$ 445.66  474.58  4.78

Шымкентке келген туристер саны артқан

Ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында тағы бір жағымды жаңалық. Биыл шырайлы Шымкент шаһарына келуші туристердің саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда еселеп артқан. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен жиында айтылды.

Аталған жиынның күн тәртібінде туризмды дамытудың жолдары мен мүмкіндіктері қарастырылды. Күн тәртібіндегі мəселе бойынша қалалық кəсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Əсет Әбдіраханов баяндама жасады.

Ол өз сөзінде ағымдағы жылы шаһарға келуші туристер легі көбейгенін атап өтті. Өткен жылмен салыстырғанда биыл қаламызға келген туристер саны 4000 адамға артқан. Туризмді дамыту мүмкіндіктері ретінде Ə.Әбдіраханов «Шымкент Плаза» сауда орталығының, бес жұлдызды «Holiday Inn Shymkent» қонақ үйінің ашылуы, «Shymkent city» жобасының іске асырылуы, «Shymkent mall» сауда орталығының, жаңа əуежай мен темір жол вокзалының құрылысы, сондай-ақ Бадам өзені жағалауы мен Тоғыс су қоймасы оң ықпал еткенін, «Ескі қаланы» туристік аймаққа айналдыру қажеттілігін атап өтті.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 131 мамандандырылған туристік ұйым жұмыс істеуде. Оның ішінде 25 туроператор, 106 туристік агенттік, 2 балалар сауықтыру лагері, 41 туристік нысан мен 69 қонақ үй жұмыс істеп тұр.

Биыл Шымкентке келген туристер санының артуына қаладағы жаңа нысандардың ашылуы мен ірі халықаралық инвестициялық форумның өтуі себеп болған. Оның бәрі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жүзеге асты. Оның үстіне биыл Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы болып сайланды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары