамнан басталды. Оқушылар көне қаланың тарихымен танысып, әулиелi орындарды аралады. Бұдан кейiн Шымкенттегi «Қасiрет мемориалы», «Даңқ» алаңы мен «Тәуелсiздiк» саябағына барды.

Екiншi күнi жобаға қатысушылар Оңтүстiк өңiрiнiң таулы аймағына сапар шектi. Бұл сапарда зияткер жастарды ЮНЕСКО-ның дүниежүзiлiк қорықтары тiзiмiне енген Талас Алатауының солтүстiк-батыс бөлiгiн және Өгем жоталарын алып жатқан, елiмiзде тұңғыш құрылған қорық – Ақсу-Жабағылы күтiп тұрды. Қорық қызметкерлерi сұлу өлкенiң тарихын, «Ақсу-Жабағылы» аталу себебiн, мұражайда орналасқан заттардың қасиетiн, «Қызыл кiтапқа» енген және бүгiнде қорықта тiршiлiк кешiп жатқан аңдар мен құстардың, өсiмдiктердiң ерекшелiктерiн түсiндiрдi. Шымкент қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейi мен «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығын да аралады. Оңтүстiктi мекендейтiн өзге этнос өкiлдерiнiң салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарына қанығып, музейде ғылыми жұмыспен, жобамен айналысуға деректер жеткiлiктi екенiне көз жеткiздi. Ал, облыстық саяси қуғын-сүргiн құрбандары музейiне барғанда балауса оқушылардың тебiренбегенi қалмады. Бүгiнгi бейбiт күн жолында жазықсыз жапа шеккен ата-бабалар ерлiгiмен танысты.

Экскурсияның жалғасы мектептiң мәжiлiс залында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарының күмiс жүлдегерi Жазира Жаппарқұлмен кездесуге ұласты. Оқушылар өздерiн қызықтырған сұрақтарға жауап алып, қарапайым қыздың еңбегi, мақсатына жетудегi талпынысы туралы әңгiмесiн тыңдады. Қаладағы ипподромға оқушылар төртiншi күнi барып, «Көкпар», «Қыз қуу», «Жамбы ату», «Теңге iлу» сияқты ұлттық спорт ойындарын тамашалап, саятшылық өнерiне куә болды. Шабандоздармен кездесiп, атқа мiнiп, қолдарына бүркiт қондырып, керемет көңiл-күйге бөлендi. Хайуанаттар бағы мен дендросаябақты аралап, бұл күннiң кешiн «Retro party» би кешiмен аяқтады.

Бесiншi күнi жоба қатысушылары Ордабасы және Отырар аудандарына, Түркiстан қаласына жол тартты. Темiрлан елдi мекенiндегi Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы облыстық спорт мұражайы, Отырардағы «Руханият – Әбу Нәсiр әл-Фараби» мұражайын аралады. Сондай-ақ, «Отырар төбе» тарихи-археологиялық ескерткiшiмен танысып, ежелгi «Отырар» кiтапханасының мұрағатын көрдi. Арыстанбаб кесенесiнде алдағы уақытта ғылыми жұмыс жазу туралы ой бөлiстi. «Туған елге тағзым» жобасын тиiмдi пайдалануды көздейтiн жастар елiмiздегi тарихи мекендердiң сырын насихаттау сынды ой-пiкiрлерiн ортаға салды.

Оңтүстiк халқы қолөнерге бейiм. Соның бiр көрiнiсi Түркiстан қаласында балалар қолөнер мектебi жұмыс iстейдi. «Шеберлер ауылы» деп аталатын бұл мектепте зияткер оқушылар ағаш, темiр, мата, киiз, жүн, жiптен және түрлi металдардан бұйымдар мен әшекей заттардың жасалу технологиясымен танысты. Өздерi де қызметкерлермен бiрлесiп қолөнер бұйымдарын жасап, Павлодар, Тараз қалаларына барғанда мектептерiндегi үйiрме жұмыстарында осындай сабақтар үйренуге ұсыныс бiлдiретiндерiн айтты.

Жетiншi күнi Бәйдiбек ауданындағы «Домалақ ана» кесенесi мен ғасырлардан сыр шертетiн киелi «Ақ мешiт» үңгiрiн аралап көрдi. Бiр апталық экспедицияның соңғы күнi Павлодар, Тараз, Шымкент қалаларының зияткер оқушылары үшiн арнайы қоштасу кешi болды. Бiр-бiрiне ақ тiлектерiн арнап, өз өнерлерiн көрсеттi. Жоба барысындағы экспедицияда түсiрiлген бейнекөрiнiстi тамашалады. Достық байланыстары берiк, ынтымақтастық рухы жоғары болсын деген ниетпен Зияткерлiк мектептердiң гимнiн орындады.

Жобаға қатысушылар осылайша туған өлке тарихымен танысып, өздерiнiң танымын арттырды. Сондай-ақ, алған бiлiмдерiн, жүрген бағыттарын арнайы күнделiк дәптерлерiне қазақ тiлiнде түсiрiп отырды. Оқушылар алдағы уақытта осы мәлiметтердi ғылыми жұмыстар мен жобаларының негiзгi дереккөзi ретiнде пайдалана алатыны анық. Себебi, кiтап беттерiнен оқып қана қоймай, көзбен көрiп, қолмен ұстап, көкейдегi сұраққа толық жауап алған оқушының жұмысы сапалы әрi қызығушылығы жоғары болады.

Лаура БОРАНБАЙ, химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлiк мектебiнiң аға педагог-кiтапханашысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары