Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Түркістан қаласына қарасты Ескі Иқан ауылында жаңа балабақша ашылды. Жекеменшік серіктестік аясында бой тіктеген бөбекжай 150 балаға лайықталып, салынған. Елдің азаттық тойымен қатар келген қуанышына тілшіміз Перизат Биназарқызы да ортақтасқан болатын.
Ескі Иқан ауылы - Түркістан маңындағы ең үлкен елдімекеннің бірі. Мұнда 16 мыңға жуық халық бар. Ауыл шаруашылығынан нәсіп тапқан. Мемлекеттік бағдарлама аясында іс жүргізіп жатқандары да баршылық. Солардың бірі міне, ауыл балаларына арнап, балабақша ашып отыр.
«Арзу» деп аталатын бөбекжайдың құрылысы 1 жылда біткен. 150 бала қабылдауға қауқарлы. Әзірге балабақша кезегінде тұрған 100 бала жылы ұясымен қауышты. Балалардың тәрбиесімен 33 қызметкер айналысады. Бағасы қалта көтереді. Мемлекеттік жеңілдік бар.
Ескі Иқан ауылы Түркістан қаласын Шымкентпен байланыстырып тұрған күре жолдың бойында орналасқан. Биыл елдімекен ішіндегі 1 жарым шақырым көше асфальттеліп, орталық көше жарықтандырылған.
Бір ғасырға татитын жетістігі бар 25 жылда ескіиқандықтардың да табысы толағай. Мемлекеттік қолдау мен ауыл тұрғындарының іске ептілігі талай мәселенің түйінін тарқатып келеді. Ілкімді істер әлі де жалғасын таба бермек.