$ 444.32  473.33  4.76

Отандық өнімді қолдау акциясы

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында «Қазақстанда жасалған» деген атпен көрме ұйымдастырылып, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, бұл күні «Туған елге тағзым!» акциясы аясында Көкмардан елдімекенінің тұрғындарына тамаша тарту жасалды. Ауыл түлегі жерлестеріне спорт кешенін салып берді.

Бұл күні ауданда «Қазақстанда жасалған» атты отандық тауар өндірушілер жетістіктерінің көрмесі болып өтті. Жиында ел Тәуелсіздігінің дамуына үлес қосқан аудандағы өнеркәсіп саласының үздіктеріне құрмет көрсетілді.  Шара «Отандық өнімді қолдаймыз!» деген жастардың флешмобымен басталды.  

Акция отандық өнімді қолдау арқылы шағын және орта бизнесті демеуге, экономикаға екпін беруге, жергілікті өнімдердің брендін қалыптастыруға алғашқы сәтті қадамдардың бірі болды.  

Мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ кәсіпкерлерге аудан әкімі арнайы Алғыс хаттар мен бағалы сый-сияпаттар табыс етті.

Азаттықтың асқақ мерекесі Көкмардан халқына да қуаныш сыйлады. Шағын ауылда жастар көп. Солардың бос уақытын тиімді өткізуді мақсат еткен туған жер тумалары демеушілік танытып, спорт нысанын салып берді. Бизнестің билікке қолдау көрсеткені халыққа пайдасын тигізді. 

Бұқаралық спортты дамытуды мақсат тұтқан ауыл азаматтары көктемде білек сыбана кірісіп, күрес залының іргетасын қалаған.
Жұдырықтай жұмылған ауыл азаматтарының еңбегі бүгін өз жемісін берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары