$ 447.4  477.55  4.76

Ұлт ұстыны – ұрпағы

Жуырда М.Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнде облыстық ардагерлер кеңесiнiң ұйымдастыруымен «Ұлтын ойлаған ұрпағын түзейдi» тақырыбы бойынша жастармен кездесу форумы өттi. Іс-шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған.

Кездесуде «Ұлтын ойлаған ұрпағын түзейдi» тақырыбында облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты Жеңiсбек Мәуленқұлов, «Ұрпақ сабақтастығы – баянды болашақ кепiлi» тақырыбы бойынша М.Әуезов атындағы университеттiң доцентi, саяси ғылымдар кандидаты Сәуле Рысбаева баяндама жасады.

 Шымкент қалалық бiлiм бөлiмiнiң басшысы Ж.Тәжиева қазiргi кездегi мектеп оқушыларының тәртiбi мен тәрбиесi жөнiнде бiрқатар мәселелер қозғап, алдағы уақытта «Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе» деген қағиданы ұстана отырып, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу жолында қалт кетпеу керектiгiн еске сала кеттi.

 Жастарды отансүйгiштiкке баулу, Елбасы Жолдауларындағы мiндеттер мен «Мәңгiлiк Ел» идеясын насихаттау бағытын ұстанған форум қорытындысы бойынша облыстық ардагерлер кеңесi мен аға буын өкiлдерi өңiрдегi жастар ұйымдары мен оқушы-студент жастарға үндеу жариялады.

«Ұлтын ойлаған ұрпағын түзейдi» атты форумның Оңтүстiк Қазақстан облысындағы жастар ұйымдары мен оқушы-студент жастарына

ҮНДЕУI

Құрметтi жастар!

Бүгiнде Қазақстан Республикасы табысты және қарқынды даму үстiнде. Биыл елiмiздiң егемендiк алғанына ширек ғасыр толып отыр. Бұл уақыт – даму, өсу, өркендеу және кемелдену жылдары. Елiмiздiң өркендеп дамуына жастардың қосқан үлесi мол деп бiлемiз. Қазақы салт-дәстүрдi берiк ұстанып, елдiктi биiк тұтқан киелi Оңтүстiктiң жалынды жастары әрқашан жасампаз идеялардың қызу қолдаушылары мен iске асырушылары болып табылады.

 Бүгiнде Қазақстан Республикасы – ұлттардың бiрлiгiне негiзделген саясатты ұстанатын, азаматтық теңдiктi және тiлдердiң үш тұғырлығын, толеранттылықты, халқымыздың бай тарихи мұрасы мен мәдениетiн насихаттап отырған өресi биiк ел. Қазiргi жағдайда елiмiздiң әрбiр азаматы өз елiнiң иесi екендiгiн сезiнуi, елдiң экономикасының дамуына, оның бiлiмi мен мәдениетiнiң өркендеуiне үлес қосуы қажет. Отанына деген сүйiспеншiлiк, өз елi үшiн адалдық, талапты және табанды еңбек ету – әрбiр жас патриоттың өзгермейтiн қасиетi болуы тиiс. Отаншыл, ұлтжанды, өз елiн мақтаныш ететiн жастар бiздiң мемлекетiмiздiң болашағы.

«Мәңгiлiк Ел» идеясы – бүкiл Қазақстан халқын бiрiктiрушi әрi ұйымдастырушы рухани күш және әлеует. Бүкiл қазақстандық жастар осы идея аясында бiрiгiп, жұдырықтай жұмылып, ел мүддесi мен мақсатына еңбек етуi қажет.

 Ендiгi бiздiң мақсатымыз – қолда бар мүмкiндiктердi пайдаланып, елiмiздiң дамуына үлес қосу. Жастар өнегелi тәртiбiмен, бiлiм мен ғылымды игеру арқылы ел дамуына ықпал етедi. Елбасы «Мәңгiлiк Елдiң ең басты сипаттарының бiрi– ғылым мен бiлiм» деген болатын. Ел тәуелсiздiгi, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы деген құндылықтар мәңгi жасай бередi.

Баршаңызды татулықты ту етуге, сол жолда салауатты, парасатты, ата-баба мұрасына адал болуға шақырамыз!

ОҚО ардагерлер кеңесi.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары