$ 443.85  474.3  4.8

Терiскей түлей түседi

«Тәуелсiздiктiң 25 жылдығын шалғайдағы Созақ ауданы тамаша тартулармен қарсы алғалы отыр. Алдағы мерейлi күнге дейiн аймақта 13 әлеуметтiк нысан мен 50 тұрғын үй терiскейлiктердiң игiлiгiне берiлмек». Бұл туралы аймақтық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Созақ ауданының әкiмi Мақсат Исаев мәлiмдедi.

Даласы өрiске, қойнауы кенiшке бай Терiскейге бүгiнде қызыға қарайтындар көп. Қызығатындай жөнi бар. Өйткенi, мұндағы тұрақты жұмыс, жоғары жалақы әлеуметтi әлдендiрiп отырғаны рас. Бүгiнде бұл аймаққа жан-жақтан ағылушылар көп. Бiрi жұмыс iздеп келсе, ендi бiрi мал шаруашылығын жандандыруды көздейдi. Ал, уран өндiрiсiнiң аймаққа тигiзген шарапатын тiзбелеп шығу мүмкiн емес. Мұны ауданның бүгiнгi әлеуметтiк-экономикалық ахуалынан анық аңғаруға болады. Ең қуантатыны, халықта демографиялық өсiм бар. Ширек ғасырда терiскейлiктер 15937 тұрғынға көбейген.

Қазiр ауданда Ұлт жоспары аясында жүзеге асып жатқан шаруаның ауқымы кең. Өнеркәсiп пен шағын кәсiпкерлiк және ауыл шаруашылығы салаларында iлгерiлеу бар. Мемлекеттiк бағдарламалар аясында ауыз толтырып айтарлықтай жетiстiктерге ие. Атап айтар болсақ, биыл ауданның жалпы iшкi өнiмi 214 млрд. теңгеге өсiп, жан басына шаққандағы табыс 3 503 мың теңгеге жеткен. Ал, негiзгi капиталға салынған инвестиция жөнiнен аудан Шымкент қаласынан кейiнгi орында. Азаттықтың алғашқы жылы ауданға тартылған инвестиция көлемi небәрi 41 млн. теңгенi құраса, биыл бұл көрсеткiш 23 млрд. теңгеден асып жығылды. Ауданда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберiнде бүгiнге дейiн құны 866,6 млн. теңгенi құрайтын 4 жоба iске қосылса, олардың қатарын алдағы уақытта құны 550 млн. теңгеге бағаланған тағы бiр жоба толықтырмақ.

Ауданда 3134 адам кәсiппен айналысады. Бүгiнге дейiн қаржы құрылымдарының қолдауымен 374 жоба жүзеге асқан. Ал, ауыл шаруашылығы ауданның негiзгi табыс көзi десе де болады. Қарт Қаратаудың шалғынды қойнауы мен шөбi шүйгiн Бетпақдала алабы төрт түлiкке толы. Жуырда 2688 бас қаракөл тоқты Бiрiккен Араб Әмiрлiгiне экспортқа жiберiлдi. Сондай-ақ, соңғы жылдары түйе шаруашылығына айрықша мән берiлiп келедi. Құрылғанына көп бола қоймаған «Аруана» кооперативi алдағы уақытта қымыран өндiрiсiн өрiстетпек ниетте.

Мақсат Шамансұрұлының айтуынша, бүгiнге дейiн 15 млрд. теңгеге 154 нысанның құрылыс жұмыстары жүргiзiлген. Ширек ғасыр iшiнде 20 типтiк мектеп, 6 балабақша, 15 денсаулық сақтау нысаны, 2 мәдениет үйi мен бiрқатар спорт ғимараты ел игiлiгiне ұсынылған.

Созақ ауданы осы табыстармен шектелiп қалмақ емес. Алдағы уақытта туризмдi дамыту, Қызылкөлдi демалыс аймағына айналдыру, алтын өндiру, Таскөмiрсай кен орнын қайта жаңарту, баламалы қуат көздерiн жаңғырту жұмыстарын қолға алғалы отыр. Бiр сөзбен айтқанда, Терiскейдiң түлер шағы алда дегiмiз келедi.

«Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары