$ 444.22  476.38  4.82

Жетiсай – жастар қаласы

Күнi кеше ОҚО Мақтаарал ауданының диқандары 207 527 тонна «ақ алтын» өткiзiп, облыс әкiмiне рапорт бердi. Мұнда гектар айналымы 25 центнерден келген. Бұл, әрине, ынтымақты әрi ерен еңбектiң жемiсi.

Жуырда осы ауданға арнайы iссапармен бардық. Облысымыздың экономикалық әлеуетiн нығайтуға елеулi үлес қосып жүрген аграрлы ауданның тыныс-тiршiлiгiмен танысқымыз келгенде алдымыздан рухани әлемнiң шамшырағы жарқырап көрiнгендей болды. Көңiлге түйгенiмiздi таратып айтсақ.

Аудан әкiмi Ғалым Исмайловтың бастамасымен Тәуелсiздiгiмiздiң ширек ғасырлық мерейтойына орай ауыл-ауылдарға мәдени-үгiт бригадалары аттандырылып жатыр екен. Аудандық iшкi саясат, мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң меңгерушiсi Пердеш Есенбаев бастаған топ Жылысу, Жаңажол, Жеңiс, Қарақай, Кетебай ауыл округтерiн аралап, еңбеккерлермен жүздескен. Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына орай сыр-сұхбат өткiзiп, егемендiк әкелген құндылықтар хақында әңгiмелеген. Осындай iс-шараны ауданның 25 ауыл округiнде өткiзу жоспарланған.

Жетiсай – облысымыздағы iрi қалалардың бiрi. Мұнда 1 университет, 4 колледж, 2 театр, 50-ге жуық мектеп, басқа да мәдени орындар бар. Қала келбетi жылдан-жылға жаңарып, жақсарып келедi. Дегенмен, әлi де болса қолға алатын тiрлiктер бар болып шықты. Ауданның жаңа әкiмi ауыл, қала ақсақалдарымен, зиялы қауым өкiлдерiмен кездесулерiнде қордаланып қалған бiрнеше жәйтке қанықты. Мәселен, берiге дейiн аудан орталығында қалаiшiлiк екi бағытта қоғамдық көлiк қатынаған. Нарықтық қатынастардың бастапқы жылдары автобустар қолданыстан шығып қалыпты. Есесiне Жетiсайда жекеменшiк такси көбейген. Қазiр қала тұрғындары үшiн ең тиiмдi жол қатынасы құралы таксилер болып тұр. Алайда, қадам бассаң алдыңнан андыздап шыға келетiн таксилер аудан бюджетiне қанша қаржы құйып жүр? Олар арнайы тiркелген бе? Салықтарын уақтылы төлей ме? Мiне, мәселе қайда жатыр?!

Осыларды ой елегiнен өткерген аудан басшысы қоғамдық көлiк қатынасын қайта жолға қою жөнiнде шешiмге келiптi. Бұл үшiн қазiр қаладағы барлық аялдамалар қайта есепке алынуда. Белгiлi болғандай, бүгiнде 200-ге жуық аялдама бар екен. Бiрақ күтiм көрмегендiктен солардың басым көпшiлiгi тозған, тоналған. Мүлдем алынып тасталғандары да бар. Ендiгi мiндет – оларды қалпына келтiру, қиратылып кеткендерiнiң орнына жаңасын салу. Бұл ретте аялдамалардың орындарын жылжыту мәселесi туындауы да мүмкiн. Сондай-ақ, аялдамалар бүгiнгi күн талабына сай сәулеттi де келiстi болуы қажет.

Мақтаарал ауданында тарихи-мәдени ескерткiштер де жеткiлiктi. Оларды күтiп ұстау мәселесi де көп көңiлiнен таса қалған. Аудан әкiмi елдiк мұраттарымызды айқындап тұратын ескерткiштердi талапқа сай күтiп ұстау, бүлiнгендерiн қалпына келтiру туралы да бастама көтерiп отыр.

Ғалым Ыбырайұлы, сонымен қатар, көше бойларындағы шыршалардың да есебiн алуды тапсырды. Жетiсай – жастар қаласы. Сондықтан кент жылдың қай мезгiлiнде де көрiктi болып тұруы тиiс. Қалада қылқан жапырақты ағаштарды көбейту де кезек күттiрмес мiндеттердiң бiрi.

Соңғы жылдары Жетiсай қаласынан елiмiздiң басқа өңiрлерiне қоныс аударушылар саны едәуiр көбейген тәрiздi. Қазiрдiң өзiнде қалада 200-ге жуық үйдiң қабырғаларында, шарбақтарында «үй сатылады» деген жарнама тұр. Үй иелерiнен сұрастырып көргенде олар елiмiздiң түрлi қалаларына көшкiлерi келетiндiктерiн айтқан. Жетiсайдай жер жәннатына былайғы жұрт жете алмай жүргенде олардың неге көшкiлерi келедi? Солардың барлығы бiрдей қызмет бабымен көшiп жатыр ма? Әлде басқа да әлеуметтiк жағдайлар түрткi болды ма? Бәлкiм, жұмыссыздық жүйкеге тиетiн шығар? «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несi бар?» демекшi, жергiлiктi тұрғындардың бұл қозғалысында қандай сыр жатыр? Аудан әкiмiн осы мәселе де ойландырады. Ғалым Ыбырайұлының пайымдауынша, iргелi ауданда жұмыссыздық деген болмауы тиiс.

Данышпан қазақ «Өлi риза болмай, тiрi байымайды» деп текке айтпаған. Бiзге осынша мол мұра қалдырып кеткен бабаларымыздың, аталарымыздың мәңгiлiк тыным тапқан жерлерi де қараусыз қалмауы керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өсиет етiп кеткендей, әруақтарға әрдайым Құран бағыштап отыру, мазараттарды мұнтаздай таза ұстау – тiрiлерге борыш. «Әруақ сыйлаған азбайды» деп бабалар текке айтпаған. Мақтааралдықтар осы мәселенi де мықтап қолға алыпты.

Қысқасы, мақтааралдық ақсақалдар Ғалым әкiмнiң шалымды iстерiне, алғашқы қадамдарына қуанып, қолдау бiлдiруде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары