Ел мерейін асырған мерекеде Оңтүстік Қазақстан облысында ақ алтынды аймақ атанған Мақтаралдағы Қызылқұм ауылының тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізді деп жазады «Хабар-24».
Егемендік алып, еңсесін тіктеген еліміздің ең басты мейрамы қарсаңында жасалған игі қадам - қарапайым халық үшін тамаша тарту болды. Әнипа апай күні кешеге дейін иінағашпен су тасып әуре-сарсаңға түсетін. Енді елді мекендегілердің еңсесі езілмейтін болды. Талайдан бері таза ауыз суды аңсаған ауылдың асыл арманы азаттықтың таңы атқан мерейлі мерекеде орындалып, мәре-сәре боп жатыр.
Әнипа Сағымбетова, көп балалы ана:
- Бұрын біраз ақса бірақ тоқтап қалатын еді әйтеуір. Сол аққан кезде таласып-тармасып алып қалатын едік, енді 24 сағат бойы ағып жатыр. Су жақсы таза су. Қуанып жатырмыз рахмет.
Ауылға ауыз су жүйесі сонау 70-ші жылдары тартылған екен. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Шіріген құбыр әр жерден тесіліп, жұрттың ескіні жамаумен есі кетіп келген.
Нұралы Әбішов, кәсіпкер:
- Егемендігіміздің 25 жылдығына сый болсын, әрі халыққа бір тарту болсын деп таза судан бастап өзіміздің компания қаржысының есебінен 40 миллион ақша шығарып таза суын бітіріп бердік. Халықтың қуаынышында шек жоқ. Ендігі мәселе депутат ретінде сол көгілдір отын мәселесі газды көтеріп жатырмыз. Оған да жобалардың бәрі жасалып жатыр.
4 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекен ішіндегі жалпы ұзындығы 25 шақырымнан асатын негізгі ауыз су жүйесі мен 45 шақырым ішкі орам толықтай жөнделген. Қазір әр үйдің ауласында таза су ағып тұр.
Шәурен Мәмбетов, ауыл ақсақалы:
- Көп үйде су ақпайтын еді. Барлық үйде су ағып, қазір қуанышқа бөленіп жатыр халқымыз. Бұндай тірлікке екінің бірі бара бермейді. Бұл Нұралы Әбішовтың өзінің адамгершілігінің барлығы халыққа деген жанашырлығы деп ойлаймын.
Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын?! Қараша жұрттың қамын жеген халық қалаулысы Нұралы Әбішов елге жасаған жақсылығын азаматтық борышы санайды.