$ 448.56  478.03  4.79

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болып өтті. «Тәуелсіздікке тарту» деп аталған акция аудан азаматтарының қысқы қамын мықтап жасауға септігін тигізіп отыр. Шараға жергілікті кәсіпкерлік бөлімі мұрындық болды деп хабарлайды «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы.

Аталмыш жәрмеңкеге Отырар ауданына қарасты 13 елдімекеннің шаруалары өндірген жергілікті өнімдері ұсынылды. Өзге сауда орындарынан 20 пайызға арзандатылған өнімдердің сапасы да жоғары. Жергілікті тұрғындар да игі істің жиі көрініс тапқанын калайтын көрінеді.

Талғат Жақашов – отырар ауданының тұрғыны:

- Жәрмеңке үшін аудан әкімдігіне рахмет. Мынау Тәуелсіздік тойына қарсы өткізіліп жатыр ғой, Тәуелсіздігіміз баянды болған. Қуанып жатырмыз, арзан бағада тауар алып. Бұл енді өте жақсы ғой, халыққа тиімді. Үнемі өткізіліп тұрса дейміз.

Ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп тауар өндірушілерінің жәрмеңкесіне жиналған жұрттың қарасы қалың. Барлығы да арзандатылған отандық өнімге қызығушылық танытуда. Жергілікті шаруалардың өнімдерін насихаттауды мақсат тұтқан шара алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Ержан Оралбай – отырар аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Бұл жерге ауылдардағы яғни, біздегі 13 ауылдың шаруалары өнімдерін әкеліп отыр. Арзан өте төмен бағада. Басқа сауда орындарынан мысалы, базардан 15-20 пайызға төмен. Біз осы жәрмеңкені дәстүрге айналдырмақ ниеттеміз. Жыл соңына дейін тағы бір рет өткіземіз деп жоспарлап отырмыз.

Бұл күні тары-талқан, қауынқақ, қауынқұрт, ет-сүт және бақша өнімдері секілді күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары аудан халқының үлкен сұранысына ие болды. Аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасы тауар өндірушілер мен сатып алушылардың көңіл-күйін көтере түсті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары