Ата-бабаларымыз «Жер тарихы – ел тарихы» деп жер-су атауларына ерекше мән берген. Шын мәнінде елдің елдігін танытатын, халықтың болашағын айқындайтын – ономастикалық атаулар. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы, танымы, тағдыры елдімекен, жер-су атауларында жатыр. Бүгінде Шымкент қаласында атауы қайталанатын 7 мектеп, 7 шағынаудан, 100-ден астам көшенің атауын өзгерту қажет екен. Елбасы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында «Біз, Қазақстан, біртектілікке ұмтылуымыз қажет» деген еді. Біртектілік айналып келгенде, бір тілдің, бір ділдің айналасына шоғырлану ғой. Ендеше, жер-су атауларына қатысты біраз жағдайларды саралап көріп едік.
392 ұсыныс дайындалып жатыр
Тәуелсіздіктің 25 жылдығында қаншама елдімекендер мен көшелер, әлеуметтік нысандар бұрынғы атауын иеленіп, жаңа сипатқа енді. Ономастика саласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Дегенмен, өз шешімін күткен мәселелер де күн тәртібінде тұр.
Рас, «Атамның атын ауылға, көкемнің атын көшеге беру» принципін де тоқтататын сәт туды. Таяуда облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы ұйымдастырған «Оңтүстік өңірдегі ономастика мәселелері» атты аймақтық конференцияда біраз мәселе айтылды. Жиынға филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов, филолог ғалым Әмір Мұсақұлов сынды зиялы қауым өкілдері, қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің мамандары, көрші Жамбыл, Қызылорда облысының осы салаға жауапты мамандары да қатысып, ой бөлісті.
Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қасым Ағабеков алдымен атқарылған жұмыстарды баяндады. Мәселен, бүгінде облыстағы 185 ауылдық округтің 161-іне тарихи жер-су атаулары, 24-іне жеке адам есімдері берілген. 930 елді мекеннің 811-і тарихи жер-су атауларын, 107-сі жеке адам есімдерін иеленген. 12 шағынаудан нөмірленіпті.
11263 көшенің 4254-і тарихи-жер су атауларымен, 5796-сы жеке адам есімдерімен аталса, бәрі де «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне енгізілген.
Аудандық, қалалық әкімдіктерге атауын ауыстыруды қажет ететін, қайталанатын көшелер, елдімекендерге тарихи атауларға өзгерту бойынша тапсырма берілген. Мәселен, қазіргі уақытта Шымкент қаласының өзінен 392 ұсыныс дайындалып жатыр.
– Президент Әкімшілігі мен министрліктің әкімшілік-аумақтық бірліктер мен объектілерге жаппай кісі есімдерін беруді шектеу жөніндегі тапсырмасы бола тұра, аудан, қалалардан критерийге сәйкес келмейтін ұсыныстар әлі түсуде. Басқармаға ономастика мәселесі бойынша жыл басынан бері түскен 23 арыздың барлығы көшеге, елдімекенге, мекемелерге кісі есімін беру туралы ұсыныстар. Осыған сәйкес, әсіресе, білім, мәдениет нысандары мен ауылдарға, көшелерге кісі есімін беруге шектеу қою керек деп есептейміз, – деді Қасым Жақсылықұлы мәселелердің де барын хабардар етіп.
Шымкент қаласына Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан бірқатар елдімекендер қосылғаны мәлім. Енді, жұмысты одан әрі ширату керектігін түсінесіз.
«Фабричнаядан» қашан арыламыз?
Бұрыннан айтылып келе жатқан мәселенің бірі – тоталитарлық жүйеден қалған, ескі атаулардан әлі де болса арыла алмауымыз. Бұл бағытта да жүйеленуі тиіс жұмыстар жетерлік. Қ. Ағабеков өз баяндамасында бұл мәселелерден де хабардар етті. Қазіргі кезде атауы қайталанатын, моральдық тұрғыдан ескірген атауларды өзгерту қажеттігі туындап отыр.
Мәселен, 2 ауылдық округтің (Бәйдібек ауд. Қосақжар а/о,Түркістан қ. Сауран а/о), 14 елді мекеннің (Киров, Первомайское, Жданов, 40 лет Победы, Қаз ССР 40 жылдығы, Карл Маркс – Мақтарал ауд., Белый Дом, Орджоникидзе, Карл Маркс, Чичерино, Дмитров, М.Горький – Сарыағаш ауд., Манкент, Чапаево – Сайрам ауд), 270 көшенің (Бала бүргем 1, Геологическая, Мельничная – Кентау қ. Калинин тұйығы, Энгельс, Аптечная, Мехтупик, - Мақтарал ауд., Садовая, Зеленая, Инклап, Советтер – Сайрам ауд., Мақталы, Приканальная, Фабричная, Комсомольская, Коммунистическая – Шымкент қ.) атауын өзгерту басты назарда тұр.
Мемлекеттің, ұлттың сипаты ең алдымен оның тілі мен ономастикалық атауларынан көрінетіні рас.
– Ономастикаға жаны ауыратындар – ұлтқа жаны ауыратын адамдар. Қазір дүниетаным өзгерді. Біз бабалардың жолын ұстай алмадық. Облыс, аудандарда жер-суға адам аттары қойылып кетті. Бұрынғы уақытта бізде ауданның көлеміндегі нысандарға адамның аты қойылмаған. Кісі есімдері тек қана микротопонимдерге берілетін. Осы дәстүрден айырылдық. Біз таяу уақытта коммунистердің атының бәрін өшіреміз. Қазірден бұл мәселеге даярлық жасауымыз керек, – деді Мекемтас Мырзахметұлы.
Әмір МҰСАҚҰЛОВ, ф.ғ.к, профессор:
– Ономастикалық атаулар қазіргі таңдағы ең үлкен мәселе болып отыр. Бұл бағытта дұрыс жұмыстар да атқарылды, ағаттықтар да жіберілді. Қазіргі ономастика бөлімінің бастамасы дұрыс. Дегенмен, нәтижелі жұмысты жан-жақты халыққа тарату мәселесін ойлайық. Сараптаудан өткен еңбектерді көп тиражбен аудан-ауылдарға жіберіп, сол жердегі халыққа түсіндіру керек еді. Ол әлі жасалынған жоқ. Бұл болашақтың міндеті деп ойлаймын.
Халық – дана, халықтан білгір ешкім жоқ. Жалпы, жер-су аттарын қоюға келгенде халықпен ақылдасу керек. Біз бұрынғыларды еске ала отырып, кейінгі ұрпаққа мәңгі ел болып қалуды ойластырғанымыз жөн. Менің бір ұсынысым – облыс орталығына Абылай хан, Жәнібек, Керей сынды хандардың, одан бөлек, эпос-жырлардағы Алпамыс, Қобыланды батырдың, Еңлік Кебектің құрметіне де көше берілсе. Бұның жастарға берер тәрбиелік мәні зор.
«Ортақ тұлғалар барлық жерде бірдей ұлықталуы тиіс»
Қоғамдық көліктің кондукторлары ұлттық мүддеге салғырт қарайтынын да көріп, байқап жүрміз. Жұмысқа «84» бағыттағы автобуспен келеміз. Осы автобуспен қайтамыз. Күнделікті еститініміз осы жағдай: «Еуразия» аялдамасы маңынан мінгеннен кондукторымыз «Карл Маркс», «Бауман», «Полторацкий», «Некрасова» деп айқайлай жөнеледі. Әйтпегенде, Карл Маркс көшесі М. Х. Дулати деп, Некрасов көшесі Нәзір Төреқұлов болып аталғанына жиырма жылдан асты. Біз әлі сол сарқыншақтан арыла алмай келеміз.
Шымкент аумақтарының кеңейуіне байланысты бірнеше көшелердің атауы қайталатынын айттық. Бұл жағдайда құтқару саласының немесе жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмыстарында бірқатар мәселелер туындап жатыр.
Бұдан бөлек, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіптің мына пікірі де көпшілікке ой салары анық. «Бізде Махамбет тек Атырауға ғана тән сияқты, Тәттімбет – Қарағандыға ғана тән сияқты қабылданып жүр. Мәселен, неге Құрманғазының, Динаның ескерткіші Өскеменде, ал Тәттімбеттің ескерткіші Оралда тұрмайды. Қазаққа ортақ тұлғалар барлық жерде бірдей ұлықталып, құрметтелуі керек емес пе?» дейді белгілі журналист ономастика мәселесі қозғалған бір жиында. Бұған да назар аударатын сәт әлдеқашан жетті емес пе?!
Әрбір азамат үлес қосса...
Туып-өскен жеріміздің атауын бірізділікке түсіруге, мәселелерді шешуге әрбір азамат үлесін қосуы тиіс. Сонда ғана жағдай түзелмек. Бұл орайда елжанды азамат Қабыл Дүйсенбидің еңбегін айта кетсек. Қабыл Тұрарұлы 1990 жылдардан бастап Шымкент қаласындағы мемлекеттік тілдің ахуалын жақсартуға үлес қосқанын бүгінде көпшілік білер. Ол кісінің тікелей бастамасының, табандылығының арқасында (1993-2001 жылдары қалалық ономастика комиссиясының хатшысы болған) 20 жыл ішінде қаладағы 1 ауданның, 7 елдімекеннің, 40 шағынаудан мен 30 мектептің, орталық стадион мен 3 саябақтың, 2 алаң мен 7 даңғылдың және 600-ден астам көшенің атаулары қайта аталыпты. Міне, жанкештілік!
Дүниетаным өзгерді. Құндылықтар жоғалды дейміз. Мұндайда елдің әрбір азаматының бойынан мемлекетшілдік, ұлтжандылық байқалып тұруы керек.
"Шымкент келбеті"