13.11.2016, 12:41

Тәуелсіздкке тарту: Шымкентте тағы бір нысан ашылады

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай, Шымкентте жаңа мал сою бекетi iске қосылады. «Бозарық» шағынауданында аумағы бiр гектар жерге салынып жатқан бекетте күнiне 200-ден астам ұсақ мал союға мүмкiндiк тумақ. Мал сою бекетi жеке кәсiпкерлер есебiнен салынуда.

Атап өтерлiгi, бүгiнде тұрғындар тарапынан талай рет айтылып келген М.Қ.Дулати көшесiндегi ветеринарлық талаптарға сәйкес келмейтiн жеке үйлердегi мал сою бекеттерi жабылуда. Жеке үйдiң ауласында мал союға тиiстi сала мамандары тыйым салып отыр. Қаланың орталығында орналасқан үйлерде мал сату, оны бауыздау кәсiбiне тоқтау салу жөнiнде қала әкiмiнiң шешiмi шықты.

Шымкент қаласының әкiмi Ғабидолла Әбдiрахымов мал саудасымен айналысуға, сою алаңшасын ашуға ниет бiлдiрген кәсiпкерлерге қаланың сырт жағындағы аймақтардан жер телiмiн беруге әзiр екенiн жеткiздi. Бозарықтағы бекет пайдалануға берiлген кезде шымкенттiктер үшiн заман талабына сай кешеннен мал алып, сол жерде сойдырып алуға мүмкiндiк тумақ.

Осы ретте айта кету керек, Құрбан айт секіді діни мерекелер кезінде көпқабатты үйлердің ауласында мал союға тыйым салынған. Бқл өз кезегінде санитарлық талаптардың бұзылмауы үшін қолға алынған шара. Ал, Шымкентте ислам дінін ұстанушылардың саны өте басым болғандықтан, қалаға мал сою бекеттерінің көптеп қажет екені айтпаса да түсінікті.