$ 448.15  483.46  4.86

Ел бақыты - Тәуелсіздік

Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлайды.

Еліміз осынау 25 жылда нендей жетістікке жетті? Не ұттық, неден ұтылдық? Санаға салмақ, көңілге қуаныш, ойға ой қосатын дүние аз емес. Тоқтаусыз тіршіліктен түйгеніміз, зайырлы елдің теңдігі теңселген жоқ. Заң қызметкері ретінде ең алдымен республикамыздың халықаралық аренада өзге елдермен терезесі тең демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде өзін орнықтырды дер едім. Мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқығы мен бостандығы.

Мемлекет пен Заң - егіз ұғым. Ел дамуының барлық кезеңдерінде заң маңызды рөл атқарады. Қайнаған тіршіліктің күре тамырын адам деп білсек, заң оның айнасы. Өмір сүрудің алғышарты мен бағыт бағдаршамы. Егемен еліміздің еңсесі әлеуметтік ахуалмен айқындалса, бейнесі заңымен берік. Ал бұл салада прокуратура органдарының игі ісі мен мінсіз қызметі үлкен мәртебеге ие.

Тәуелсіз Қазақстанның прокуратурасы қандай? Конституциялық мәртебесі биік пе? Бұл сұраққа жауап іздеуге әрбіріміз құқылымыз. Ой салған дүниені тарқатып айтар болсақ, алдымен тарихқа тоқталу керек. Себебі кешегісін білмеген елдің бүгіні бұлдыр, болашағы бұлыңғыр.

Сонымен, прокуратура органдары жүйесінің реформалау кезеңі ҚР тәуелсіздігін алған сәттен басталды. Прокуратураның түрлі реформасы мен дамуы жаңа мемлекеттік құрылымның саяси және халықаралық құқықтық бағдардың негізгі қағидасына сәйкес жүзеге асырылды. Алғашқы жемісі де нышан беріп, жеңісі де көрінді. Нәтижесінде 1995 жылы 30 тамызда жалпы республикалық референдумда қабылданған конституциямызда "Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы" заңы бекітілді. Осылайша Конституцияның 83-бабындағы прокуратура туралы негізгі ереже дербес жүйе екендігін нақты бекітіп берді. Тәуелсіздіктің арқасында прокуратура конституциялық орнын еншіледі.

Мемлекеттілік пен заңдылықты жоғарыда айтқанымыздай, бір-бірінен бөліп жарып қарауға болмайды. Елбасына ғана есеп беретін және республика аумағындағы заңдардың, ҚР Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме дәл әрі біркелкі қолданылуын қадағалаушы республика прокуратурасы.

Сондай-ақ, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығының берік сақталуы, бұзылған жағдайда жауапқа тартылуы сынды міндеттерді мінсіз жүзеге асыруышы құқықтық тетік болып табылады. Зайырлылықтың әрбір жылында аталмыш орган Конституцияның заңына қайшы келетін тұстарды, тура емес құқықтарға қарсы шығып, әділдіктің салтанат құруын жіті қадағалап келеді. Бір сөзбен айтқанда, республика прокуратурасы өз өкілеттілігін Ата Заңымыздың аясында атқарып, Тәуелсіздік ұғымымен біте қайнасып келеді.

Қазақта өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ деген қанатты сөз бар. Тәуелсіздік - оңай жолмен келген жоқ. Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы көздеген арман-мұраты еді. Егемендікке қол жеткізу арқылы үлкен серпіліс алып, күшке күш қостық. Тау-тау қиындықты еңсеріп, асу-асу кедергіні бағындырдық. Бұл күнде әлем бізді полигонға қарсы шыққан ел, ядролық қарудан бас тартқан мемлекет ретінде біледі.

Тарихи мұра, мәдениет, тіл қайта жаңғырып, көп ұлттың баласы ұйысқан бірлігі бекем мемлекетке айналдық. Біз қазір қандаймыз? Болашағымызға сеніммен қарай алатын, зайырлы, өркениетті, индустриялық жаңғырудың даңғыл жолына түскен мемлекетпіз.  Бұл күнде Қазақстанның өзіндік үні, пікірі, мәртебесі бар.

Егеменді ел екенімізді жариялаған сәттен бастап, елді күтіп отырған көп өзгерістің көшін бастаушы тұлға керек еді. Оны халық таңдады да, сенді. Халықтың жақсы өмір сүруіне жол ашып, даму жолы мен үрдісін дұрыс болжап, стратегиялық мақсаттарын айқындап, ашық нарықтық экономикаға жол ашу жылдары тікелей Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың есімімен  байланысты.

Мемлекеттің бүгінгі келбеті, бастан өткерген сәтсіздіктері мен жеңісі де дәл осы тарихи тұлғаның ерен еңбегі десек артық айтпағанымыз. Республиканың қай жастағы азаматы болсын, тәуелсіздіктің тәбірігін татып, қамқорлығын сезініп келеді. Ұлттық құндылықтар мен жаңа заманның талаптарын үйлестіре отырып, дамушы мемлекет құру және оны дамыту аса көрегенділікті талап ететінін сіз де білетін боларсыз. Ендеше, бүгінгі күнімізге разылық білдіріп, тұғыры биік мемлекетіміздің тұтас азаматы бола білейік.

Қазақстан Республикасы. Естір құлақ пен көрер көзге "мемлекет" мағынасын беретін қарапайым ғана түсінік сияқты. Елдік пен теңдіктің, ұлт пен ұлыстың ұйыған ордасы, бабалар мұраты деген кең түсінікті бұл күнде әрбір жүректің сезіне бермейтінін жасырып қайтеміз? Ашық аспанымыздың астында еркін жүріп, түн баласы тыныш ұйықтап, қалаулы ісімізбен айналысып, әрекетімізден берекет тауып жүргенімізді ұмыту- кешірілмес кінә мен күнә боларын бір сәтке де ұмытпауымыз керек шығар. Иә, біз мемлекетпіз. Тәуелсіз еліміздің төрінде 25-ші жыл еркін тыныстап, тең құқылы азамат атанып жүрміз. Осы бір киелі ұғымның үдесінен шығу- әрбірімізге сын.

С. Төлендиев, Шымкент қаласы Еңбекші аудандық прокуратурасының аға прокуроры

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары