$ 448.15  483.46  4.86

ОҚО-да жылына 12 тонна түсті металл орамаларын шығаратын жаңа өндіріс орны іске қосылды

Шымкентте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, түсті металл орамаларын шығаратын және электр қозғалтқыштар жөндейтін «КазЭлМаш» ЖШС-нің салтанатты ашылуы өтті. «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан жобаның құны 75 млн. теңгені құрайды. Отыз адам жұмыспен қамтылған өндіріс орнының жобалық қуаттылығы жылына 12 тоннаны құрайды.

Кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсіміне Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқарма басшысының орынбасары Ілияс Оспанов пен «Оңтүстік» индустриалды аймағының бас директоры Мұхтар Тұрабеков қатысып, жаңа зауыт жұмысшыларына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысының индустриялды аймақтарында 168 жоба іске асыру көзделіп жатса, соның бүгінде жалпы құны 35,3 млрд. теңгені құрайтын 54 жобасы нақты іске асқан. Бұл өз кезегінде 3 705 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

«КазЭлМаш» ЖШС-і электр машиналарына сервистік қызмет көрсетіп, күрделі жөндеуден (тұрақты тоқ электр қозғалтқыштары: асинхронды, синхронды, жоғары кернеулі, жарылыстан қорғалған электр қозғалтқыштарды, трансформаторларды, генераторларды) өткізуге қызмет етпек. Сонымен бірге, негізгі қызмет түрі ретінде жоғары вольтті және төмен вольтті электр машиналарының статор және арматура орамаларын өндіріп, тікбұрышты сымдар, дөңгелек қималы мыс және алюминий жасаумен айналысады.

Әзірге, Оңтүстік Казақстанда теңдесі жоқ мұндай кәсіпорын өңірімізде ғана емес, Қызылорда және Жамбыл облыстарында электр вагондарын жөндеу бойынша жетекші өндіріс орны болмақ.

Компания клиенттері болып ірі кен өңдеу кәсіпорындары, цемент зауыттары, мақта өңдеу зауыттары мен ұн тарту комбинаттары және басқа да көптеген ұйымдар табылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары