$ 444.22  476.38  4.82

Әділ Әуелбеков: Кентаудың білім саласы 25 жылда үлкен жетістіктерді бағындырды

Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қалалық білім бөліміні басшысы Әділ Әуелбеков тәуелсіздік жылдарында кентаулық білім саласында орын алған жетістіктер жайында айтып берді. «Оңтүстік Қазақстан» газетіне берген сұхбатында бөлім басшысы қаладағы мектептер мен балабақшалардың жайына да тоқталған.

– Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай бiрқатар жобалар iске асты. Мәселен, қалалық бiлiм бөлiмiне қарасты 6 бiлiм мекемесiне (М.Әуезов атындағы №22 мектеп-гимназиясы, Ә.Бөкейханов атындағы №23, Хантағы ауылындағы Абай атындағы №5 және А.С.Пушкин атындағы №6, Ащысай ауылындағы Ж.Жабаев атындағы №7 және М.Горький атындағы №8 жалпы орта мектептерi) күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi. Ол үшiн 4 бiлiм ордасына – республикалық бюджеттен, екеуiне облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлiндi. Сонымен  қатар Байылдыр ауылындағы апатты жағдайдағы С.Қожанов атындағы №9 жалпы орта мектептiң көне құрылысының орнына жаңа үлгiдегi, заманауи талапқа сай келетiн 200 орынды ғимарат салынып, 1 қыркүйекте пайдалануға берiлдi. «Балапан» бағдарламасы аясында ескi ғимараттағы «Ёлочка» балабақшасы күрделi жөндеуден өткiзiлiп, «Ертөстiк» деген жаңа атаумен қайта ашылды, - дейді Ә.Әуелбеков.

Оның айтуынша, биылғы оқу жылының басты жаңалығы жаңартылған бiлiм мазмұнына көшу болып отыр. Келесi оқу жылынан бастап 2, 5, 7-сыныптар жаңа бағдарламаға көшетiндiктен, қазiрден бастап дайындық жұмыстары жүргiзiлуде. Осы орайда келесi жылы жаңартылған бiлiм мазмұны бойынша сабақ беретiн ұстаздарды қайта даярлау, бiлiктiлiгiн арттыру жұмысы қолға алынуда. Сонымен қатар биыл бiтiрушiлер үшiн де жаңалығы мол жыл болғалы тұр. Бұл бағытта оқушыларды қорытынды аттестаттауға және жоғары оқу орындарына түсу емтихандарына даярлау жұмыстары қызу жүргiзiлуде.

— Кентау қаласының аумағындағы 51 бiлiм нысанының  23-i — орта бiлiм, 4-уi — мектептен тыс, 24-i мектепке дейiнгi бiлiм беру мекемесi. Қазiргi таңда 22 типтiк мектеп ғимараты бар. Тәуелсiздiк жылдары қаламызда 6 апатты жағдайдағы мектептiң орнына типтiк үлгiдегi жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берiлдi және 14 бiлiм мекемесi күрделi жөндеуден өттi. Сонымен қатар 3 балабақша жаңадан салынып, 23 мемлекеттiк және 1 жекеменшiк, 4 шағын орталық 4770 баланы қамтып отыр, - деп сөзін түйді бөлім басшысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары