$ 498.55  524.28  4.75

Шымкенттің «жасыл белдеуі» ұлғаяды

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысында атқарылып жатқан игі шаралар жетерлік. Солардың бірі – Шымкентті көгалдандыру жұмыстары. Бұл орайда облыс әкімдігінде аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен күзгі маусымда Шымкент қаласында отырғызылатын ағаш көшеттері бойынша жиын өтті. Отырысқа Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен салаға қатысты жауапты жетекшілер қатысты.

Жиында шаһар басшысы қаланы көріктендіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, жоспарларымен бөлісті. Ғ. Рахматоллаұлының мәлімдеуінше, қаладағы 4 аудан әкімдігіне қарасты саябақтар мен гүлзарларға, сонымен бірге, елдімекендерді қосатын жол бойлары, мектептер мен балабақшаларға, ауруханаларға және І санатты орталық көшелерге алдағы кезде 77 мың түптен астам жасыл желекті отырғызу жұмыстары екі кезеңмен жүргізілмек. Атап айтсақ, көлемі 22,5 га болатын саябақтар мен гүлзарларға 8 мың түптен астам қырым қарағайы мен шынар, липа отырғызылса, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарына қарасты аумақтарға 22 мың түптен астам қарағаш отырғызылады. Жұмыстарды «Шымкент – жасыл қала» мемлекеттік мекемесі жүргізетін болады.

Күздік көшеттерді отырғызу жұмыстары, сондай-ақ Шымкенттегі орталық даңғылдар мен көшелерде де қолға алынбақ. Яғни, қаладағы Темірлан тас жолы, Арғынбеков көшесі, Қонаев және Бәйдібек би даңғылы сынды 21 орталық көшеге 47 мың түпке жуық жасыл желек егіледі. Шаһардың көркіне көрік қосатын мұндағы ағаштар – туя (боз арша), легуструм, қарағаш, қырым қарағайы, каштан, терек, форзиция, үйеңкі сынды көшеттер.

Жиынды қорытындылаған Жансейіт Қансейітұлы Шымкенттегі жасыл желектердің өңір климатына сай болуы керектігіне назар аударып, аптап ыстықта сая болатын қылқанжапырақты ағаштарды көптеп егуді тапсырды. Көшеттердің басым бөлігін Қазығұрт ауданындағы «Жасыл желек» тұқымбағынан алуға нұсқау берген аймақ басшысы әр аптадағы сенбілік кезінде жоспардағы күздік көшеттерді отырғызып үлгеру керектігін баса айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары