Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков іс-сапармен Түлкібас ауданына келіп, елді-мекендерді аралады деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алдымен Түлкібас ауданы, Келтемашат ауылындағы аусымына 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты. Амбулатория құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Ақ Нұр-строй» ЖШС-нің өкілімен кездесіп, құрылысты сапалы аяқтауды міндеттеді.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков Састөбе поселкесіндегі аппаты деп танылған аурухана мен күрделі жөндеуді қажет ететін мәдениет үйінде болып, алдағы жылдары қаржы бөліп, аталған нысандарға құрылыс жұмыстарын жүргізуге құжаттарын дайындауды тапсырды. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Азаттық ауылындағы мәдениет үйі мен алдағы күні ел игілігіне берілетін Т.Рысқұлов ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысымен танысты.
Іс-сапардың жалғасы аудан әкімдігінде жалғасып, облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековтің қатысуымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ауданда атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды талқылау мақсатында жиын өткізілді. Жиында аудан әкімі Ә.Тұрғымбеков ашып, жүргізіп отырды.
Басқосуда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Түлкібас ауданында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімінің орынбасары Ж.Бектаева мен ОҚО Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Қ. Сүлейменов баяндама жасады. Жиында облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков қорытып, тәуелсіздіктің 25 жылдығы әрбір елді мекенде өткізілу қажет екендігі алға тартты. Сондай-ақ жиында өзекті мәселелер бойынша ОҚО білім, жастар, мәдениет, ассамблея саласының басшылары мен өкілдері өз ойларын ортаға салды.