$ 444.32  473.33  4.76

ОҚО-дағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейіне 15 жыл

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей де 15 жылдығын атап өтті. 2001 жылдың 2 қарашасында аталған рухани орталықтың іргесі қаланып, пайдалануға берілген болатын.

Музейдің екі залы бар. Соның бірі - «Тағзым» залында 30-32 жылдары атылған 2500 адамның аты жазылып тұр. Орта тұста «Репрессия» атты мүсін орналасқан. Ол сол жылдары адамзат тартқан азап пен қайғыны бейнелейді. Нысан құрылысын архитектор А.Найманбай жобалаған. Сондай-ақ, музейдегі портрет галереясында А.Байтұрсынов, М.Шоқай, М.Тынышпаев, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Т.Рысқұлов сынды арыстарымыздың бейнесі ілінген.

Музейдің басты мақсаты – кеңестік дәуірде қуғын-сүргінге ұшыраған алаш арыстары туралы тың құжаттар мен фото, видео-материалдар жинақтау болып табылады. Музей директоры Ханбибі Есенқарақызының айтуынша, жыл сайын рухани орталыққа 15 мыңдай адам келіп, экспонаттармен танысады екен.

Бүгінде музей қорында 15 мыңнан астам құжат бар. Олардың арасында көне суреттер мен хаттар да көптеп кездеседі. Жалпы, КСРО кезіндегі сталиндік қырғынның құрбандарының саны жүз мыңнан асады. Бұл тек қазақтардың ғана саны. Олардың қатарында кілең алаш қайраткерлері, ұлттың қаймақтары болды.

Айта кетейік, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аталған музей ұжымы алаш қайраткерлері басып шығарған "Ақ жол" газетін жинақтап, 10 томдық кітап етіп шығарды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары