Нұрболат Ахметжановтың Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы қызметiне тағайындалғанына екi айдан ендi асты. Iргелi өңiрдiң мәдениет саласының тұтқасын ұстаған басшыны оқырмандарымызға таныстыру мақсатымен арнайы сұхбатқа шақырғанды жөн көрдiк. Басқарма басшысы алдағы Тәуелсіздік мерейтойына облыс өнерпаздарының қалай дайындалып жатқанын айтып берді.
– Нұрболат Қадырұлы, Оңтүстiк жұртшылығы үшiн сiз беймәлiмдеу азаматсыз. Әңгiмемiздi өзiңiздi таныстырудан бастасақ...
– Мен Семей өңiрiнiң тумасымын. Әндi төрт жасымнан айтыппын. 8-сыныпты бiтiрген жылы ата-анамның ұйғарымымен Павлодарға барып, Петр Чайковский атындағы музыкалық училищенiң домбыра факультетiне оқуға түстiм. Сонда оқып жүрiп Семей қаласында өткен республикалық дәстүрлi ән орындаушылар байқауына қатысып, дипломант атандым. Сол жолы Алматы консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сiңiрген қызметкерi, күйшi Құбыш Мұхитов өнерiме риза болып «Бiзде Павлодардан студент жоқ, оқуға кел» деп шақырды. Консерваторияның халық музыкасы факультетiн бiтiрген тоқсаныншы жылдардың басында жолдамамен Павлодарға барып, филармонияда жұмыс iстегенiмде алдыма халқымыздың төл мәдениетiн дамытсам деген мақсат қойдым. Өйткенi, филармонияда «Сувениры» орыс халық аспаптары оркестрi, камералық, симфониялық оркестрлер қарқынды жұмыс iстеп жатса, дәстүрлi ән өнерi кенже қалыпты. Павлодар алюминий зауытының директоры Балтабек Әкiмқұловқа фольклорлық ансамбль құрсам деген ойымды айттым. Ұсынысымды Балтабек пен цех бастығы Асхат Әлкенов қуана қолдады. Екi аптаның iшiнде зауыт өнерпаздарға костюм тiктiртiп, қосымша штаттық бiрлiк бөлдi. 1993 жылдың наурызында өткен тұсаукесер концертiмiзде Әкiмқұлов фольклорлық ансамбльге «АльАки» деп ат бердi. «Аль» – Алькенов, «Аки» – Акимкулов дегенi екен. Орыстанып кеткен Павлодарда фольклорлық ансамбльдiң құрылуы тарихи оқиғаға айналды. Әрбiр павлодарлықтың аузынан «АльАки» ансамблi түспейтiн. Дәстүрлi ән өнерi, қазақ мәдениетi үшiн ерекше кезең, тарихи бетбұрыс болды десем қателеспеймiн. Қала әкiмi Даниал Ахметов қолдау көрсетiп, Ақтау қаласына гастрольмен барып, концерт қойдық. Сөйтiп, тоқсаныншы жылдан бастап Павлодар облысының қазақылануына бiз де өзiмiзше үлес қостық. Бүгiнде Павлодар ұлттық мәдениетiмiз бен өнерiмiз дамып, өркендеген өңiрге айналды. 2013 жылы ансамбльдiң 20 жылдық тойына қатыстым. Халықтық деген атаққа ие болып, әлi де елiмiздiң солтүстiгiнде ұлттық өнердi өрге сүйреп келедi.
1994 жылы Жамбыл облысында тұңғыш рет өткен республикалық «Жiгiт сұлтаны» байқауында халқымыздың ұлттық ойындары мен өнерiнiң жетi түрi бойынша сайысқа түсiп, 2-орынды иелендiм. 1998 жылы Павлодар облыстық мәдениет басқармасында басшының орынбасары қызметiне тағайындалып, салада көптеген жобаларды жүзеге асыруға атсалысуға тура келдi. 2001 жылдан осында қызметке келгенге дейiн ҚР Мәдениет министрлiгiнде жұмыс iстедiм. 2004-2006 жылдары Парламентте қызмет iстегенiмде Мәдениет туралы заңның (екiншi рет қабылданған) және Шәмшi Қалдаяқовтың «Менiң Қазақстаным» әнiнiң Әнұран боп қабылдануына атсалыстым. Бердiбек Сапарбаевтың шақыруымен Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып та қызмет iстедiм. Әрине, Шығыс Қазақстан облысын Павлодармен салыстыруға болмайды. Ежелден қазақ өнерiнiң түпқазығы болған аймақ қой.
– Ендi әңгiменi өзiмiздiң өңiрге бұрсақ. Оңтүстiк Қазақстан облысына келгенiңiзде қандай әсерде болдыңыз?
– Оңтүстiк ежелден шертпе күйдiң атасы Сүгiрiмен танылған өңiр ғой. Шертпе күйдiң негiзiн күнгейдiң күйшiлерi қалаған. Мұнда Майлықожа, Құлыншақ, Мәделi секiлдi жыраулардың өсиеттерiн жырлап жүрген жастар көп. Өзге облыстармен салыстырғанда мәдениетi мен өнерi оқ бойы озық тұр. Деңгейi де, мүмкiндiгi де жоғары. Өңiрде 730 мәдениет ошағы, 423 кiтапхана, 8 театр, 200-ден аса клуб халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Жақында «Қуатты өңiр – қуатты Қазақстан» тақырыбымен өткен Астана күндерiн табысты қорытындыладық. Елiмiздiң Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрi
Тамара Дүйсенова өнерiмiздi «республикалық деңгейдегi концерт» деп жоғары бағалады. Өнер ұжымдарын тегiс жұмылдырып, өз мүмкiндiгiмiздi көрсете алдық деген ойдамын.
– Негiзi бұған дейiн аудан-қалалардағы талантты әншiлер үлкен сахнаға шыға бермеушi едi. Осы жолы солардың жұлдызы жанды деп естiдiк.
– Биылғы шiлдеде, ол кезде министрлiкте едiм, Астанада өткен Оңтүстiк Қазақстан облысының күндерiнде қойылған концерттi тамашалағанмын. Сол жолғы бағдарламаны қайталамау мақсатымен шалғай аудандардағы өнерпаздарды тартуға тырыстық. Сондай-ақ, қаламгерлерге де салмақ салдық.
– Осы қызметке келгелi қандай жоба, бағдарламаларды қолға алдыңыз?
– «Қазақстан–Шымкент» телеарнасымен бiрлесiп «Алтын аймақ» деген жобаны жүзеге асырдық. Аудан-қалалардағы өнерпаздардың өнерiн телевидение арқылы халыққа көрсеттiк. Жобаның мақсаты – халық арасындағы танылмай келген таланттарды көпшiлiкке таныту. Әкiмдер өнерпаздарына костюмдер тiктiрiп, мәдениеттiң бойына қан жүгiрдi, қозғау болды деп есептеймiн. Алдағы уақытта осы жобаны «Туған жер – алтын бесiгiм» деген атпен ұйымдастырамыз. Облыстардың Астанаға барып күндерiн өткiзгенi секiлдi, Шымкентте аудандар мен қалалардың күндерi өтедi. Бұл аудандар арасында үлкен серпiлiс тудырады, әкiмдер мәдениет мекемелерiнiң музыкалық құрал-жабдықтарын түгендеп, киiмдерiн жаңартады деген ойдамыз. Репертуарлары түгелденедi дегендей. Мұның бәрi ауыл мәдениетiн түлету үшiн жасап жатқан қадамдарымыз. Өйткенi, таланттың бәрi ауылдан шығады емес пе?
– Үнемi iс-шараның соңында жүргенде мәдениет мекемелерiнiң iшкi жұмыстары тоқырап қалмай ма? Тәуелсiздiк мейрамын қалай қарсы алуды ұйғардыңыздар?
– Дұрыс айтасыз, биылғы 9 айда 20232 iс-шара өткiзiппiз. Оның 3-еуi – республикалық, 17-сi – облыстық деңгейдегi, 8600-i көпшiлiк iс-шара, бұған клубтарды қосыңыз. Кiтапханаларда 11000-нан астам, музейлерде 582 iс-шара өткен. Мұның көбi мiндеттi түрде ұйымдастырылуы тиiс ағымдағы жұмыстар. Мәдениет қызметкерi iс-шараларға да, iшкi жұмыстарды жүргiзуге де үлгеруi тиiс деген ойдамын. Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай басқарманың жоспарына 45 мәдени iс-шара ендiрдiк. Соның iшiнде «Өнерiм саған, ауылым!» мен «Кiтапханалық керуен – 25 ауылға» автокеруенiн өзге облыстарда қайталанбайтын бiрегей дүниелер деп бөлiп айтар едiм. «Өнерiм саған, ауылым!» жобасы бойынша өнер ұжымдары шалғай ауылдарға 25 рет гастрольдiк сапарға шығып, спектакльдер қойып, концерттiк, цирктiк бағдарламаларын көрсетуде, кездесу кештерiн ұйымдастыруда. Ауыл адамдары үлкен қалаларға бармай-ақ, ауыл клубынан облыстық деңгейдегi өнер ұжымдарының спектаклi мен концертiн көрiп, цирк өнерiн тамашалауы ғанибет емес пе?! Ал, «Кiтапханалық керуен – 25 ауылға» автокеруенi қаламгерлердi ауылға апарып, оқырмандармен кездестiруде. Тоқсаныншы жылдары кiтаптан алшақтап кеткен ағайынның бетiн кiтап оқуға қайта бұруда. Елiмiздiң ширек ғасырда жеткен жетiстiктерiн насихаттап, қаламгерлердiң кiтаптарымен таныстыруда. Жыл соңына дейiн «Тәуелсiздiк толғауы» жаңа пьесалар байқауы, «Тәуелсiздiк – тұғырым» iс-шарасы, облыстағы өнер жұлдыздарының «Туған жерге тағзым» қайырымдылық концертi, «Бiрлiгi жарасқан мәңгiлiк ел» республикалық ақындар айтысын өткiзудi жоспарлап отырмыз.
– Жақында облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев мәдениет мекемелерiн аралап, жетiстiктерiне куә болып, бiрқатар кемшiлiктердiң де бетiн ашты. Ол кемшiлiктердi жою жолында қандай тiрлiктер қолға алынуда?
– Бүгiнде кемшiлiктердi жою бағытында жұмыс iстелiнуде. Мәдениет мекемелерiн жылыту және сапасыз музыкалық аппаратуралар бойынша да мәселелердi шешуге кiрiстiк. Облыс әкiмi зиялы қауымды, қаламгерлердi қолдау бойынша да тапсырма бердi. Алдағы жылы 25 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерi күнiнде оларға қолдау көрсетiледi. Өнер ұжымдарын шетелдерге шығарып, өнерiн көрсетсек, мәдени байланысты нығайтсақ деген жоспарымыз бар.
Өңiр басшысы зәулiм орталық музей мен көркемсурет галереясын салуға тапсырма бердi. Оңтүстiк мәдени ескерткiштерге бай өлке, келушiлер де көп. Францияның Лувр музейi секiлдi туристер облыс тарихымен сол музейден танысып шығуы керек. Сондықтан алдағы уақытта облыстың мәдени өмiрiнде үлкен серпiлiстер жасалады деген ойдамын.
– Соңғы кезде облыста дәстүрлi ән орындаушылардың бағы жанбай-ақ қойды. Халық әндерiн эстрадаға ыңғайлап айту, бiр туындыны үш-төрт әншiнiң бiрге орындауы секiлдi жәйттер орын алды. Өнердiң осы түрiне арналып байқау, фестивальдер өткiзiлмейдi...
– Дәстүрлi ән орындаушысы болғандықтан көтерген мәселеңiз көкейiме қонып отыр. Бiр ғана Оңтүстiкте емес, республикамызда төл өнерiмiздiң кенжелеп қалғаны рас. Елiмiзде дәстүрлi өнерге ендi ғана назар аударылып келедi. Желтоқсанның басында дәстүрлi ән орындаушылар мен термешi-жыршыларды қатыстырып, дәстүрлi өнер байқауын өткiземiз. Келесi жылдан бастап бұл байқауды тұрақты өткiзiп тұрсақ деген ойдамыз. Өзiм шетелдерде талай рет өнер көрсеттiм. Сонда байқағаным, Еуропаны симфониямен таң қалдырамын деу бос әурешiлiк. Оларды тек қазақтың төл өнерi – дәстүрлi ән-күймен таң қалдыруға болады. Қазақтың халық әндерiн тыңдаған шетелдiктер «Мынадай ән, музыка шығарған қазақтар қандай талантты халық» деп баға берген. Құрманғазы оркестрiнiң орындауындағы «Сарыарқа» күйiн тыңдаған олар «бұл қазақтардың гимнi ме?» деп сұрағанына өзiм куәмiн. Мәңгiлiк елдiң мәңгiлiк өнерi деп мен дәстүрлi әндер мен күйлердi айтар едiм.
– Уақыт бөлiп, сұхбат бергенiңiзге рахмет!
Сұхбаттасқан Үмiтхан АЛТАЕВА.