$ 447.4  477.55  4.76

Мерейтойда майдангерлер де марапатталды

Азат елдің ғажап мерекесі Тәуелсіздік күні майдангерлер де марапаттан тыс қалмады. Соғыс және еңбек ардагерлерін үнемі назарда ұстау жастарды патриоттық сезімде тәрбиелеуге, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды санасына түюге септеседі, - деді облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері.

Салтанатты шараға жасында бейнет көргендер жиналған. Қан майданда кеудесін оққа тосқандардың бұл күні мерейі үстем болды. «Тәуелсіздікке 25 жыл» медалін еншілеп, билік басындағылардың ақжарма тілегін тыңдады.

Марапат алып, төбесі көкке жеткендердің бірі - Қаратай Төлебеков. 93 жастағы қарияның жастық жалыны сұм соғыспен қатар өтті. 19 жасында майданға аттанған ардагер Сталинград шебін бұзып, ерекше ерлікпен көзге түседі. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Мәскеудегі қызыл алаңда өткен әскери шеруге қатысты. Елбасымен сапарлас болған қарт «Азаттық таңы атқалы аузымыз аққа жетті»,- дейді.

Облыс бойынша 225 мыңнан астам ардагер бар. Олардың 291-і 1941-45 жылдардағы соғыс отына түссе, 20 мыңнан астамы тылда еңбек еткендер. Олардың бүгінгі әлеуметтік жағдайы, тыныс –тіршілігі ардагерлер кеңесінің жіті назарында.

Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев облыстың дамуына үлес қосқан барлық азаматты «Тәуелсіздікке 25 жыл» медалімен марапаттаған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары