$ 443.85  474.3  4.8

Президент және сот билiгi

Тәуелсiздiктiң ширек ғасырында елiмiздегi сот билiгi ауқымды өзгерiстердi бастан өткердi. Халықаралық стандарттарға негiзделген реформалар түзiлiп, мемлекет үшiн маңызы зор құнды құжаттар қабылданды. Мемлекет басшысы сот жүйесiнiң даму бағыттарын белгiлеп, уақыт талабына сай батыл да жаңа қадамдар жасауға ықпал еттi.

Елбасы 1994 жылы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк құқықтық реформа туралы» қаулы қабылдады. Бұл құжатта судьялардың дербестiгi мен тәуелсiздiгiне кепiлдiк берiлдi. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғаудың заңдық-құқықтық алғышарттары жасалып, Қазақстандағы сот жүйесi бiр арнаға тоғысты. Сөйтiп, сот тәуелсiздiгi заманауи реформаларға сай қамтамасыз етiлдi. Осы жылдары жаңа Азаматтық iс жүргiзу және Қылмыстық iс жүргiзу кодекстерiнiң қабылдануы нәтижесiнде сот iсiн жүргiзудiң алғашқы заңдық тетiктерi қаланды.

Бұдан кейiн сот реформасын одан әрi жетiлдiруде 1995 жылы  қабылданған Конституциямыздың маңызы зор болды. Мемлекет басшысы аталған Конституцияның сот жүйесiн дамытудағы рөлiн «Сот әдiлдiгiн шын мәнiнде әдiлеттi және риясыз жүргiзуге сот корпусын қалыптастырудың Конституцияда көрсетiлген тетiктерi септiгiн тигiзедi» деп нақтылап бердi.

Осы Ата Заңымызда жергiлiктi жердегi соттарды сайлаудың орнына, ендi оларды Президент тағайындайтыны, ал, мұның өзi олардың тәуелсiздiгiн жергiлiктi жерлердегi әкiмшiлiк ықпалдан қорғайтынын, ал, Жоғарғы соттың судьялары Президенттiң ұсынысымен Парламент Сенатында сайланатыны ең жоғары заңдық тұрғыда айқындалды.

Президент 1995 жылы сот жүйесiн дамытудың негiзiн қалаған тағы бiр құжатқа – «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесi туралы» Конституциялық заң күшi бар Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлыққа сәйкес, Жоғарғы сот Кеңесi мен Әдiлет бiлiктiлiк алқасы құрылды. Конституцияға сәйкес, төрелiк соттар таратылып, олардың функциялары жалпы юрисдикция соттарына берiлдi. Осылайша, сот жүйесiнде мемлекеттiк билiкке қажеттi барлық атрибуттар елiмiздегi сот төрелiгiнiң талаптарға сай орын алғанын көрсетедi.

Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезiнде Мемлекет басшысы атап өткендей,  адамдар өз мәселелерiн шешу үшiн айлап-жылдап билiк дәлiздерiнде жүгiруге тиiс емес. Заң бұзылған жағдайда адам сотқа баруы тиiс және сол жерде өз құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына сенiмдi болуы керек. Барлық өркениеттi елдерде осылай. Демек, кез келген сот реформасының түпкi мақсаты – судьялардың адалдығы мен кәсiбилiгi, әдiлдiк және әдiл сотқа қолжетiмдiлiк болып саналатын тәуелсiз және сатылмайтын сот билiгi.

Елiмiзде азаматтардың сотқа сенiммен қарауын, соттардың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету үшiн соттарды мамандандыру, сот практикасына озық үлгiдегi ақпараттық технологияларды енгiзу бағытында тұрақты жұмыстар жүргiзiлдi. IT-технологиялар негiзiнде барлық жерде сот барысының бейне және үнжазбасы жасалуы, онлайн режимiнде өтiлуi адамдардың сот билiгiне деген сенiмiн арттырады. Мұның өзi Елбасымыздың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының Конституцияға сәйкес iске асуы, халықтың әлеуметтiк жағдайын жақсарту, ел бiрлiгiн сақтау саясатымен үндеседi. Бұл жолда сот жүйесiне маңызды мiндеттер жүктелдi.

Мысалы, облыстық сотта сот жүйесiнiң ашықтығын, жариялылығын, қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған «Сот кабинетi» электронды iс жүргiзу сервисi сотқа жүгiнушiлермен өзара iс-қимылды жеңiлдетiп отыр. Яғни, бұл сервис бойынша талап-арыздарды, апелляциялық, кассациялық шағымдарды, өтiнiш-хаттарды сотқа электрондық нұсқада беруге болады. Сондай-ақ, баж салығын төлеуге де мүмкiндiк бар. Сотқа шақыру қағаздары да сот процесiне қатысушыға электрондық түрде жеткiзiледi. Тағы бiр қызмет түрi – «Сот құжаттарымен танысу» сервисiнiң арқасында азаматтардың сот iстерiне қатысты мәлiметтерге қол жеткiзуi. Яғни, бұл қызмет бойынша азаматтар электронды сот құжаттарын қарай алады, оларды сотқа бармай-ақ алуына болады. 

Президенттiң судьяларға жүктеген басым мiндеттерiнiң бiрi – елiмiздiң сот жүйесiне түпкiлiктi енген Алқабилер институты. Аса ауыр қылмыстарды алқабилердiң қатысуымен қарау 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi. Бұл сот төрелiгiн халық өкiлдерiнiң қатысуымен ашық әрi шынайылықпен жүргiзудiң нормаларын айқындап берген заңды құжат болды. Осынау маңызды салаға Алқабилер институтының енгiзiлуi сот реформасындағы iлкiмдi қадам деуге болады. Қылмыстық сот өндiрiсiне алқабилердiң қатыстырылуы заңмен бекiтiлдi. Бұл қадам халықтың сот билiгiне деген сенiмiн арттырғаны мәлiм. Сондықтан халық өз құқығын тек заң арқылы қорғай алатынына көзi жетiп, сотқа бұрынғыдан да көбiрек жүгiне бастады.

Заңға ғана бағынатын қоғам, заң үстемдiгiн қадiрлейтiн ел ғана алға жылжиды. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 11 қадам сот жүйесiнiң қызметiне тiкелей қатысты. Ұлт жоспарының 16-қадамын iске асыру мақсатында 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап сот төрелiгiн жүзеге асырудың үш буынды жүйесiне көшу бекiтiлдi. Жаңа үш буынды сот жүйесiнiң құрылымы мынадай: бiрiншi саты – аудандық (қалалық) және оларға теңестiрiлген соттар (ауданаралық, экономикалық, әкiмшiлiк, ювенальдық, гарнизондардың әскери соттары); апелляциялық саты – облыстық және оларға теңестiрiлген соттар (Астана мен Алматы қалаларының соттары, Қазақстан Республикасының Әскери соты); және кассациялық саты – Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты. Бұдан бұрын кассациялық саты облыстық деңгейде де болатын, ал, Жоғарғы сот қадағалау функциясын жүзеге асырып келдi. Қазiр кассациялық саты облыстық соттардан шығарылып, Жоғарғы соттың сатысы ретiнде бекiтiлдi. Ал, Жоғарғы соттың қадағалау алқасы таратылды. Бұл елiмiздiң сот жүйесiн халықаралық стандарттарға сәйкестендiру мақсатында жасалды.

Тағы бiр елеулi жаңалық, Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында Жоғарғы сот «Медиация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне медиация мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобаларын әзiрледi. Өйткенi, сот төрелiгiн баламалы негiзде халықтың өзiн қатыстыра отырып жүргiзу – шынайылық пен әдiлдiктiң және жариялықтың тиiмдi тәсiлi. Президент қоғам қажетсiнген осы заңға 2011 жылғы 29 қаңтарда қол қойғаны баршаға мәлiм.

Сот жүйесiнде медиация институтының қолданылу аясын кеңейту, қоғамды тұрақты дамыту және ұзақ мерзiмдi өзара ынтымақтастықты орнату мақсатында Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмi аппаратының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы, әдiлет департаментi, облыстық сот, адвокаттар алқасы, нотариаттық палата арасында меморандумға қол қойылды.

Бұл меморандум дауларды сотқа дейiнгi және соттан тыс реттеу институттарын жан-жақты дамыту және белсендi енгiзу, татуластыру рәсiмдерiн атқарушылық iс жүргiзу барысында қолдану, сондай-ақ, атқарушылық жазбаларды жазуды кеңiнен пайдалану мәселелерi  бойынша өзара iс-қимылды нығайту аясында бiрлесiп қызмет етуге бағытталған.

Қазiр Қазақстанда дербес сот билiгi құрылды деп айтуға толық негiз бар. Судьялардың қоғам қажеттiлiгiне сай сот төрелiгiн жүргiзу жауапкершiлiгi, кәсiби деңгейi мен қызмет этикасы нормаларын сақтауы бағытында iс-шаралар атқарылып келедi.

Қорыта келгенде, 25 жылда Елбасының бастамасымен сот реформаларын жүргiзу аясында көптеген жұмыстар жүргiзiлдi. Сот жүйесiнiң абыройын көтерiп, қоғамның сенiмiн арттыратын мұндай реформалар әлi де жалғасын табады деп  үмiттенемiз.

Қанатбек ДОСАЛИЕВ, Жоғары жаңа технологиялар колледжiнiң директоры, заң ғылымдарының докторы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары