$ 498.55  524.28  4.75

«Shymkent city» іргелі орталықтың іргетасын қалайды

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында бой көтерген «Shymkent city» қаоашығы – Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан Орта Азиядағы ең көне қаланың жаңа тарихи бейнесін айшықтайтын болады. Осы орайда, жергілікті БАҚ өкілдеріне «Тұран» шағынауданындағы ауқымды жобаның құрылыс барысымен таныстырған қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров заманауи тұрғын және іскерлік орталығына арнайы экскурсия ұйымдастырды. Пресс-турға қала әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Нұралхан Оралбайұлының айтуынша, жобаның жалпы аумағы 427 гектарды құрайды. Бүгінде мұнда инфрақұрылым тарту және жол салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы саны 7 көше бойына аяқжолдар мен веложол жолақтарын салу қарастырылған. Яғни, мұндағы жолдардың орташа ені 3,5-4 метрге, ал жер полотносының ені 40-50 метрге жетеді. 

– Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарын толығымен аяқтау үшін бюджеттен 6,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Биыл оның 1,9 млрд теңгесі игерілді. Яғни, бұл жұмыстарды 2017 жылы аяқтау көзделуде, – дейді Н. Көшеров.

Пресс-турға қатысушылар ең алдымен, бірінші көше бойындағы жұмыстарды зерделеді. Мұндағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарын «Шымкентдорстрой» ЖШС-і жүргізуде. Өткен жылдың маусым айында басталған ауқымды жұмыстар 2017 жылдың соңына дейін толығымен аяқталуы тиіс. Жобаның сметалық құны 417 миллион теңгеге жуықтайды. 

– Көше бойының жалпы ұзындығы 1538 метрді құрайды. 4 жүру жолағы салынады. Биыл қаралған қаржының 131 миллион теңгесі игерілді, – дейді сала мамандары.

Бұдан бөлек, орталық аумағында бой түзеген алғашқы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы да аяқталуға жақын. 9, 12, 16 қабаттан тұратын жалпы саны 316 тұрғын үй ғимараты келер жылдың соңына қарай пайдалануға беріле бастамақ. Қуантарлығы, мұндағы пәтерлерге азаматтар «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы арқылы қол жеткізе алады.

Келешекте «Shymkent city» аумағы 70 мыңға таяу тұрғынды қамтитын болады. Сонымен қатар, 7 мектеп, 21 балабақша, 2 емхана ғимаратын салу жоспарлануда. Қаладағы ең үлкен спорт кешені, концерт залы және жалпы аумағы 62 гектардан асатын саябақ та осы жақтан орын тебеді. 

Осылайша, «Shymkent City» заманауи инфрақұрылыммен қамтылған, өмір сүруге және кәсіп жүргізуге қолайлы, жоғары заманауи стандарттарға лайықталған іргелі орталыққа айналмақ.

Жоба «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасының» шеңберінде жүзеге асырылуда. Ең бастысы, Шымкент қаласын ел аумағындағы үшінші мегаполиске айналдыру міндеті оң шешімін таппақ. 

Айта кетейік, кешен аумағындағы жаңа нысандардың құрылысы жеке инвестициялардың есебінен салынады.

"Шымкент келбеті"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары