$ 446.49  475.38  4.79

Ұсақ бұзақылықтан үлкен қылмыс туындайды

Баптардың мекенi атанған Сайрам — халқы тығыз орналасқан аудандардың бiрi. Аудан күре жолдың бойында жатқандықтан бұл ерекшелiк қылмыстық ахуалға да әсер етпей қоймайды. 42 ұлтты бауырына басқан iргелi аймақта қылмыстық хал-ахуал қандай? Қылмыспен күрес қалай жүргiзiлуде? Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етiлуi қай деңгейде? Осы тектес сұрақтарды аудандық iшкi iстер басқармасының бастығы, полиция полковнигi Ермахан АБДРАМАНОВҚА қойған едiк.

— Ермахан Әдiлханұлы, бұл қызметке келгенiңiзге көп уақыт бола қойған жоқ. Әдетте, жаңа басшылық тыңнан түрен салуға тырысады...

— Маған Сайрам ауданы жақсы таныс. Аймақтағы қылмыстық ахуалды, әр елдi мекенде жұмыс iстеп жүрген жiгiттердi, олардың қарым-қабiлетiн, кiмнiң қолынан қандай iс келетiнiн жақсы бiлемiн. Себебi, осы қызметке тағайындалмас бұрын облыстық iшкi iстер департаментiнде және Шымкент қалалық iшкi iстер басқармаларында жауапты қызметтерде болдым. Сол қызметтерде жүргенiмде осындағы әрiптестерiммен тығыз байланыста жұмыс iстедiк. Жаңа лауазымға тағайындалғаныма үш айдан  асты. Алайда, келе салып, ауыс-түйiс жасаған жоқпын. Сырттан маман тартып, бұрыннан қалыптасып қалған үрдiстi бұзғаным жоқ, барлығы бұрынғы кадрлар. Тек сол маманды танып, көре бiлген, бағалай алған жөн. Оның үстiне, туған жерiн бес саусақтай бiлетiн тәртiп сақшылары ел-жұрты алдында ұятқа қалмас үшiн намысқа тырысып қызмет iстейтiнiне сенiмдiмiн.

— Сайрам секiлдi тұрғындары өте тығыз орналасқан, тiршiлiгi қайнап жатқан аймақтың қауiпсiздiгi мен тыныштығын сақтау жауапты iс екенi анық. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз жайлы айтып өтсеңiз?

— Бiздегi негiзгi күш азаматтардың құқығын қорғауға, қоғамдық тәртiптi бұзбауға, аудандағы әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылықты сақтауға жұмылдырылған. Елбасының құқық қорғау органдарына жүктеген мiндеттерi мен Iшкi iстер министрлiгiнiң нұсқауларына сәйкес, бүгiнде қоғамдық қауiпсiздiк қатаң бақылауға алынып, қылмыстың алдын алуға ерекше мән берiлген. Жалпы өткен жылдың есептi мерзiмiмен салыстырғанда қылмыстың саны 1251-ден 1077-ге немесе 13,9 пайызға төмендеп отыр. Аса ауыр қылмыс 12,5 пайызға кемiген. Қарақшылық, тонау фактiлерi де бiршама азайған. Тәртiп сақшыларының табанды жұмысының, кәсiби бiлiктiлiгiнiң арқасында ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жататын қасақана кiсi өлiмi, ауыр дене жарақатын салу, қарақшылық, тонау, зорлау оқиғаларының 100 пайыз ашылғанын айрықша атап кеткен жөн.

Тiркелген 1251 қылмыстың 30 пайызын бөтеннiң мүлкiн қолды қылғандар құраса, оның iшiнде мал ұрлығы мен пәтер тонау деректерi өткен жылдағы көрсеткiшпен шамалас. Яғни, бұл мәселе әлi де өзектi деген сөз. Бұл жерде мына жәйттi ескергенiмiз жөн. Әккi ұрылардың құрбанына айналатындардың көбiсi қарапайым қауiпсiздiк ережелерiн сақтай бермейдi. Көпшiлiгi пәтерiн, малын, мүлiктерiн қараусыз қалдырып жатады. Ұрылар мұндай мүмкiндiктi мүлт жiбере ме? Тұрғындардың өз мүлкiне деген осындай салғырттығы криминалдық ахуалды күрделiлендiрiп отырғаны жасырын емес. Әйтсе де барлығын халыққа сiлтей салудан аулақпыз. ҚР Iшкi iстер министрлiгiнiң жеке мүлiкке қатысты ұрлық-қарлықтың алдын алу үшiн арнайы қабылдаған бағдарламасы бар. Осы құжатты басшылыққа алып, ұрлықты тiзгiндеу мақсатында халыққа түсiндiру жұмыстарын жүргiзiп жатырмыз.

— Елбасы халыққа арнаған Жолдауында қоғамдық тәртiпсiздiкке мүлдем төзбеушiлiк принципiн ұстануға тиiс дегендi қадап айтты. Қазiр жер-жерлерде «нөльдiк төзiмдiлiк» қағидатын жүзеге асыруда бiршама жұмыстар атқарылып келедi. Бұл бағытта сайрамдық полицейлердiң қарқыны қаншалықты?

— Елбасының бұл бастамасы қоғамдық тәртiптi нығайтуға бастайтын маңызды қадам екенi сөзсiз. Өзiңiз бiлесiз, Сайрамның халқы бұрыннан сауда-саттыққа бейiм. Сол себептi ауданда базар, сауда жасайтын нүктелер көптеп шоғырланған. Алайда, осындағы тазалықтың ақсап тұрғанын жоққа шығара алмаймыз. Таяуда ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкiмi де тазалықтың сын көтермейтiнiн айрықша атап өткенiн бiлесiз. Қазiр бұл бағытта жүргiзiлетiн жұмыстарды өзiм қатаң бақылауға алып, нақты фактiлер бойынша шешiм қабылдаудамыз. Алдағы уақытта қоғамдық орындарды, саябақтар мен гүлзарларды ластау оқиғаларына барынша қырағылық танытуды көздеп отырмыз. Ең бастысы, қоғамның тыныштығы осыдан басталатынын халыққа  түсiндiрiп жатырмыз. Кей азаматтар полиция қызметкерiнiң рұқсат етiлмеген жерлерде темекi шекпеу, қоғамдық орындарды ластамау, алкогольдi iшiмдiк iшпеу, кез келген жерде қоқыс тастамау туралы ескертулерiне құлақ асқысы келмейдi. Қарсылық бiлдiрiп, кейiстiк бiлдiрiп жататындар да бар. Алайда, бiз мынаны естен шығармағанымыз жөн. Қылмыстың ұсақ, iрiсi болмайды. Шындап келгенде осындай ұсақ бұзақылықтан үлкен қылмыс туындайды. Бiз құқықтық мәдениетiмiздi қалыптастырмай, қоғамдағы келеңсiздiктердi бiр қалыпқа келтiре алмаймыз. Әрине, әр адамның мәдениетi, таным деңгейi тәлiм-тәрбиеден басталады. Алайда, көрiнген жерде iшiмдiк iшiп, қоқыс тастайтын немқұрайдылықтың заңды сыйламаудан туындайтынын, ал, заңға бағынбау оны бұзуға әкеп соғатынын түсiнетiн уақыт жеттi.

— Халықпен жиi кездесiп тұрасыз ба?

— Полиция қызметкерiнiң ең басты мiндетi – халықпен жұмыс iстеу, ел-жұртқа жақын болу, мұң-мұқтажын тыңдап, көмек беру. Себебi, бiздiң жұмысымызға баға беретiн де сол – халық. Ал, талабы қатал, сыны өткiр көпшiлiктiң сенiмiнен шығу, бағасын алу оңай емес. Сол себептi мен полиция туралы айтылатын сын-ескертпенi, мақтау мен мадақты ең бiрiншi сол қарапайым жұрттың аузынан естiп-бiлгендi жөн санаймын. Бүгiнге дейiн 11 ауыл округiне қарасты 42 елдi мекенде болып, жергiлiктi тұрғындармен кездесу өткiздiм. Көтерiлген мәселелер де, шешiмiн тапқан сұрақтар да жеткiлiктi. Әсiресе, қарапайым халық ұрлыққа қатысты оқиғалардың жиiлеп кеткенiне алаңдаулы. Бұл бағытта жергiлiктi полиция қызметiне ауқымды мiндет жүктелiп отыр. Қылмыстың алдын алу үшiн учаскелiк инспекторларға жергiлiктi тұрғындармен бiрлесе қимылдауды мiндеттеп отырмыз. Себебi, халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңiл» демейтiн бе едi?! Тұрғындардың талабын ескерiп, қазiрдiң өзiнде Қарабұлақтағы мал базарын, ондағы мал қабылдап, ет өнiмдерiн шығаратын шағын кәсiпорындарды, сырттан мал тасымалдайтын көлiк жүргiзушiлерiн, қасапшыларды, мал ұрлығымен сотты болған азаматтарды жан-жақты тексеру жұмыстарын бастап кеттiк.

— Алдымызда Тәуелсiздiктiң 25 жылдық торқалы тойы келе жатыр. Сiз басқаратын ұжымның ұлық мерекеге дайындығы қалай?

Тәуелсiздiк мерекесiне орай Сайрам аудандық iшкi iстер басқармасы «Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына — 25 iс-шара» жобасын түзiп, мерекенi лайықты қарсы алуды жоспарлап отыр. Айталық, жобада көзделген «Қауiпсiз жол», «Құқықтық тәртiп», «Менiң учаскелiк инспекторым», «Борышкер», «Айыппұл», «Қару», «Отбасы» секiлдi тағы да басқа шаралар профилактикалық бағытта емес, тұрғындардың құқықтық сауатын көтеруге бағытталған. Тақырыбынан байқағаныңыздай, әрбiр шарада соған сай көпшiлiкке құқықтық көмек көрсетiлiп, заң жөнiнде кеңес беремiз.

— Әңгiмеңiзге рахмет! 

Әңгiмелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстiк Қазақстан».

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары