Ә.Тұрғымбековтiң ОҚО Түлкiбас ауданының әкiмi болып тағайындалғанына 100 күннен асты. Содан берi нендей жұмыстар атқарылды? Алдағы жоспарлары қандай? Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай ауданда қандай шаралар өтеді? Тілшілер осы сауалдар төңiрегiнде аудан басшысымен әңгiмелескен едi.
— Әуелхан Елтайұлы, жұмысты неден бастадыңыз?
— Бiрiншi кезекте «Түлкiбас ауданы немен тыныстап отыр, қай нәрсеге қол жеткiздi, алдағы уақытта не iстеу керек?» деген сауалға талдау жасадым. Оның үстiне облыс әкiмiнiң ауданымызға жасаған iссапары кезiнде көтерiлген бiрқатар өзектi мәселелердi талқылау да өз көмегiн тигiздi. Жеке мәселелермен тұрғындарды қабылдау жергiлiктi халықтың мұң-мұқтажын шешудiң индикаторы ретiнде саналатыны рас.
Атап өту керек, түлкiбастық азаматтар ең алдымен жер және баспана жайын жиi сөз етедi. Ауданның аумағы үлкен емес. Барлығы 227 мың гектарды құрайды. Оның 64 мың гектары егiс алқабы болса, 59 мың гектары -- жайылым. Мал басы артып келедi. Демек, оған кепiлдi жемшөп қоры қажет. Жеке тұрғын үй құрылысын салу үшiн жер телiмiн тауып беру өткiр мәселе күйiнде қалып тұр. Оны алу кезегiне 3,5 мыңдай адам кезекке тiркелген. Өйткенi, заң бойынша жер телiмдерiн ұсынбас бұрын қажеттi инженерлiк коммуникация тартылуы тиiс. Мемлекет басшысының Үкiметке берген тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жер» мемлекеттiк бағдарламасы әзiрленуде. Демек, бұл проблеманың түйiнiн тарқататын мерзiмi алыс емес.
Бiзге ең алдымен әлеуметтiк баспаналар қажет. Қазiр 1,5 мыңдай түлкiбастық оны асыға күтуде. Мұны тек аудан орталығында ғана емес, тұрғындар саны 5 мыңнан асатын Састөбе, Түлкiбас, Балықты, Майтөбе сияқты елдi мекендерде салу керек. Тұрғын үй мәселесiн шешудiң алғышарттары жасалды. Тәуелсiздiк мерекесi қарсаңында 96 пәтерi бар көпқабатты 2 тұрғын үйдi пайдалануға беремiз.
— Ал, әлеуметтiк мақсаттағы нысандар құрылысы ше? Мәселен, жаңа мектептер, аурухана дегендей...
-- Ауданда апатты мектептер атымен жоқ. Үш ауысымда жұмыс iстейтiнi де ұшыраспайды. Алайда, жыл сайын оқушылар санының өсуiне байланысты бiлiм беру мекемелерiне сыймай қалуы мүмкiн деген болжам жасалды. Сондықтан бұл мәселенiң алдын алу үшiн мектеп жанынан қосымша құрылыстар салу қолға алынбақ. Мәселен, спорт және акт залдары, оқу шеберханалары жоқ 16 мектеп типтi емес ғимараттарда орналасқан. Ал, қам кесектен тұрғызылған 4 бiлiм беру мекемесiнiң орнына жаңасы бой көтеруi тиiс. 150 орынды мектептi жергiлiктi бюджет есебiнен салу керек деген облыс басшылығының ұсынысын сөзсiз қолдаймыз. Оның үстiне биылғы тамыз айында Шарафкент ауылында осындай бiр мектептi пайдалануға бердiк. Бұл оңды тәжiрибенi одан әрi жалғастырамыз.
Ал, денсаулық сақтау саласында баяғыдан берi қордаланып қалған проблеманы шешудiң кезегi келген сияқты. Састөбе кентiндегi апатты жағдайда тұрған емхана ғимаратын бұзып тастап, жаңасын салуға тиiспiз. Жыл соңына дейiн емхана, аурухана, жедел жәрдем бекетi сияқты тұрғызылатын тұтас кешен үшiн жер телiмiн белгiлеп алуымыз қажет. Түлкiбас ауылында да жаңа аурухана салуымыз керек. Тоқ етерiн айтқанда, 2020 жылға дейiн 13 елдi мекенде заманауи ФАП пен медициналық бекет бой көтермек. Аудан орталығындағы аурухананы күрделi жөндеуден өткiзу мiндетi тұр. Айтқандай, Ақсу-Жабағылы қорығының жанынан 300 орынды балалар санаторийiнiң құрылысын салу жөнiнде облыс басшыларына ұсынысымызды айттық.
— Түлкiбас — ауызсумен және табиғи газбен толық қамтамасыз етiлген аудандардың бiрi. Солай бола тұрса да әлi де түйiнi тарқатылмаған түйткiлдерi бар шығар?!
— Дұрыс айтасыз. Бiрiншi кезекте скважиналар, насостар әбден тозған. Соның салдарынан кейбiр елдi мекендерге тәулiк бойы су берудiң техникалық мүмкiншiлiгi болмай тұр. Сондықтан 2020 жылға дейiн су құбырларын қайта жаңғырту мiндетiн қойдық. Жалпы алғанда, тұрғындардың 95 пайызы тартылған құбырдағы ауызсуды iшедi. Бүгiнгi таңда сапалы су беру мен оны тұтыну есебiн жүргiзу мәселелерiн шешу қажет. Барлық су жүйелерiн бiр орталыққа шоғырландырған ләзiм. Сондықтан барлық жүйелердi «Тұраркент су» мекемесiнiң балансына берiп, су құбырларына күтiм жасауды соларға мiндеттесек, бiрыңғай тариф мәселесiн де жөнге келтiрер едi деп ойлаймын. Ендiгi мiндет — тұрғындарды су есептегiш құралдарды орнатуға үгiттеу. Мұның өзi ауызсуды ысырапсыз пайдалануға мүмкiндiк бермейдi.
Аудан халқының 98,5 пайызы табиғи газды пайдалануда. Тек 27 отбасы тұратын шалғайдағы Иiрсу ауылына ғана «көгiлдiр отын» кiрмеген. Бұдан басқа кейбiр елдi мекендердегi кейiн салынған көшелерге газ құбырын тарту кезек күтiп тұр.
— Облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев Түлкiбас ауданына жасаған сапарында инвестиция тарту, жаңа кәсiпорындар ашу, жұмыс орындарын құру, жергiлiктi бюджетке түсетiн кiрiс көлемiн ұлғайту жөнiнде бiрқатар нақты тапсырмалар жүктедi...
— Тоғыз жолдың торабындағы Түлкiбас ауданы үшiн мүмкiндiк мол. Мәселен, Шымкент тиiп тұр. Тараз таяқ тастам жерде. Тақтайдай тегiс халықаралық автомобиль трассасы тұрғанда Алматыңыз да алыс емес. Әрине, мұның барлығы инвестиция тартымдылығын арттырады. Өкiнiшке қарай, қажеттi инфрақұрылым мен бос жер телiмдерiнiң жоқтығы құтымызды қашырады. Былтыр индустриалды аймақ құру үшiн 50 гектар жер бөлiнiп, барлық инженерлiк жүйелер тартылған. Алғашқы алты жоба қолдау тапты. Бұл кәсiпорындар 16 гектарға орналасады. Инвестицияның жалпы көлемi 4 миллиард теңгенi құрайды. Алматы, Шымкент қалаларынан келетiн кәсiпкерлер негiзiнен ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеумен айналысады. Бұдан басқа жалпы құны 32,3 миллиард теңге болатын алты iрi нысан құрылысы салынбақ. Олардың арасында екi құс фабрикасы бой көтередi. Бұл iске Сауд Арабиясының инвесторлары қызығушылық танытып отыр.
Дегенмен, экономикамыздың негiзiн шағын және орта бизнес құрайтынын ұмытпағанымыз жөн. Қазiргi кезде Үкiметте жергiлiктi тауар өндiрушiлердi қолдайтын бiрқатар бағдарламалар түзiлуде. Бiз соларға үлкен үмiт артамыз. Бiрiншi кезекте ауданда құрылатын ондаған кооперативке ұсақ шаруашылықтар бiрiктiрiледi. Мәселен, «Майлыкент сүт» зауытының маңында қаншама шаруашылықтар бар десеңiзшi?! Сүт өндiретiн ұсақ шаруашылықтарды бiр кооперативке бiрiктiрiп, iрiлендiрсек, олар тауар өткiзу қиындығынан құтылады. Сол сияқты бау өсiрумен айналысатын бағбандарды табиғи жемiс шырындарын шығаратын «Арсен ас» ЖШС-iнiң айналасына шоғырландыру көзделуде. Айтқандай, Түлкiбас ауданының брендi саналатын бау-бақша көлемi 2020 жылдарға дейiн 3 685 гектарға ұлғаяды.
Жоғарыда жайылымның тапшы екенiн айтып өттiк. Бұл проблеманы оңтайлы шешу үшiн екi iрi мал азығын әзiрлейтiн зауыт салуды ұйғарып отырмыз. Оған 1 миллиард теңге инвестиция тартылмақ. Туризм саласын дамыту — басты мiндеттердiң бiрi. Әсiресе, Машат өзенiнiң аймағына басымдық берiлмек.
— Аудан орталығы — Тұрар Рысқұлов ауылы күн өткен сайын көркейiп, ажарына ажар қосып, абаттанып келе жатыр. Түлкiбастықтар ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығын қандай тартулармен қарсы алмақ?
— Жерлестерiмдi елiмiздiң айтулы мерекесiмен шын жүректен құттықтаймын. Көркейту жұмыстары кезең-кезеңiмен жүзеге асуда. Алдымен республикалық маңызы бар орталық көшелер ретке келтiрiледi. Кейiн iшкi жолдарды жөндеудi қолға аламыз. Таяуда үш әлеуметтiк нысан ашылды. Орталықтың келбеттене түсуi халықтың мәдениетiн арттыруға септiгiн тигiзедi деген ойдамын. Өйткенi, бұдан бөлек 5 елдi мекенде мұндай игi iстердi жалғастыруды көздеп отырмыз. Күрделi жөндеуден өткен саябақ ендi Тәуелсiздiк саябағы деп аталады. Ал, Мәдениет үйiнiң жанындағы саябақ ойын-сауықтық әткеншектерi және Street Workout алаңшасы бар саябаққа айналады. Кiшiгiрiм саябақтар әрбiр ауылдық округте болуы тиiс. Оған қомақты қаржы кетпейдi. Ең бастысы, жастар спортпен айналысып, денесiн шынықтырады. Ал, денi сау ұрпақ бiздiң байлығымыз саналады.
— Әңгiмеңiзге рахмет!
Сұхбаттасқан Серiкқали ЖЕКСЕНБАЕВ.