$ 443.85  474.3  4.8

«Тәуелсiздiктiң 9128-шi нұрлы таңы құтты болсын!»

Шымкент шаїарындағы «Асар» шағынауданы – Елбасы Н.Назарбаевтың сырттағы қазақтарды елге шақыруының арқасында дүниеге келген елдi мекен. Соңғы үлгiдегi 2200 орынды 2 мектеп, 280 орынды 3 балабақша, ауылдық-дәрiгерлiк пункт, полицияның тiрек пунктi – бәрi тәуелсiздiктiң жемiсi. Бiрақ басты мерекемiздiң көбiнесе Жаңа жылдың көлеңкесiнде қалып кете беретiнi жанымызға батып жүрдi. Оның қадiр-қасиетiн жас ұрпақтың санасына сiңiре берудi өзiмiзден бастайық деген оймен мектеп дәлiзiнiң төбесiне «Тәуелсiздiктiң ..... нұрлы таңы құтты болсын!» деген табло жасатып қойдық. Мысалы, бүгiн, 2016 жылдың 22 желтоқсаны күнi табло 9128 күн болғанын көрсетiп тұр. Өзiмiздiң радиоторап бiрiншi сабақ басталардан 10-15 минут бұрын: «Тәуелсiздiгiмiздiң тоғыз мың бiр жүз жиырма сегiзiншi нұрлы таңы құтты болсын!» деп хабарлайды. Күнде осылай!

Бiз шәкiрттерiмiзге «таңертең ұйқыдан тұрған соң әкеңiз бен анаңыздың, одан соң өзiңiзден үлкен әпке, ағаларыңыз болса олардың да қолын алып, көзiне күлiмсiреп қарап тұрып, дәл осы тiлектi айтып, «Қазақ елi мәңгiлiк ел болсын!» деп сәлем беретiн болыңыздар» деп үйретемiз. Балалар соған дағдыланып қалды. Өзiмнiң немерелерiм таңертең жуына салып маған жүгiрiп келедi. Алдымен үлкенi, сосын кiшiлерi бiрiнен кейiн бiрi кезекпен дауыстап сәлем бередi. Мен олардың әрқайсысының арқасынан қағып, маңдайынан сүйемiн: «Айтқаның келсiн, айналайын! Елiмiз  мәңгiлiк ел болсын!» деп аталық батамды беремiн. Мен бұл тiлектi естiген сайын рухтанамын...

Мектептегi кез келген iс-шара: «Құрметтi ұстаздар! Құрметтi оқушылар! Тәуелсiздiктiң бүгiнгi нұрлы таңы құтты болсын!» деген тiлекпен басталады.

Бiз неге бұлай етемiз? Осы күнге жеткен бар, жетпеген бар. Қолымыздағы құндылықтың бағасына жетпей жүрген жандар  қаншама?  Тәуелсiздiкке жете алмай жүрген ұлттар қаншама?!

Осыдан үш жыл бұрын Қытайда болдым, отыз мың ұйғырдың тәуелсiз мемлекетi жоғын көзбен көрдiм. Ұйғырлар қалың қоныстанған ауылдарда көп қабатты үйлер салынып, оларға ұйғырларды қытайлармен араластырып қоныстандырып жатыр екен...

Мұны көрген мен үшiншi күнi кешке 32 қабатты қонақүйдiң төбесiндегi серуен құратын алаңға шығып алдым да, Жұбан Молдағалиевтiң «Мен – қазақпын» поэмасының екi шумағын еркiмнен тыс, қайта-қайта айтумен болдым:

          Мен – қазақпын, мың өлiп, мың тiрiлген.

          Жергөгiмде таныстым мұң тiлiмен.

          Жылағанда жүрегiм күн тұтылып,

          Қуанғанда күлкiмнен түн түрiлген!

          Мен – қазақпын, биiкпiн, байтақ елмiн.

          Қайта тудым, өмiрге қайта келдiм.

          Мен мың да бiр тiрiлдiм қайта өлмеске —

          Айта бергiм келедi, айта бергiм!

Қанша айтқанымды бiлмеймiн, әйтеуiр, шаршап барып тоқтадым...

Қасым Атабаев, Шымкент қаласындағы №89 мектептiң директоры.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары