Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты. Шымкенттегі Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты ұстаздарының абыройы асқақтады. Ұжым қызметкерлері ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай марапатқа ие болды деп жазады «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы.
Гүлшара Сапарбаева өмірінің 50 жылын білім саласына арнаған. Тоқырау жылдарға дейін мемлекеттік жоғары оқу орнында еңбек етіп, кейін жеке институттың шаруасын шалқытты. Шәкірт тәрбиелеуден жалыққан емес. Ол түлеткен мамандар қазір әр сала бойынша еңбек етіп жүр. Бүгінгі марапат - сол төккен тер мен үкілі үміттің ақталғаны. Мұндай марапат бірқатар мұғалімге де бұйырды.
Гүлшара Сапарбаева – Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының президенті
- 65 жылы бітіргелі осы білім саласынан шыққан жоқпын. Еңбек ардагері деген медаль берді. 7 ші нөмерлі. Ол өзіме де қуаныш, институтқа де қуаныш. Кеше әкімнің қолынан алдық, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шаңырақ көтерген бұл оқу ордасы да талай сыннан сүрінбей өтті. Алғашқыда небәрі екі мамандық бойынша маман даярлайтын. Қазір оның саны 15- ке жетті. Жыл өткен сайын оқу базасы нығайып, білім көрсеткіші жоғарылады.
Ерлан Оңласынов – Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының ректоры
- Былтырғы жылы студенттердің білімін сырттай бақылау бойынша, Қазақстан бойынша 8 ші орынға ие болдық. Биылғы көрсеткіш бойынша 20 ЖОО қатарына ендік. 105 институт ішінде. Бұл студенттердің білімінің жоғарылағаны.
Иә, соңғы 25 жыл елдің қоғамдық саяси, экономикалық, әлеуметтік ахуалына түбегейлі өзгеріс әкелді. Қазақстан 70-тен астам ұйымның беделді мүшесіне айналды. Халықтың өмір сүру ұзақтығы-72, туу көрсеткіші-62 пайызға артты. Соңғы бес жылда 1000-ға жуық кәсіпорын ашылды. 250 мың жаңа жұмыс орны пайда болды. Институт басшылығы осы орындарға қуатты кадр базасын дайындап, Қазақстанның қадамын қарышты етуге аянбай күш салуда.