Нұрлы жол 11.11.2016 сағат 13:30

Арман ӘЛИЕВ: «Тәуелсіздік мерекесіне тартуымыз көп»

Цирк – ерекше өнер. Көрерменді көркемдік пен сұлулыққа тәрбиелейді. Биік мақсат пен арманға қанаттандырады. «Оңтүстік Цирктің» қабырғасы қаланған күннен бастап, адамзат баласының қолынан бәрі келетінін дәлелдей бастады. 5 жылда биік белестерді бағындырған. Бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында цирктің директоры Арман Әлиевпен сұхбаттасқан едік.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

– Арман Махмұтұлы, мекеме жаңа аңдармен толығып жатыр. Жас абдандардың күтімі қалай?

– Бес жылдық мерейтойымызға орай, Шымкент зообағының басшысы Нұрғазы Бұхарбаев екі абданды сыйға тартты. Жас аңдарға ат қоюда қала тұрғындары белсенділік көрсетті. Сөйтіп біріне Шири, біріне Тано есімін бердік. Мағынасына келсек, шири африка тілінен 20, тано 5 деген ұғымды білдіреді. Бұл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына ерекше тарту болды. Қазір абдандардың жағдайы жақсы. Аң үйретушіміз Азиз алғашқы жаттығуларды үйрете бастады. Жаңа жыл қарсаңында аңдар алғаш рет манежге шығып, өнер көрсетеді.

– Циркте қандай жан-жануарлар бар? Аңдардың күтімі, манежге дайындығы жайлы әңгімелеп берсеңіз.

– Бізде екі арыстан, бір аю, алты жылқы, үш пони, екі итіміз бар. Кейбір адамдардан цирктегі жан-жануарларды қинап үйретеді деген сөзді естіп қаламыз. Бұл – өнерден бейхабар адамның сөзі. Өйткені жануарда адамның баласы сияқты санасы бар. Адам жүрегінің жылуын сезіп, жылы сөйлегенді түсінеді. Біздің үйретушілеріміз де аңдарды ешқашан ренжітпейді. Көңілін табуға, қолдан келгенше мейірімі мен қамқорлығын көрсетуге тырысады. Қыста суық тиіп қалмау үшін жылқыларды жерге жатқызбаймыз. Оларға үнемі ветеринарлық көмек көрсетіліп тұрады. Әртүрлі ауруларға қарсы екпе жасалады. Жануарларға күтушілер кезекшілікпен қарайды. Алдағы уақытта цирк аңдарын жолбарыс, тотықұс, маймылдармен толықтыру жоспарда бар.

– Ал көрермен Маймақ, Жайнақ, Мойнақ атты қонжықтардың өнерін қашан тамашалайды?

– Олар шетелдерде гастрольде жүр. Қазір үш қонжығымыз да манежге үйренді. Нөмірлерді орындау деңгейі қалыптасқан. Бұйырса, өнерін тамашалайтын күн алыс емес.

– Арман Махмұтұлы, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай, қаламызда бірқатар шаралар атқарылуда. Мерекеге дайындықтарыңыз қалай?

– Мемлекетіміздің тарихындағы маңызды мерекенің өтуіне өз үлесімізді қосып жатырмыз. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге байланысты облыс әкімі Б.Атамқұловтың төрағалығымен аудандар мен қалаларға, шалғайда орналасқан елдімекендердің тұрғындарына мәдени қызмет көрсету мақсатында облыстық өнер мекемелерінің гастрольдік іссапарлары ұйымдастырылған болатын. «Өнерім саған – ауылым» атты 25 гастрольдік іссапарды Оңтүстік Цирк ұжымы Ордабасы ауданы, Шұбарсу елдімекенінен бастады. Цирктік керуен облыстың барлық аудан, қалаларын қамтитын болады. Сондай-ақ 5 жылдыққа орай, жаңа қойылымдарға дайындық жүргізілуде. Оған Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздегі цирк ұжымдарынан халықаралық қызықты бағдарламалар ұйымдастырылуда.

– Ұжымда кадрдан тапшылық жоқ па?

– Қазір Қазақстанда 4 цирк жұмыс істейді. Жыл сайын 
Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің 2-3 түлегін жұмысқа қабылдаймыз. Бұрын маман тапшы десек, қазір ұжымымыз жас өнерпаздармен толығуда. Екі манежіміз әртістен босамайды. Қызу қарбалас пен дайындық жүріп жатыр. Бұрынғы басшылық қызмет атқарған достарым келгенде әртістерді көріп: «Осы күнді көрсек деп армандайтын едік. Бәрекелді!» – деп қуанады. Осы орайда, облыс әкімі Б. Бәкірұлының қамқорлығын айтып өткім келеді. Өңір басшысының қолдауымен материалдық-техникалық базамыз нығаюда. Жуырда екі автокөлік алдық. Шапитоға, шағын микроавтобусқа қол жеткіздік. Ал бес жылдығымызға ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз көп. Ұжымдағы өсіп келе жатқан жастарға, кәсіби әртістерге ризамын. Ұжымымыз жас болса да, кәсіби цирктермен үлкен додаларда иық тірестіріп, өнер көрсетіп жүр. Өткен жылы халықаралық «Шабыт» фестивалінде акробатика жанры бойынша бірінші орынды жеңіп алдық. Ал биыл халықаралық «Азия жаңғырығы» фестивалінде «Канат» нөмірімен әртістеріміз күміс жүлдені еншіледі.

– Гастрольге жиі шығасыздар ма?

– Оңтүстік Цирк өзінің труппасымен еліміздің бірнеше қаласында гастрольдерде болды. Жас ұжым болса да, шығармашылық деңгейіміз халықаралық цирктерден кем емес. Әуе гимнасттары және басқа жанрдағы өнерпаздарымыз бірқатар цирк әртістерінен көш ілгері тұр. Биыл Қарағанды қаласына гастрольдік сапармен бардық. Өнерпаздарымыздың шеберлігіне тұрғындар шын көңілден ризашылықтарын білдірді. Бірқатар әртістеріміз келісім-шартпен Қытай, Түркия, Египетте гастрольдік сапарда жүр. Яғни, цирк өнері кез келген мемлекетте бір ғана жерде болмайды. Оның үстіне айына жаңа қойылым қою мүмкін емес. Циркте бір қойылым қойылғаннан кейін бір жыл бойы оны айналдырып, көпшілікке көрсетіп шығуы керек. Ал бір қалада бір нөмірді қайталап қоя алмаймыз. Оған көрермен келмейді.

– Циркке көрерменді тарту жөніндегі ой-пікіріңізді білсек.

– Өнерге баланы мектептен бастап баулыған абзал. Циркке, театрға барған бала кейін өнер ордаларына барғысы келіп тұрады. Болашақта ата-ана болғанда перзентін өнермен тәрбиелейді. Ал жастайынан өнерге қызығушылығы жоқ адамның есейгенде де ықыласы болмауы мүмкін. Өйткені әлі күнге циркімізге, театрға келмеген, есігін ашпаған жандар бар. Сондықтан, өнер мен мәдениет ошақтарына баруға баланың бойын оқушы кезінен үйрету керек. Ал әрбір көрермен қойылымдарымыздан демалуы үшін барымызды саламыз.

– Кейде нөмір жиі қайталанады деген пікірді естиміз...

– Әрбір нөмір әнді фонограмамен айтатындай жеңіл жұмыс емес. Бір кісі осы сауалды маған қойды. «Сіз шпагатка отыра аласыз ба?» дедім. Ол екі айда да істей алмаймын деп уәж айтты. Цирк қойылымындағы кез келген нөмір жақсы шығуы үшін оған кемінде жарты жыл уақыт қажет.

– Өзіңіз де өнерден алыс емессіз. Жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

– Менің негізгі мамандығым режиссура және актер. Сондықтан кезінде әзіл әндерді де орындадым. Құқық қорғау органында полицей де болдым. Алайда цирк әлеміне келгелі өнерге құштарлық артты. Өз қызметімді жақсы көремін. Кабинеттен гөрі манежде жүргенді ұнатамын. Ендігі мақсатым актерлік шеберлігімді сынау. Екі метрден асатын еркін сатыға сақтандырусыз шығып трюктерді көрсетуге жаттығудамын. Дегенмен жеке шығармашылығымды да тоқтатпаймын. Әзірге көңілімнен шығатын ән таппай жүрмін.

– Еуропаның танымал Монте-Карлодағы халықаралық цирк фестивалінде бақ сынау ойда бар ма?

– Ол фестивальге қатысу үшін үлкен еңбек, мол тәжірибе қажет. Себебі, ол әлемдегі талабы жоғары әрі мықты доданың бірі. Оған ең үздік деген ұжым ғана қатысады. Монте-Карлодан алтын жүлде алу бақыт қой. Кім біледі, «Оңтүстік Цирк» Монте-Карлоның манежінде өнер көрсетіп жатса таңғалмаңыздар!

– Алдағы мақсаттарыңыз қандай?

– Біріншіден, «Шабыт» халықаралық фестиваліне абыроймен барсақ, жүлде алсақ деген ой бар. Содан кейін жаңа жылдық қойылымдарға дайындықты бастаймыз. Ұжымдық тапсырыстар қабылдап, қосымша қайырымдылық шаралар атқармақ ниеттеміз. Болашақта «Мұздағы цирк» нөмірін бағдарламамызға енгізуді жоспарлап отырмыз. Голландия, Малайзияға әртістеріміз өнер көрсетуге шақырту алып отыр. Мұның бәрі еңбегіміздің нәтижесі деп ойлаймын. Қазір Моңғолия, Қытай, Грузия елдерімен жақсы қарым-қатынастамыз. Өнерлі жастарды циркке тарту үшін балалардың өнер студиясын ашқымыз келеді. Негізгі мақсатымыз – Қазақ циркін дүниежүзіне таныту.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Құттыбике Нұрғабыл

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар