$ 444.32  473.33  4.76

Президент пәрменi — елдiң игiлiгi

Биыл барлық қазақстандықтар үшiн елеулi жыл. Елiмiзде тәуелсiздiк туының желбiрегенiне 25 жыл толады. Әлем жұртшылығына дербес ел ретiнде танылғалы берi көптеген табыстарға қол жеткiздiк. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев Қазақстанның биiк тұғырға көтерiлуiне елеулi үлес қосты. Елiмiздiң тыныштығы мен қауiпсiздiгi, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентiмiздiң жүргiзiп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесi.

Ширек ғасыр уақыттың iшiнде бағындырған белестерiмiз бен жеткен жетiстiктерiмiз аз емес. Ел егемендiгiмен етене болған Түркiстан шаһарында осыдан 20 жыл бұрын бой көтерген Қ.А.Ясауи атындағы оқу орны барша түркi жастарының ордасына айналды. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң ашылуы тәуелсiздiк тұсындағы биiк белес едi. Тарих бетiндегi ақтаңдақтар мен олқылықтардың орнын толтыруды қолға алып, Түркiстан қаласында бүкiл түркi халқының рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттi ашудың өзi Тұңғыш Президентiмiз Н.Назарбаевтың тiкелей атсалысуының арқасында жүзеге асқандығына халқымыз куә. Туысқан Түрiк мемлекетi де дер кезiнде өзiнiң бауырлас ел екендiгiн көрсетiп, бауырмалдық қолын соза бiлдi. Осылайша халықаралық дәрежедегi бiлiм ордасы қазақ сахнасына ендi. 1992 жылдан бастап басқа да шет мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайта түскен сәтте Түркия Республикасының Президентi Тұрғыт Өзал бiздiң аталған бiлiм ошағына арнайы келiп сәттiлiк тiлеген болатын. Бүгiнгi таңда ХҚТУ — Қазақстандағы халықаралық дәрежеге ие оқу ордасы.

Сауапты iстердiң ең үлкенi – көпiр салу десек, 2014 жылы Сырдария өзенiне үлкен көпiр салынып, «Ғасыр жобасы» халықтың қуанышына айналды.

Елбасы тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары бес мемлекет басшыларының басын қосып, Арал проблемасын алғаш рет халықаралық деңгейде талқылады. Нәтижесiнде  «Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу және Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтау» САРАТС жобасы дүниеге келдi. Жобаның алғашқы кезеңiнде Көкарал бөгетi тұрғызылып, Ақлақ су тоспасы салынды. Сырдария өзенiнiң арнасы реттелiп, Қараөзек, Әйтек тоспалары қайта жаңғыртылды. Кiшi Аралдың суы бұрынғы жағалауына жетiп, теңiз көлемi бес есе ұлғайды. Жобаның бiрiншi кезеңi теңiздiң су деңгейiн 38 метрден 42 метрге дейiн көтеруге, теңiздi аудан орталығына 53 шақырымға жақындатуға, аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға, өңiрдегi көлдер жүйесiн қайта қалпына келтiруге және жойылып кеткен ондаған балық түрлерiнiң қайта пайда болуына мүмкiндiк бердi. Балық аулау деңгейi айтарлықтай ұлғайып, балық шаруашылығы дами бастады. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Қазiр маусымдық жұмыстың өзiнде 3,5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. Сегiз зауыт жұмыс iстеп тұр. Жылдық балық аулау лимитi сегiз мың тоннаға дейiн жеттi. Үш мың тоннаға жуық өңделген балық өнiмдерi Евроодақ елдерiне тiкелей экспортталуда. Мұның барлығы да елдiң мерейiн көтеретiн жақсы жұмыстар. Аралдықтардың ендiгi үмiтi — ғасыр жобасының екiншi кезеңiнде.

Көксарай су қоймасы — Оңтүстiк Қазақстан облысында  Сырдария өзенiнiң оң жақ жағалауында, Шардара су қоймасынан 160 шақырым төмен, Көксарай ауылының оңтүстiгiнде орналасқан су қоймасы. 2008-2011 жылдары салынған. «Ғасыр жобасы» атанған су реттегiш Сыр өзенi бойындағы көптеген елдi мекендi тасқыннан қорғайды. Қыс айларында Шардара СЭС-та өндiрiлетiн электр энергиясы қуатын 20-25 пайызға арттыруға ықпал ететiн нысан.

Сырдан сусындап отырған Қазақстанның оңтүстiгiндегi шаруалар жазда суармалы судан тапшылық көрсе, қыс пен көктем айларында өзен жағасындағы жұртшылық тасқыннан қауiптенетiн. Су реттегiшiнiң құрылысына мемлекеттен 52 млрд. теңге бөлiнiп, екi жарым жылдың iшiнде далада көл пайда болды. Соның арқасында Сырдың төменгi ағысындағы суармалы жердiң аумағы 300 мың гектарға ұлғайды. Бөгет 45 шақырым жердi алып жатыр.

«Қазселденқорғау» басқармасының директоры Тоқтарбек Баймолдаевтың айтуынша, қойма секундына 500 текше метрден суды қабылдай бастайды. Содан кейiн 64 күннiң iшiнде су қоймасына 3 млрд. текше метр су жинайды. Жиналған су жазда егiстiктi суаруға жiберiлсе, су тартылғанда реттегiш маңы жайылымға айналады. Оған қоса, арнасы кеуiп бара жатқан Аралға жiберiлетiн ылғал мөлшерi де көбейе түспек. Жиналатын су мөлшерi Оңтүстiк Қазақстан мен Қызылорда облыстарын сумен қамтамасыз етуге толық жетедi. Көксарай су реттегiшi — Президенттiң елдi индустрияландыру бағдарламасы аясында салынып бiткен алғашқы жобаның бiрi.

Көксарай су реттегiшi — Сырдария-Нарын сағасында жатқан су қоймаларына қарағанда жобасы ерекше, күрделi құрылыс. Мұндай құрылысты жүргiзуге ерен күш қажет едi.

Жоба бойынша су сақтағыш қойма Сырдың бойында емес, онымен iргелес жатыр. Ол тап бiр су құятын ыдыс тәрiздi. Оған су қажет кезде Сырдариядан арнайы канал арқылы келiп құйылады. Одан кейiн реттегiш арқылы қайта Сырдарияға жiберiледi.

Жалпы, Көксарай су реттегiшiнiң елге берер пайдасын санамалап жатудың өзi артық. Ең басты пайдасы — Шардарадан Аралға дейiнгi аралықтағы Сырдың бойына қоныстанған елдi мекендердiң қауiпсiздiгi. Бұл елдi мекендердiң қатарында Қызылорда қаласы да жатыр. Көксарай Сырдария өзенi жағалауына қоныстанған елдi мекен тұрғындарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етумен қатар, көлдер мен суармалы егiстi сумен тұрақты қамтамасыз етедi. Көксарайдың құрылысы бiтпей жатып, көршi облыстың күрiшшiлерi өнiмнiң артқандығын айтқан едi. Ал, жалпы су қаупiнен сақтану үшiн миллиардтан астам бөлiнетiн қаржының үнемделiп отырғаны өз алдына. Сондай-ақ, қайтқан теңiзге толассыз су жiберiп, экологиясын жақсарту да үлкен ұтымдылық.

Су қоймасының құрылысы жергiлiктi халықтың әлеуметтiк тұрмысына да оң әсер етiп отыр. Көксарай су реттегiшi Арыс қаласының Байырқұм, Жиделi, Ақдала, Қожатоғай, Шөгiрлi сияқты ауылдарына жақын жатыр. Ғасыр құрылысына жұмылдырылған жалдамалы жұмысшылардың көпшiлiгi осы ауылдардың тұрғындары едi. Қазiргi уақытта нулы, сулы Көксарайдың бойын халықтың демалатын орнына айналдыру туралы ұсыныстар айтылуда. Елбасының өзi қолдап, оның құрылысын тiкелей бақылауына алған Көксарай мемлекетiмiздiң игiлiгiне, елдiң қауiпсiздiгi мен экономикасына қызмет ете бермек.

Елбасының тапсырмасымен соңғы жылдары жүзеге асқан ғасыр жобаларының ауқымдысы – «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» транзиттiк магистралi жолы. Ол — өткен ғасырлық Ұлы жiбек жолының қазiргi заманға лайықталған баламасы.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзит дәлiзiн салу идеясының авторы – Президент Н.Назарбаев. Ең алғаш 2008 жылы 6 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында осы жобаны нақты жүзеге асыруды ел үкiметiне мiндеттедi. Дәл сол жылы 22 қыркүйекте Ресей Федерациясының, 2009 жылғы 16 сәуiрде Пекинде ҚХР Коммуникация министрлiктерi арасында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлiк дәлiзiн құру жайында меморандумға қол қойылды. Ел экономикасына пайдасы тиедi делiнген транзиттiк бұл дәлiз Санкт-Петербург қаласынан басталып, Ұлы Жiбек жолының бойында жатқан Қазақ даласын көктей өтiп, Қорғас кеден бекетiнен Қытай асады.

Жолдың жалпы ұзындығы 8445 шақырым болса, оның 2233 шақырымы Ресейдiң, 3425 шақырымы Қытайдың еншiсiне тиесiлi. Ал қалған бөлiгi Қазақстан аумағында. Қазақстан бойынша Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарын қамтиды. Ұлы Жiбек жолының бойында құм астында тұншыққан Отырар, Сайран, Сауран, Тараз, Алтынтөбе тәрiздi көне шаһарлар қаншама? Өз дәуiрiнде өркениеттiң шыңы болған бұл қалаларды бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы салынар болса «өлген қалалар» тiрiлiп, туристердiң «көз құртына» айналарына сенiм мол.

Жоғарыда атап өткенiмiздей, бұл тас жолға үлкен үмiт артылып отыр. Елiмiздiң транзиттiк мүмкiндiгiн арттыруға бағытталған мегажоба экономикаға серпiн беруi тиiс. «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» құрлықаралық дәлiзi Транссiбiр темiржолы мен Суэц каналы арқылы өтетiн  теңiз жолымен салыстырғанда жүк тасымалдау үшiн төте жол болмақ. Егер теңiз жолын пайдаланғанда жолға 45 тәулiк кетсе, Транссiбiр темiржолы арқылы 14 тәулiк кетедi екен. Ал, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық дәлiзiмен Ляньюнгань портынан Еуропа мемлекеттерiнiң шекарасына дейiнгi жолға кететiн уақыт 10 тәулiктен аспайды. Бұл 2020 жылы жүк тасымалының көлемiн 2,5 есе ұлғайтуға мүмкiндiк бередi. Яғни жылына 54 миллион тоннаға дейiн  жүк тасымалдауға мүмкiндiк бар. Жоба жүк тасымалын Қытай – Қазақстан, Қытай -- Орталық Азия және Қытай – Ресей – Батыс Еуропа бағыттары бойынша тасымалдауды қамтамасыз етедi.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлiк дәлiзi тек Батыс пен Шығысты байланыстыратын «Ұлы Жiбек жолының» заманауи көрiнiсi мен жалғасы ғана емес, ол сонымен қатар, елiмiздiң саяси имиджiне тiкелей оң ықпал жасайтын, елдiң ертеңiн еселейтiн маңызы зор жоба болып табылады. Ғасыр құрылысының облыстың тiршiлiгiне тың серпiн бергенi анық.

Мемлекет басшысының тiкелей тапсырмасымен басталған тағы бiр алып жоба — «Бейнеу – Бозой - Шымкент» газ құбыры Қазақстанның оңтүстiгiн газға тәуелдiлiктен құтқарады. Ол — Қазақстанның тәуелсiздiк алғаннан бергi ең iрi инфрақұрылымдық жобаларының бiрi.

— Бұл Қазақстанға өте қажеттi құбыр  желiсi болып табылады. Бiздiң бүкiл оңтүстiк аймағымызды газға тәуелдiлiктен арылтады, ел өзiмiздiң газды пайдаланатын болады. 15 миллиард текше метр газ құбыр желiсi Бейнеуден Бозойға қосылғаннан кейiн берiледi. Бұл газ құбыры Бейнеуден Шымкентке дейiн жеткiзiледi. 1,5 миллион адам өзiмiздiң Қазақстан газын пайдаланады, артығын Қытайға сатамыз. Сондықтан бұл құрылыс жылдам бiтуi, шапшаң қолданысқа енуi керек, -- деген болатын Елбасы Н.Назарбаев аталған газ құбырының басталуына байланысты ұйымдастырылған тiкелей телекөпiр барысында.

Магистральдi газ құбырының бағыты Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстары арқылы өтедi. «ББШ» МГҚ  жобасының құны -- 3,6 млрд. АҚШ доллары. Газ құбырын салуға 3 800-ге жуық адам қатысуда, олардың 90 пайызы -- қазақстандық мамандар.

Ақтөбенiң Шалқар ауданында Бозой деген ауыл бар. Осы ауылда газ құбырының құрылысы басталды. Халықты отынмен қамту жобасы сонау Маңғыстаудың Бейнеуiнен басталып, осы Бозой арқылы әрi қарай Қызылорда мен Шымкентке жылжиды.

«Бейнеу - Бозой - Шымкент» газ құбыры қазiргi күнi елдегi барлық газ магистральдарын бiрегей iшкi желiге қосып, алғаш рет отандық газды елдiң оңтүстiгiне жеткiзуге мүмкiндiк бередi. Мұндай қадамға баруға «Нұрлы жол -- болашаққа бастар жол» бағдарламасының ықпалы зор. Қазақстан мен Қытай арасындағы ымыраластықтың арқасында отандық «көгiлдiр отынға» қол жеттi. Өйткенi, «ҚазТрансГаз» АҚ мен Қытайдың «Trans-Asia Gas Pipeline Co Ltd» компаниясы бiрiккен кәсiпорын құрды. Ынтымақтастық келiсiм аясында «Бейнеу – Бозой - Шымкент» магистральды газ құбырының құрылысы жүзеге асуда. Бұл ел игiлiгi үшiн атқарылып жатқан iс. Ендi Түркiменстан мен Өзбекстанға тәуелдiлiктен арылтады.  

Аталған жоба аясында 577 елдi мекен табиғи газды тұтына алатын болды. Таратар болсақ, Қызылорда аймағы — 176, Жамбыл облысы — 60, ал, Алматы өңiрiнде — 111 ауыл «көгiлдiр отынмен» қамтылады. Оңтүстiк Қазақстан облысы аймағы арқылы өтетiн газ құбырлары құрылысының ұзындығы — 264 шақырым. Құбырдың шеңберлiк диаметрi - 1220 мм. Облыс аймағындағы магистральды газ құбырлары арқылы пайдаланылатын болжамды жылдық табиғи газ мөлшерi жылына — 749,4 млн. текше метр. Бұл жүйе бойынша 9 дана АГРС (автономды газ тарату стансасы) салынады.

«Бейнеу – Бозой - Шымкент» газ құбырының құрылысын аяқтауға шетелден инвестиция тартылды. «ҚазТрансГаз» АҚ Қытай банктерiнен 2,5 млрд. АҚШ доллары көлемiнде  несие алуға уағдаласты. Қазақстандық компания аталған қарызды 2028 жылға дейiн қайтаруы керек.

«Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары